Қоғам • 31 Шілде, 2020

Бізді құртатын «елдің бәрі» деген сөз

648 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Елдің бәрі» деген сөздің пайдасы да бар.

Әсіресе, нәзік жандылар бұл сөзге қатты сүйенеді.

Күйеуіне ренжіген оларға «барлық әйелдің күйеулері сондай, «еркекке сенгенше, екі босағаңа сен», «қайтесің енді» дей салсаңыз, соған кәдімгідей көз жасын тыйып, жұбанып қалады.

Бізді құртатын «елдің бәрі» деген сөз

 

Денсаулығы сыр беріп, қалжыраған дімкәс жанға «елдің бәрі осындай ауру, құрысын, уайымдама, жазылып кетесің» десеңіз, өңіне қан жүгіріп, шынымен де айығып кетеді.

Жоқшылықтан арып-ашып, жадап-жүдеп жүрген адамға «елдің бәрі бірдей шылқа майға батып, бөгіп отырған жоқ, біз де сен сияқты «шықпа, жаным, шық­па» деп күнімізді әзер көріп жүрміз» де­сең, есін жиып ала қояды.

Обалы не керек, кәдімгідей пайдалы сөз.

Бірақ осы сөздің жалғыз-ақ зияны бар және әлгі саны көп пайдалы жағына қарағанда, сол зияны басымдау.

Ол – осы тіркесті керісінше қолдан­саң, мыстандай мысы басып, «Өлмес Ко­щейдей» күшіне енеді.

Мысал үшін қазіргі уақыт ағымын алайық.

Еліміз бойынша төтенше жағдай тоқ­та­­тылып, өңіріміздегі карантин шек­теу­лері алынып тасталынады деп асыға күтіп жүрген жұрттың (індет жұқ­тырғандардың саны күрт өсіп, залалды жерлердің көлемі күрт көбеюі салда­рынан) жергілікті өңірлердегі табан астында кейінге ұзар­тылып, созды­рыл­ған карантиндік талаптар жүйкесін жұ­қартып бітті.

Үкіметке өкпе арта бергенше, бұған кінәні өзімізден іздеуіміз керек.

Бірақ іздегіміз келмейді. Өйткені «елдің бәрі» іздемейді.

Көшедегі маскасыз жүрген көпші­лікті көріп, «елдің бәрі маскасыз жүр­ген­­де оранып жүргенің ұят екен» деп үйі­ңіздегі көздің қарашығындай сақтап отырған санаулы тұмшаңызды (бет­пер­деңізді) «үнемдеп», кимей, далаға шықтыңыз.

Балконнан қарап телміріп тұрған ұл-қызыңызды «елдің бәрінің балалары ойнап жүр ғой сыртта» деп, далаға шығарып жібердіңіз. Елдің балала­рының да бәрі маска тақпапты.

«Елдің бәрі автокөліктерімен зуылдап жүр, ұстап, тексеріп жатқан орган өкілдері жоқ» деп, машинаңызға бір қора адамды салып алып, табаныңыз қышып, біраз жерге қыдырып та келдіңіз.

Оны-мұны ала салайын деп азық-түлік дүкеніне бас сұқсаңыз, бір, бір жарым метрден ара қашықтықты сақтап кезекте тұрған тұтынушылардың қарасын көріп:

– Басқа жердегі сауда орындарындағы елдің бәрі емін-еркін кіріп-шығып жатыр, бұ не, өздерінше болып, – деп дауысыңызды өктем шығарыңқырап, аузыңызды ашқаныңыз сол-ақ екен, өздері әзер тұрған «елдің бәрі» айқайға сүрең қосып, сатушының есін шығарды.

Сасқан сатушы да «елдің бәрінен асып мен қайда барамын» дегендей, әлгі қатаңдау тәртібінің бас жібін босатып, жібере салды.

Енесіне жамыраған уақ малдың лақ-қозыларындай «елдің бәрі» сөреге лап қо­йып, сапырылысты да кетті.

Ойламаған жерден тексерушілер сап ете қалып, сатушы мен дүкен иесінен бас­тап, карантиндік ережені бұзған «елдің бәріне» айыппұл арқалатты да жіберді...

Базарға барам деп қабын жоғалтып келген Қожанасыр әйеліне «Базарда мен сияқты қап жоғалтқандар толып жүр» деп ақталған ғой.

«Елдің бәрі» «қап жоғалтқанда» ша­лына ұрсатындай Қожанасырдың кем­пірі «ақымақ емес»...

Елдің бәрі өтірік деп жүр ғой деп, әлеужеліден тарап, ватсаппен аралап жүрген алуан түрлі «ақыл-кеңестерді» мықтап жамылып алып, бір-біріңізге бой бермей, төтенше жағдайдың бітуін сабырсыздана күтіп жүргенде, каран­ти­ніңіздің құйрығы анаконданың ұзын­дығындай ирелеңдеп шыға келді.

Бұған кім кінәлі?

Біз кінәлі емеспіз.

Сіз де кінәлі емессіз.

Ол да кінәлі емес.

Ешкім де кінәлі емес.

Жай,..

... «елдің бәрі» кінәлі...

 

Үміт БИТЕНОВА,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі