Өңір басшысының сөзіне қарағанда, соңғы аптадан бері жедел жәрдем шақыруларының саны айтарлықтай кеміген көрінеді. Мысалы, маусымның соңы және шілде айының басындағы қауырт кезеңде жіті респираторлық вирустық инфекция және пневмония белгілері бар науқастар үшін шақырулар саны 2,5 мыңға дейін жетсе, соңғы күндері бар-жоғы 320 шақыру тіркеліп, ауруханаға жатқызылғандардың саны 100 адамнан аз болған.
Ал жалпы жағдай туралы айтар болсақ, облыстағы провизорлық және инфекциялық госпитальдардағы барлығы 4 427 төсектік орынның 1 746-сы ғана бос емес екен. Яғни қазіргі уақытта осынша пациент ем-дом алып жатыр, қалған орындар бос. Инфекциялық стационарлардағы жүктеме үлесі 38%-ды құраса, провизорлықтағы көрсеткіш 42%-ға тең көрінеді.
Коронавирус күшейіп, өзінің шарықтау шегіне жеткен кезде облыстың қалаларындағы кейбір қонақүйлері, жоғары оқу орындарының жатақханалары госпитальға айналдырылған болатын. Енді олар жағдайға байланысты консервацияланады. Дегенмен індеттің екінші толқыны бола қалған жағдайда науқастарды орналастыру үшін материалдық-техникалық жабдықтар сол жерде қалдырылады.
Қазіргі таңда облыста коронавирус инфекциясының қайта өршу ықтималдығына даярлық жұмыстары басталып кеткен. Өңір басшысының өзі эпидемиялық ахуалдың жақсаруы босаңсуға еш негіз бермейтінін осы аптада болған аппарат жиынында атап өтті.
– Жалпы, аурушаңдық тұрақты түрде төмендеуде деп айтуға негіз бар. Госпитальдарда бос орындар көп. Динамика оң, оны әрі қарай да сақтау керек. Денсаулық сақтау жүйесін күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа даярлау маңызды міндеттің бірі болмақ. КВИ-дің екінші толқыны болуы мүмкін деген болжам бар. Біз тұрғындарға барлық қажетті медициналық көмекті көрсетуге барынша дайын болуымыз керек, – деді Жеңіс Қасымбек.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев қазіргі жағдайға шолу жасай келіп, мынадай деректерді алға тартты: «Бүгінгі таңда Қарағанды облысында індетті жұқтырудың 8 058 оқиғасы тіркелген. Аурудың өсуі 1,5%-ды құрайды. Өкінішке қарай, 81 адам індеттен қайтыс болды, 4 926 науқас жазылып шықты. Соңғы екі аптадағы талдау эпиджағдайдың жақсарғанын, аурушаңдық төмендегенін көрсетеді. Төсек қорының жүктемесі де азайды. Инфекциялық кереуеттер 47%-ға, провизорлық кереуеттер 50% жүктемемен жұмыс істеуде».
Айрықша атап өтетін жайт, облыста дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің түбегейлі жақсарғаны байқалады. Стационарларда қажетті препараттардың жеткілікті қоры бар екен. Облыс емханаларына пневмониядан үй жағдайында емделетін науқастарды қамтамасыз ету үшін антибиотиктер түскен. Сондай-ақ дәріхана желілерінде де тапшылық мәселесі шешілген деп сеніммен айтуға болады, дейді денсаулық сақтау басқармасының жауапты мамандары.
Соңғы аптада облыста 1 300 оттегі концентраторы, 90 дана өкпені жасанды жеделдету аппараты, 645 пульсоксиметр және 25 заманауи рентген-аппарат алынған. Медициналық газ берудің сегіз жүйесін орнату жоспарда бар. Күзгі-қысқы кезеңде тағы 1 500 пульсоксиметр, 500 оттегі концентраторы сатып алынбақ. Жалпы, қыркүйек айында республикалық бюджет есебінен Қарағанды облысына 302 дана өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алуға қаражат бөлінеді деген жағымды жаңалық бар.
Сондай-ақ компьютерлік томографтар мен цифрлы рентген-аппараттардың саны артады, ПТР-диагностика желісін кеңейту де іске асырылмақ. Ал қыс айларының басында тағы бес компьютерлік томограф пайдалануға берілмек.
Осыдан біраз бұрын облыс бойынша медицина кадрларының жетіспеушілігі туралы әңгіме қозғалған болатын. Қазір бұл мәселенің де шешімі табылғанға ұқсайды: биыл медициналық жоғары оқу орындарының 360 түлегін жұмысқа орналастыру жоспарға алыныпты. Облыстың қалалары мен аудандарында оларды баспанамен қамтамасыз ету ісі ұйымдастырылмақ.
Биылғы қыркүйек айында Жезқазған қаласында 300 төсектік модульдік аурухананың құрылысы басталады. Сондай-ақ Шахтинск қаласындағы жұқпалы аурулар бөлімшесін жөндеу жұмыстары жалғасуда, Балқаш және Жезқазғандағы жұқпалы аурулар ауруханаларын және Теміртаудағы провизорлық бөлімшені жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамалардың мемлекеттік сараптамасы аяқталуға жақын.
Осы орайда облыста «Дәрігерлерге мың алғыс!» акциясының күш ала бастағанын айтпай кетуге тағы болмайды. Мысалы, облыстағы Ақтоғай ауданының белсенді азаматтары оттегі концентраторларын, пульсоксиметрлер, Бобров аппараттарын және басқа да жабдықтарды сатып алуға 2,5 млн теңгеге жуық қаражат жинаған. Сондай-ақ Шет ауданындағы Ақадыр кентінің ауруханасына жергілікті кәсіпкер Әсет Дандыбаевтың «Нива» маркалы автокөлік сыйлағаны да қалталы азаматтардың көбіне үлгі болуға тұрарлық іс. Шарапатты шаруаға Қарқаралы ауданының тумалары да өздерінің қомақты үлестерін қосты. Кәсіпкерлер Нұрлан Мұсипов пен Ермұрат Зейнешев, Қарағандыдағы «Тазалық Эксперт» ЖШС-нің басшылары өз қаражаттарына сегіз оттегі концентраторын сатып алып, Қарқаралы қаласы мен Егіндібұлақ кентінің ауруханаларына жеткізді. Ал мұның алдында «Темірзат» ЖШС-нің басшысы Айдын Мезгілбаев оттегі концентраторын Қарқаралы ауданының орталық ауруханасына тарту еткен болатын.
Мұндай сипаттағы қайырымды істер Сәтбаев қаласында да көрініс тапқан. Мұнда күн сайын 700-ден астам ерікті мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Карантин кезінде еріктілер ондаған акция өткізіп, мыңдаған қала тұрғындарына көмектесті. Жастар 100 жалғыз басты қарт адамға 200 қап парацетамол мен аспирин дәрілерін жеткізуге қол ұшын берген. Жергілікті кәсіпкерлер де игі іс-шарадан шет қалмады. Олар орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне 113 дана төсек жабдығын, 50 сүлгі, 1 мың маска, 250 ПЧК комбинезоны, 18 оттегі концентраторы, 25 пульсоксиметр және басқа да қажетті заттарды тарту етті.
Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында кеңінен өріс алған мұндай қайырымдылық акциялары алда-жалда коронавирустың кезекті толқыны қауіп төндірер болса, ел амандығын сақтау жолындағы алынбас қамалдың кетігін тапқан бір-бір кірпіші болары сөзсіз.
Қарағанды облысы