Спорт • 31 Шілде, 2020

Тағдыр тәлкегіне ұшыраған тұңғыштар

3313 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 46 жыл бұрын, яғни 1974 жылдың тамыз айында бокстан әлем чемпионатының жалауы тұңғыш рет желбіреді. Кубаның астанасы – Гаванада өткен жарыста сарапқа салынған 11 бас жүлденің бесеуін жергілікті өрендер жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Қоржынында екі алтыны бар КСРО құрамасы екінші сатыға жайғасты. Сондай-ақ АҚШ, Югославия, Уганда және Пуэрто-Риконың былғары қолғап шеберлері бір-бір реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Тағдыр тәлкегіне ұшыраған тұңғыштар

Тұңғыш рет төрткүл дүние боксшыларының басын қосқан байрақты бәсекеде КСРО боксшылары арасынан 60 кило салмақта өнер көрсеткен Пермь қаласының өкілі Василий Соломин мен 75 кило салмақта сынға түскен Таш­кент­тің іргесіндегі Аққорған шаһа­рының тумасы Руфат Рыскиевтің жұлдыздары жанды. Астраханьдік Борис Кузнецов (57 кило) пен свердловскілік Олег Коротаев (81 кило) күміс медальды иеленсе, куйбышевтік Евгений Юдин (48 кило), донецкілік Владислав Засыпко (51 кило), еревандық Давид Торосян (54 кило) және киевтік Анатолий Климанов (71 кило) қола жүлдені еншіледі.

Елге оралғаннан кейін әлемдік додада жеңіс тұғырына көтерілген жігіттердің барлығына ерекше құр­мет көрсетеліп, түрлі сый-сыя­пат жасалды. «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» атағы бе­ріліп, кейбірінің кеудесінде медальдар жарқырады. Араларында кезектен тыс пәтер алып, «темір тұлпарды» тіз­гін­де­ген­дері де бар. Бір сөз­­бен айтсақ, Кеңес Ода­­ғының спорт­тық даң­­қ­ын арт­тыр­ған сол саңлақ­тар­дың бар­лығы да үлде мен бүлдеге оранды.

Ал одан кейін ше?.. Атағы алыс­қа жайылған айтулы азамат­тар­дың кейінгі тағдыры қалай болды?... Ең өкінштісі, былғары қол­ғаптарын шегеге ілгеннен кейін сол боксшылардың кейбірі жа­ңа өмірге бейімделе алмай, тағ­дырдың ащысын молынан татты.

Бостандық аралында әлем чемпионы атанып қана қоймай, жарыстың ең үздік боксшысына тиесілі Радьяр Рассел кубогын иеленген Василий Соломин тым қызуқанды болған деседі. Ол демалыс орындарында, көшеде, тіптен жаттығу залында жиі жанжал шығарады екен. Сөзі жараспай қалса, жұдырығын ала жүгіретін болған. Сондай бір оқиғаның салдарынан Соломин әлем чемпионатынан шеттетіле жаздады. Нақтырақ айтсақ, дәл сол жарыс қарсаңында ол түнделетіп өзінің туған қаласы – Пермьдегі мейрамханалардың біріне барады. Сол жерде бір топ мейманмен төбелесіп, барлығын соққыға жығады. Тәртіп сақшылары оны дереу қамауға алады. Бұл іске оның жеке жаттықтырушысы мен жергілікті спорт басшылары араласқаннан кейін барып қана Соломин қамаудан босатылады. Сондай-ақ 1977 жылы Галледе өт­кен Еуропа чемпионаты қар­саңында ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиынында ол КСРО құрамасы бапкерлерінің бірін бүйірден ұрып құлатса, екіншісін бүкіл залды шыр айналдыра қуған екен.

1Василий Соломиннің спорт­тық ғұмырында ауыз толтырып айтарлықтай табыстар аз бол­­ған жоқ. Ол әлем чемпионы атан­­ғаннан кейін 1976 жылы Мон­реаль Олимпиадасында қола медаль­ды мойнына ілді. 1974-78 жыл­дар ара­лығында өткен КСРО чем­пионат­тарын төрт рет ұтып, 1979 жылы күміс жүлдені еншіледі. Мәскеудегі жарыстың фина­лын­да Соломин қазақстандық Вик­тор Демьяненкодан ұтылды. Бұ­рын­дары Одақ деңгейіндегі жарыс­тарда қарсылас шыдатпай жүр­ген әйгілі боксшы екінші орын­да қалып қойғанына қатты кү­йін­ді. 1980 жылы Демьяненко екін­­ші мәрте топ жарып, Мәскеу Олим­­пиа­дасында өнер көрсету құр­­метін иеленді. Ал төрт жылда бір өте­тін жарыстың жолдамасынан қа­ғылған Василий содан кейін шар­­шы алаңнан мүлде көрінбей кетті.

