Руханият • 31 Шілде, 2020

Ұлық мейрам

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін әлем мұсылмандарымен қатар қазақстандық жамағат та Исламдағы ең ұлық мереке – Құрбан айт мейрамын қарсы алып, оның алғашқы күнін ерекше ықыласпен атап өтуде.

Ұлық мейрам

Құрбан айт мейрамы биыл пандемия жағдайында ұйым­дас­тырылып отыр, нақтылай айтқанда қалыптасқан ахуалға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасы бойынша мешіттерде Айт намазы оқылған жоқ әрі осы мерекеге қатысты дәстүрлі жөн-жоралғыларға, діни рәсімдерге ислам шарттарын сақтай отырып аз-кем өзгерістер мен шектеулер енгізілді. Мұның бәрі халық денсаулығын сақтау, қорғау мақсатында қолға алынғандықтан, халқымыз ҚМДБ шешімдеріне қолдау білдірді.

Айтулы мерекеде Қазақстан мұсыл­ман­дары риясыз пейілмен, Жаратқанға деген биік сеніммен Алла жолында құрбан шалып, ізгілік пен қайырымдылықтың, қанағат пен сабырлықтың озық үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, олардың бата-тілегін алып, алғысына бөленуде.

Сан ғасырлардан бері Ислам дінін руха­ни тірегіне, темірқазығына айналдырған хал­қымыз Құрбан айтқа деген ықылас-ниетін мерекеге айрықша дайындалуымен де біл­дірді. Ұлық мейрам кезінде салт-санаға сіңіп, дәстүр ретінде қалыптасқан, ыжда­­һат­тылықпен орындалатын құлшы­лық­­тар мен діни рәсімдер ізгі ниетпен атқа­ры­лу­да. Бұл өз кезегінде Құрбан айттың, оның ая­сында орындалатын дәстүрлі рә­сім­дердің хал­қымыздың рухани болмысының ажырамас бір бөлігі болып кеткенін көрсетсе керек.

Құрбан айт – мұсылмандардың Аллаға деген сүйіспеншілігі айқын көрінетін мейрам. Бұл мерекеде Алла разылығы үшін құрбандыққа мал шалынады. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниет­терің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Бұл жерде Алла жолында жақсылық жасауға ниеттенген адам құрбандық шалу амалын риясыз оймен іске асырады.

Өкінішке қарай, Құрбан айтта пандемия жағдайына байланысты жамағатпен құлшылық жасай алмадық. Өйткені Ал­ла­ның аманаты саналатын ха­лық денсаулығын сақтау – мұ­­­сылмандық басты мін­дет бол­ғандықтан осылай болды.

Бүгінде бүкіл әлем індет аранының аузында тұр. Бұл ауыртпалық біздің елімізге де оңай тиіп тұрған жоқ. Сондықтан аса мейірімді, ерекше қамқор Алла Тағаладан осы сынақтың тезірек аяқталуын, оның соңы жақсылыққа ұласуын тілейміз.

Алла Тағала індеттің бетін қайтарып, оның ізін де қалдырмай, жақсылығы мен игілігін көр­сеткей. Аты жаман дерттен көз жұмғандарды панасына алып, сырқаттанып жатқандарға шипасын бергей. Еңселі еліміз аман, ынтымағы жарасқан халқымыз тыныш болсын. Құрбан айтта жасаған барлық құлшылық амалымыз Алланың тарапынан қабыл болғай.