Қоғам • 30 Шілде, 2020

Ғарифолланың есімі тізімге неге кірмеді?!

2003 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әйгілі әнші, Қазақ КСР-нің ха­лық әртісі Ғарифолла Құр­манғалиевтің есімі Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен ономастикалық тізімнен сызылып тасталған көрінеді. Қа­зақ­станның батыс өңіріне тән Мұхит ән мектебінің ірі өкілі, 1934 жылы Алматыға кел­геннен бас­тап бүкіл өмірін өнерге арнаған, жүздеген шәкірт даярлаған қайраткер ұстаз, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, аңызға айналған Ғарекеңе – Ғарифолла Құрман­ғалиевке қиянат жасау деген ойдың өзі ақылға сыйымсыз көрінеді.

Ғарифолланың есімі тізімге неге кірмеді?!

Мәселенің мәнісі

Оқиға былай болған екен: Ғарифолла Құрманғалиевтің туған жері – Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Сөйтіп, жаңарған мәдениет ошағына әйгілі әншінің есімін беру туралы ұсыныс айтылады. Аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің №17 санында «Мәдениет үйіне Ғари­фолла есімі сұранып тұр» деген тақы­рыппен мақала жарияланып, оны аудан халқы да түгел қолдайды. Бірақ осы тұста республикада бекітілген арнайы ономастикалық тізімге Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі кірмей қалғаны белгілі болады. Бұл, әрине, талай жұрт­тың наразылығын тудырды.

– Біздің қолымызда Қазақстан Рес­­публикасы Мәдениет министрлігі ұсы­нып, Премьер-Министрдің Каби­нетінде бекітілген арнайы тізім бар. Онда 345 адамнан тұратын тарихи тұл­ға­лардың тізімі, 380 жер-су атауы беріл­ген. Міне, осы тізімде Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі жоқ екені рас. Біз өз тарапымыздан бұл тізімді толықтыру туралы ұсынысымызды бердік, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің бас маманы Ізбасар Жұмағали.

 

Қобыланды бар, Ер Тарғын жоқ...

Біз, әрине, министрліктің тізімімен мұқият танысып шықтық. «Ұлы даладан» басталып, Қостанай облысы аумағындағы тарихи жер атауы Ырыс­томарға дейін созылған тізімге Батыс Қазақстан өңірінен Бекетай құмы, Жайық, Деркөл, Тақсай, Тас­төбе, Ша­ған, Хан тоғайы атаулары еніпті. Ал көне дәуірлерден кү­ні бүгінге дейінгі ұлт тарихында есімі қалған тұлғалар тізі­мі б.з.д. VII ғасыр­дағы Тұран елінің әйгілі билеу­шісі Алып Ер Тоңғадан басталып, Олимпиада чемпионы Анатолий Храпа­тый мен Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке дейін жеткен. Яғни тарихтағы хандар мен би-батырлар, өнер иелері мен қо­ғам қайраткерлері, спорт саңлақтары да қамтылған. Тізімдегі ешбір тұлғаға қар­сы уәж айта алмайсыз.

Бірақ бұл тізімді халқымыздың арғы-бергі тарихында барлық тұлға­лар қамтылған, ешкімді алып-қосуға болмайтын ақырғы ақиқат деп айтуға да кел­мейді. Мысалы, бұл тізімде қазақ­тың батырлар эпосын­дағы Алпамыс пен Қобыланды кір­гені­мен, Ер Тарғын қа­лып қойған.

Белгілі ақын-ағартушы, ұлттық баспасөздің басында тұрған тұлғалар­дың бірі, Алашорда қайраткері Ғұмар Қараш та бұл тізімге кірмей қалған.

«Көкірегінен әсем әннің

көк мұхи­тын шайқаған,

Ей, Ғареке!

Қасиетті қазына жыр, байтақ ән!»­ ­
– деп Төлеген Айбергенов жырға қос­қан қазақ ән өнеріндегі құбылыстың бірі Ғарифолла Құрманғалиевтің де ұмыт қалғанын жоғарыда айттық.

Әрине, ономастика мәселесінде мем­лекеттік бақылау, идеологиялық нұс­қаулық керек екендігі сөзсіз. Бір кез­дері «атамның аты – ауылға, кө­кем­нің аты – көшеге» дегендей өрес­кел оқиға­лар да көбейіп кеткен­дігі шындық. Жоғары­дағыдай тізім осын­дай орынсыз оқиға­ларды болдырмау үшін жасалғаны да сөзсіз.

Бірақ, мұндай тізімдер «айттым – бітті, кестім – үзілді» дегендей қа­тып қалған қасаң қағида болмауы қа­жет қой. Осы іспен айналысатын тиісті лауазымды мекемелер мен жауап­ты адамдар орынды ұсыныстарды ес­ке­ріп, тізімді толықтырып, халық пікі­ріне де құлақ асып отырса дейміз. Әйт­песе Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі республикалық тізімнен қайта-қай­та сызылып қалуы, жергілікті және республикалық БАҚ бетінде жа­рия­ланған наразы мақалаларға тиіс­ті министрліктің назар аудармай, мәселенің мәнісін түсіндіріп жауап бер­­мей отырғаны Президентіміз айтатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келмейтіні түсі­нікті. 

 

Ел пікірі ескерілгені жөн

Жалпы, ономастика мәселесіндегі олқылықтар тек қана жоғарыдан кетіп жатқан жоқ. Мәселен, жоғарыдағы тізім еліміздің әр өңірінен жолданған ұсыныстардың негізінде жасалатыны анық. Ендеше, кейбір елге белгілі тұлғалардың тізімге енбей қалуы – ұсы­нушы жақтың әлсіз аргументі мен табансыз позициясынан болуы да мүмкін.

