Кезекті кейіпкеріміз – компьютерлік томография маманы, радиолог-дәрігер, медицина ғылымының PhD докторы Бақыт Сержанқызы Дүйсенбаева. Елімізде тапшы мамандықты таңдауына бала кездегі әкесінің ақылы әсер етіпті. Сержан Бөрібекұлы қызына: «Дүниеде үш түрлі мамандық маңызды. Біріншісі – мұғалім, білім іздемейтін адам жоқ; екіншісі – дәрігер, ауырмайтын жан жоқ; үшіншісі – аспаз, тамақ іздемейтін жаратылыс жоқ. Осылардың бірі болсаң, елге пайдаң тиеді, өзің де ұтасың», деген екен. Оған қоса кейіпкеріміздің анасы да дәрігер, сондықтан осы жауапты сала оған бала күннен таныс болды. Қолға алған әрбір істе адал, ілім-білімге, ізденуге, кітап оқуға құштар болуды үйреткен ата-анасы еңбекте де, өмірде де өзіне үлгі. Соның айғағы болар, Бақыт Сержанқызы еңбек жолын Қазақ мемлекеттік медицина академиясының 4-курсында оқып жүргенде анасы жұмыс істейтін Президент Іс басқармасының медициналық орталығында қарапайым санитар болып бастаған. Кейін флюорография бөлімінде тіркеуші, 6-курсты тәмамдаған соң рентген-зертханашы болып жұмыс істеді. Медициналық академияны бітіргеннен кейін аталған орталықта және Ұлттық ғылыми кардиохирургияда, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығында дәрігер болып еңбек етті. Ал қазір жекеменшік клиникада жұмыс істеп жүр. Қызметін ауыстыруына мемлекеттік мекемедегі мардымсыз жалақы мен әлі де түп-тамырымен жойылмаған бюрократизм түрткі болған көрінеді.
«Мен шетелдерге түрлі гранттармен оқуға және тағылымдамадан өтуге бірнеше рет бардым. Сонда салыстырасың ғой. Мәселен, Американың Солтүстік Каролина штатындағы Дюк университетінде болғанда (Duke University) жұмыстағы жүйелілікке куә болдым. Дәл осы жүйелілік мамандардың ғылымға келуіне, кәсібилігін арттыруға ықпал етеді. Біз басты да, жүректі де, қандай органды түсіріп, диагнозын жазу керек, бәрін істей береміз. Былайша айтқанда, бізден әмбебап болуды талап етеді. АҚШ-та кардиорадиолог тек жүректі қарайды, басқасына бас қатырмайды. Жүректің ерекшеліктерін зерттеп отырып, кенет басты түсіріп кетесің. Осыдан соң нақты һәм нәтижелі ғылым қайдан болсын», дейді Б.Сержанқызы.
Ал Англияда 3 ай оқығанда кейіпкерімізді дәрігерлерге деген құрметтің жоғары екені және ғылыммен айналысатын дәрігерлерге қолдаудың көптігі қызықтырыпты. «Қарапайым көзқарас пен қарым-қатынастың өзі көп нәрсені шешеді. Ашығын айту керек, Қазақстанда білімді болып тұрсаң да саған қолдау көрсете бермейді. Бір мысал, мен көрген Англияда профессор өзінің ассистентін немесе қатардағы қызметкерді өзімен тең дәрежеде көреді, сөйлеседі, қабылдайды. Түсінбеген нәрсе болса, сұрақ туса, ерінбей түсіндіреді. Бізде деңгейлік төмендету бар. Бұл өз кезегінде тәжірибесі мен білімі көп адамнан бойындағы барын алып қалуға, одан үйренуге кедергі болып тұрады. Бұдан бөлек жұмыстағы жағдай да мықты мамандарды шетелдерге тартады. Елімізде әншейін кем-кетігіңді, кішігірім құралдарыңның жоғын, жетіспейтінін директорға жеткізудің өзі қиын. Басшылар көбіне проблеманы шешудің орнына сол мәселені көтерген адаммен алысып кетеді», дейді радиолог-ғалым.
Дәл қазіргідей індеттің алдын алуға және вирустың бар-жоғын анықтауға компьютерлік томографияның үлесі зор болып тұр. Себебі түр-өңін өзгертуге бейім вирусты анықтауға тест-жүйелердің қауқары жетпей жатыр. Бұл туралы «COVID-19: Тесттің өзін тексеру керек» атты мақаламызда кеңірек тарқатқанбыз. Сондықтан көп адам КТ жасатуға мәжбүр. Ал маусым айында КТ-ға кезек күрт көбейді. Мемлекеттік медицина мекемелеріндегі КТ аппараттарының саны жеткіліксіз болғандықтан, көбі жекеменшік клиникаларға қаралып жатыр.