Атақты боксшы жаңа өмірге бейімделе алмады. Спорттық мансабын аяқтаған соң Мәскеудегі тұрғын үй пайдалану мекемесіне жұмысқа орналасты. Ішімдікке әуестенген спортшы ол жерде көп тұрақтамады. Одан кейін теріс жолға түсті. 1985 жылы пә­тер тонағаны үшін түрмеге тоғы­тылды. Соттың үкімі бойынша 10 жылға сотталып, барлық дүние-мүлкі тәркіленді. Төрт жыл өткен соң ісі қайта қаралып, Василий үйіне оралды. Бірақ бостандыққа ол мүлде басқа адам болып шықты. Бұрынғы жігерлі, жалынды, айбарлы, күш-қуаты бойына сыймай тұрған жігіттің құр сүлдері ғана қалған екен. Денсаулығы сыр беріп, ол әзер жүріп-тұратындай хал­­ге түсті. Ақыры 1997 жылы 45 жас­­қа қараған шағында КСРО бокс­шы­лары арасынан шыққан тұң­ғыш әлем чемпионы Василий Со­ло­мин жарық дүниемен қош айтысты.

Жаратушы ие дәл сондай тым келте ғұмырды Гаванадағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Олег Коротаевтың да пешенесіне жазған екен. Ол да небары 44 жыл өмір кешті. Жартылай ауыр салмақта жұдырықтасқан сойқан соққылы жігітті көзі қарақты көрермендер ұмыта қойған жоқ. Коротаев – жоғарыдағы атақтан бөлек, КСРО біріншілігінің үш дүр­кін жеңімпазы атанып, тағы екі рет жүлдегерлер санатына қосыл­ды. Еуропа чемпионатында қола медальды мойнына ілді.

Ресми халықаралық жарыстарда Коротаев тек Югославияның мақ­танышы, Олимпия ойында­ры­ның жеңімпазы Мате Парловтан ғана ұтылған екен. Бірақ сол жек­пе-жектерде «Олег жеңілді» деп айтуға ауыз бармайды. Себе­бі Еуропа чемпионатында ол қарсыласын нокдаунға жібер­генімен, қапияда қабағы жарылып кетті. Салдарынан төрешілер Пар­лов­тың қолын көтерді. Дүние­жүзі­лік додада да дәл жаңағыдай жағ­дай айна-қатесіз қайталанды. Тағы да сол жарылып кеткен қабақтың ке­сірінен қолда тұрған жеңістен айрылды. 

Кезінде дүлей күш иесі Олег Ко­ро­­таевтың өнеріне сүй­сін­бе­ген жанкүйер жоқ-ау, сірә! Жет­пі­сінші жылдардың басында КСРО-ның бір топ боксшысы АҚШ-қа сапар шегеді. Сонда өт­кен спар­­рингтер барысында Олег жер­гі­лікті боксшыларды тегіс­тей са­бай­ды. Тіпті, күллі Аме­ри­ка жұр­ты үкілі үміт артып отыр­ған жұл­дыздың бірін ауыр нокаут­қа жі­береді. Осы оқиға­ның куәсі бол­­ған әйгілі бапкер, бір шо­ғыр әлем чем­пиондарын тәр­бие­леген Ан­д­жело Данди: «Егер Ко­ро­таев кә­сіп­қой рингке шығу­ға тәуе­кел етсе, 1 миллион доллар­лық ке­лісім­шарт­қа мен дәп қазір қол қоюға әзір­мін», деп жаһанға жар салады.

