Аймақтар • 29 Шілде, 2020

Есірткі еккен тұрғын жауапқа тартылды

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының полицейлері қарасора еккен және есірткі сатқан күдіктілерді ұстады. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Есірткі еккен тұрғын жауапқа тартылды

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түлкібас АПБ-нің полиция қызметкерлерімен бірлесіп,  кезекті қарасора егістігін жойды. Мәселен, полицейлер Түлкібас ауданы тұрғынының үйінің бақшасынан құрамында есірткі заты бар алты түп өсімдік тапқан. Оған қоса тінту кезінде жедел уәкілдер, күдіктіден өсімдік тектес ерекше иісі бар үш орама затты тәркіледі.

Айғақты зат ретінде алынған есірткі түптері  мен орамалар сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, құрамында есірткісі бар өсімдіктің түптері  "қарасора" болып шықты, ал орамаларда "кептірілген марихуана" сақталған. Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 70 гр асты.    

Аталған жайт СДТТБТ-ғаға ҚР ҚК-нің екі бабы бойынша тіркелді: 300-бап "Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" және 296-бап "Өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу". Полиция қызметкерлері ер адамның үйінде есірткі заты бар өсімдіктерді қандай мақсатта өсіргенін және қандай мақсатта сақтағанын анықтауда.

Ал, Мақтаарал ауданында тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынға есірткі сатқан күдіктіні ұстады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Мақтаарал АПБ-нің полицейлері ауыл тұрғындарының біріне бес мың теңгеге ішінде есірткісі бар сіріңке қорапшасын сатқан ер адамды құрықтады. Айғақты зат ретінде жедел уәкілдер сіріңке қорабын алып, сараптамаға жіберді. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі затының салмағы үш грамм марихуананы құрады.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.