Айта кетейік, «жоғарыдан келген тізім» жергілікті мекемелер мен маман­­дардың ауызды қу шөппен сүртіп, шөп ба­сын сындырмай отыра беруіне де жол ашты.

Өзіміз анық куә болған бірер жайт еске түседі. Батыс Қазақстан об­лысының Ақсай және Орал қала­сында Жолбарыс батыр Торы­ұлы­ның атына көше беру туралы ұсы­ныс жиырма жылдан бері ес­керусіз қалып келеді. Жолбарыс Торы­ұлының XVIII ғасырдың тари­хи тұл­ғасы екенін, қазақ-орыс қаты­нас­тарында үлкен орны болғанын Ш.Уә­лиханов атындағы тарих және этно­логия институтының сол кездегі бас­шысы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлт­тық Ғылым академиясының кор­­респондент-мүшесі Хангелді Әб­жанов ресми хаты­мен бекітіп берген. Батырдың сауыты Бөрлі аудандық музейінде сақтаулы тұр. Жолбарыс Торыұлының зираты Қазақстанның киелі жерлері тізіміне еніп, «өңірлік қасиетті нысан» атанған. Бұған қоса Ақсай қаласының Чингирлауская көшесінің 157 тұрғыны, Орал қаласын­дағы Жұлдыз шағын ауданының аты жоқ шағын ғана №9 көшесінің 59 тұр­ғыны тиісті жиналыс өткізіп, хаттама толтырып, өздері тұратын көшеге Жолбарыс батырдың есімін беруді сұраған. Берілмеді. Ең басты уәж – үкіметтік тізімде жоқтығы.

Қазталов ауданына қарасты Көкте­рек ауылының мектебі ұжымы осы білім ордасын ашып, іргетасы қала­ған Сақып Ақбаевтың есімін сұрап жүргеніне де талай жыл болды. Сақып Ақбаев – 1880-1956 жылдары өмір сүр­ген қазақтың алдыңғы толқын мұға­лім­дерінің бірі. 1949 жылы Ленин орденімен марапатталған, 1955 жы­лы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұға­лімі атанған ағартушы, аңызға ай­нал­ған ұстаз. Көктерек тұрғындары, әсі­ресе ұстаз­дың тәлімін алған аға буын Сақып Ақбаев­тың парасаты мен адамгершілігін аңыз етіп айтады. Қарап тұрсақ, ауыл мектебіне есімін беруге әбден лайық-ақ тұлға.

Дәл осындай мұғалім, Алаш көсем­дерінің бірі Жаһанша Досмұ­хамедұлына сабақ берген Құрбанғали Сүйербаевқа Жымпиты ауылынан көше беру туралы халық ұсынысы да әлгіндей себептермен іске аспай келеді.

Мінеки, көріп отырғанымыздай, бас­қа жерді қайдам, Батыс Қазақстан облы­сында «осы өңірден шыққан тарихи тұлғаларды ұлықтауға орталық би­лік үнемі кедергі жасап отыр» деген көз­қарас қалыптасып келеді. Бұл жақсы емес.

 

Мәселенің шешімі

Сонымен, Қаратөбе аудандық мә­дениет үйіне Ғарифолла Құрман­ғалиев­тің есімі беріле ме?! Бұл мәселе қалай шешілмек?

– Елді мекендер мен көшелерге, ме­кеме-ұйымдарға атау беру, кісі есімін берудің өзіндік тәртібі бар. Ол үшін Қаратөбе мәдениет үйінің ұжымы жиналыс өткізіп, хаттама толтырып, қолдаушылар қолын қойып, тиісті құжаттарды бізге ұсынуы керек. Бізге мұндай құжат түскен жоқ. Ал Ғарекеңнің есімі үкімет бекіткен ресми тізімге енбей қалуы – жөндеуге болатын, кездейсоқ кеткен қателік деп ойлаймын, – дейді Ізбасар Жұмағали. 

Ізбасардың айтуынша, жақында ономастика мәселесі бойынша заң талаптарына өзгеріс енгізілуі мүмкін. Яғни ауыл мен аудан деңгейіндегі атау­­ларды қою, өзгерту, қайта атау құзі­­реті облыс деңгейінде, облыстық әкім­­­дік пен облыстық мәслихаттың бір­­лес­кен ше­шімімен жүзеге асуы ық­тимал көрі­неді.

Осы мақаланы жазу барысында Ғарифолла Құрманғалиевтің немересі, Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Меруерт Құрманғалиеваға да хабарластық.

– Иә, мемлекеттік тізімге Ғарифолла Құрманғалиевтің енбей қалуы мені де алаңдатып отыр. Болашақта атамыздың мұрасын, еңбегін насихаттауда, түр­лі байқауларды өткізуге кедергі бо­­лар ма екен деп уайымдаймын. Б­ү­гін­де Ғарифолла Құрманғалиевтің атын­­да Алматы қаласында берілген шағын көшеден басқа ештеңе жоқ. Шығар­малары да талан-таражға ұшырауда. Мысалы, атамның өнердегі серігі Жүсіп­бек Елебековтің есімі олар қоян-қолтық бірге қызмет еткен Ал­маты эстрада студиясына берілді. Оно­мастикалық тізімге де енгізілген. Өнер адамдарын бұлай алалауға болмайды ғой, – дейді Меруерт Санатқызы.   

 

Батыс Қазақстан облысы