1974 жылы Гаванадағы әлем чемпионатының жартылай финалында Олег америкалық Леон Спинксті сабады. Ал АҚШ бокс­­шысы кейіннен Олимпия ойын­дарында топ жарып, кәсіп­қой­лар арасында аса ауыр салмақ дәре­жесінде әлем чемпионы атанды. Кезінде Спинкс даңқы жер жар­ған Мұхаммед Әлидің өзінен айласын асырғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Осының барлығын өз көзімен көрген Кубаның көсе­мі Фидель Кастро КСРО боксшы­сының өнеріне тамсанғаны сон­ша­лық, өзінің жеке тапаншасын қорабынан суырып алып оған сыйға тартқан.

Өзінің спорттық ғұмырында 196 рет шаршы алаңға шыққан Олег Коротаев 187 мәрте жеңіске жетті. 160 қарсыласын нокаут­пен ұтты. Соның арқасында «Орыс танкісі» деген лақап атты иемденді. Жасыратыны жоқ, жер жаһанның бірде-бір әуесқой бокс­шысы дәл осындай орасан зор табысымен мақтана алмайды.

Олегтің мінезі де тік еді. Ол әділетсіздікке төзбейтін. Алдында кім тұрса да өз ойын әркез бүкпесіз айтатын. Басшы ма, бапкер ме, басқа ма... еш қарамайтын. Сол мінезінің кесірінен Коротаев бірқатар маңызды жарыстан шет қалды. Түрлі сылтауды желеу еткен КСРО құрамасының бапкерлері дарыны асқан боксшының бағын байлады. Тіптен, жеке бапкері Георгий Джероян екеуін спорттан шеттетуге дейін барудан да еш арланған жоқ. Соның салдарынан Коротаев 1976 жылы Монреальда алауы тұтанған Олимпия ойындарынан шет қалды.

Қандай да мықтының спорттық дәуірінің әйтеуір бір аяқталатын кезі болады. Олимпиадаға бара алмағаннан кейін «Орыс танкісі» былғары қолғабын шегеге ілді. Көздеген мұратына жете алмаған боксшы айналасындағы адамдарға ренжіп кетті. Одан кейін мүлде басқа өмір басталды. Мейрамхана, би кештері, қыз-қырқын, қаптаған жора-жолдас, айнала толған күмәнді адамдар...

Бірде ол Мәскеудегі «Сказка» мейрамханасында бәзбіреулермен сөзге келіп қалады. Жанжалдың ақыры төбелеске ұласып, қарсы жақтан атып шыққан бір есерсоқ қолындағы графинмен Олегтің басынан ұруға әрекеттенеді. Атақты боксшы оны бір ғана соққымен сұлатып салады. Ес-түссіз құлаған бейбақ ауруханада екі ай бойы ем­деліп, әзер дегенде есін жияды. Сөйт­се, Коротаевтан таяқ же­ген жі­гіт КСРО-ның Ішкі істер ми­нис­трі Николай Щелоковтың ұлы екен.

 Жанашыр жандардың араша түсуінің арқасында Олег ол кезде жауапкершіліктен оңай құтылады. Бірақ бір бармағын ішіне бүгіп қалған министр Коротаевтың қыр-со­ңы­нан қалмай, темір торға тоғыту­дың әйтеуір бір ретін табады. 1977 жылы бес жылға соттал­ған боксшы соның үшеуін өтеп, бос­тандыққа шығады. Бірақ түрме оның өмірін күрт өзгертеді. Қапас­та қылмыс әлемінің серкелерімен танысып, олармен тығыз қарым-қатынас орнатады. 1985 жылы Олег тағы да бес жылға сотталады.

Бостандыққа шыққаннан кейін Олег ойлана-толғана келе дәулеті тасыған АҚШ-қа қоныс аударуды жөн көреді. Бұл – 1992 жыл еді. Кеңес Одағы келмеске кеткен. Апай-топай заман. Ол жақта кейіпкеріміздің екі жыл уақыт бойы немен айналысқаны белгісіз. Әйтеуір, алыстағы Америкада да Коротаевтың тыныш жүрмегені анық. Кейбір дерек көздеріне сенсек, «атақты боксшы «орыс мафиясымен» тығыз байланыста болған» деседі.

Ал біздің білетініміз, 1994 жылдың 12 қаңтарында түннің бір уағында Олег Коротаев Нью-Йорк қаласындағы Брайтон-Бич көшесінде орналасқан «Арбат» мейрамханасынан шығады. Бір мезетте артынан аңдып келген киллер оны дәл шүйдесінен атады. «Орыс танкісі» сол жерде тілге келмей жан тәсілім еткен.