«Біз әр 10 күн сайын ПТР тестін тапсырып отырмыз. Жақында әріптесімнен ПТР тест-жүйесі арқылы коронавирус анықталды. Бірақ ол өзін өте жақсы сезінеді. Ешқандай белгілері де білінбейді. Содан КТ-ға түсті. Өкпесі сап-сау, яғни еш өзгеріс жоқ. Мұндай мысалдар көп. Бір пациент өзін тым нашар сезінеді, әлсіреп, тіпті дем жетпей жатады. КТ өкпесінің тек 40 пайызы ғана зақымданғанын көрсетеді. Бірақ дәл осындай нәтиже көрсеткен екінші науқас жағдайы жақсы адамша, тек аздаған жөтелмен жүреді. Сондықтан КТ көрсеткіштері дәл қазір соңғы шешім шығаруға және дұрыс диагноз қойып, емдеуге негіз болып отыр», дейді Б.Сержанқызы.
Дәрігер-ғалымның ойынша, сәулелік диагностика саласында жаңалыққа жаны құмар және әрдайым ізденісте жүретін жандар ғана жоғары нәтижеде жұмыс істей алады. Себебі техника мен технология заманында жыл сайын емес, тіпті күн сайын өзгерістер орын алып отырады. Қысқасы, маман заманға ілесе алуы керек. Енді дами бастаған 90-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында аталған салада небәрі 10-ға жуық маман болса, қазір олардың саны елімізде 100-ден асады. Бірақ осы 100 маманның өзі 18 млн-нан аса халқы бар Қазақстанға аздық ететіні анық. Медицина саласында оқып жүрген студенттер де мұндай мамандықты таңдай бермейтін көрінеді. Осындай түйткілдің түйінін тарқатуды көздеген кейіпкеріміз мемлекеттік медициналық орталықта жүргенде клиника тарихында болмаған нәтижеге қол жеткізіп, резидентура ашып, студенттерді осы мамандыққа тартқан.
Ізденуді жаны сүйетін кейіпкеріміз Еуропалық және Солтүстік Америка радиологтарының қауымдастықтары ұйымдастыратын виртуалды кездесулерге аталған халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде үнемі қатысып, шетелдік әріптестерімен кеңесіп, тәжірибе алмасып отырады. Себебі ғылым күнде өзгеретінімен қызықтырады. Отандық әріптестері мен ғалымдарды да жадынан шығармаған Б.Сержанқызы – қазақстандық Жас ғалымдар альянсының (YRA – Young researchers alliance) белді мүшесі. Кейіпкеріміз альянстың ғылыми орта қалыптастырып, әріптестікте жұмыс істейтін мамандар табуына себепкер болғанын айтады. Ол аталған альянс мүшелігіндегі нанотехнолог мамандармен бірлесіп, жаңа технологияның жетістіктерін сәулелік диагностикада нәтижелі қолдану төңірегінде зерттеу жүргізген. Әрі осы жұмыс жөнінде арнайы ғылыми мақала жазып, оны импакт факторы жоғары халықаралық журналға жолдап та қойыпты.
Ол – Орталық Азия бойынша бірінші болып PhD докторы атағын алған әзірге жалғыз әйел-радиолог. Scopus базасындағы журналдарға ғылыми мақалалары жариялаған, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында 3 бірдей жаңа әдісті қолданысқа енгізген, Аустрия, Чехия, Америка, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Хорватия сынды елдердегі көптеген халықаралық ғылыми-конференцияда баяндама жасаған, Денсаулық сақтау саласының үздігі, сондай-ақ көптеген тезистердің және бірқатар ғылыми еңбектердің авторы, білікті шәкірттері бар ұстаз. Ең ғажабы, кейіпкеріміз – еліміздің демографиясына үлес қосып, үш ұл, бір қызды өмірге әкелген ана. Б.Сержанқызының айтуынша, отбасылық өмірмен қатар жауапкершілігі зор жұмысты алып жүруінде ата-анасымен бірдей қолдау көрсетуден танбай келе жатқан жолдасының еңбегі орасан. «Мен босанғанда 3 апта ғана үйде отырдым, содан соң жұмысқа шығып кеттім. Жолдасым қызметімнің қоғам үшін аса маңызды екенін түсініп, әрдайым жетістікке жетуге, кәсіби шыңдалып отыруыма ата-анаммен теңдей көмектесті. Мен шетелдерге кеткенде әке-шешем балаларыма уайымдамай, алаңсыз оқу оқуыма жәрдемдесті. Осы жақындарымсыз алға бір қадам да жылжымаушы едім», дейді.
Кейіпкерімізбен сөйлесіп болғанда, қос тостағанымызды бір жуып алдық. Өйткені ол үш апта бұрын Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдай жағында жұмыс істейтін асқар тау әкесінің аты жаман індеттен қайтыс болғанын қабырғасы қайыса жеткізді. Өмірдегі ең асылынан, биік шыңынан, шамшырағынан айырылғанына көп болмаса да жұмыста жүр. Сонда ішімізден: «Өзінен бұрын өзгенің өмірін ойлап, қоғамға, елдік, мемлекеттік мүддеге қызмет қылу да шаңырақтағы тәрбиеден, отбасынан басталады екен-ау» деп ой түйдік. Ал біз осындай кең жүректі жандарды арамызда жүргенде бағалай алып жүрміз бе?..