Қоғам • 03 Тамыз, 2020

Вакцина «бәйгесі»: Үміт пен күдік

403 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әлемді әуреге салған пандемияны тоқтатудың бір жолы – вирусқа қарсы вакцина. Ақпан айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина әзірлеуге 18 айдан кем емес уақыт керек деп болжаған еді. Алайда 17 миллионнан астам адамға жұғып, 680 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған вирусты жеңуге деген ұмтылыс күтпеген жылдамдықпен өрбіді. «Емі табылды, вакцина дайын» деген сүйінші хабарлар көбейді.

Вакцина «бәйгесі»: Үміт пен күдік

Соңғы сынақ кезеңі

Соңғы деректерге қарағанда, әлем бойынша барлығы 160-тан астам вакцина әзірленуде, оның жиырмаға жуығы клиникалық тестілеу кезеңінде. Вакцина дайындаудың оңай емес екені анық. Алайда дүние жүзін тұсаулаған пандемияның салдары барлық ел билігін әуреге салды, экономиканы құлдыратып, денсаулық сақтау саласына ауыр жүк түсірді. Жағдай осылай жалғаспасын десек, тезірек вакцина жасап шығару керек. Бұл жарысқа халықаралық ұйым­дар, фармацевтикалық ірі компаниялар мен ел үкіметтері де білек сыбана кірісті. Қыруар қаражат та бөлініп жатыр.

Шілде айында бірнеше зерттеу жұ­мыс­тарының жақсы нәтиже көрсеткені ресми жарияланды. Мұндай сүйінші ха­бар­ды жеткізгендер вакцина жыл со­ң­ын­­да дайын болып қалуы әбден мүм­кін деп отыр. Бүкіл әлем жұрты осы күн­ді асыға күтеді. Қазір сынақтан өтіп жат­қан вакциналардың барлығына үлкен үміт артылып отырғаны рас. Десе де солар­дың ішінде үздік үшеуі басты назарда.

Ұлыбританияның Оксфорд универ­си­те­тінде әзірленіп жатқан вакцинаны білмей­тін адам жоқ. Шілде айының соңын­­да ғалымдар бірінші және екін­ші сынақ кезеңінің сәтті өтке­нін айтып, алда соң­ғы кезеңге өте­тінін хабарлады. 1077 адамға са­лынған вакцинаның ағзада ко­ро­на­вируспен күресетін ан­тиденелермен бірге Т-жасу­ша­ларын түзгені анық­талыпты.

Жалпы, вакцина шимпанзелерде тұмау белгілерін тудыратын ге­нети­калық түрлендірілген вирус­тан жасалған. Адамға салғанда ин­фекция тудырмау және коро­на­вирусқа ұқсату мақсатында оны зерттеушілер әбден өзгерткен.

Осыған дейін Covid-19 індетімен күресте антиденелердің маңызы туралы көп айтылды, алайда бұл иммундық қорғаныстың бір бө­лі­гі ғана. Түзілген антиденелер ко­ро­навирустың сыртқы бетіне жабы­сып, оны бейтараптандырса, бұл күресте Т-жасушалар пайда болады. Олар адамның иммундық жүйесіне вирус зақымдаған жасушаны дәл тауып, жоюға көмектесетін қан­дағы лейкоциттің бір түрі. Тиім­ді вакциналар осы екеуінің де түзі­луіне жауап беруі керек.

Жақында жарияланған зерттеу нәтижесінде вакцина егілгеннен кейін антиденелер 28 күннен ке­йін, Т-жасушалар 14 күннен кейін пайда болатыны белгілі бол­ды. Енді алаңдататын мәселе – бұл коронавирустан қорғануға жеткі­лікті ме? Ғалымдар сынаққа қатысу­шы­лардың 90 пайызына вакцинаны бір рет салу жеткілікті болғанын айтады, ал қалған 10 пайызына 2 доза қажет болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас зерттеушісі дәл осы Оксфорд университетінде әзір­леніп жатқан вакцинаны үздік деп мойындап отыр. Келесі – соңғы кезеңде сынақ Ұлыбританияда 10 мыңнан астам адамға жүргізіледі. Елде вирус жұқтырған адамдар саны жеткіліксіз болғандықтан, оны өзге елдерде де байқап көруді жоспарлап отыр. Мәселен, АҚШ-та 30 мың, Оңтүстік Африкада 2 мың, Бразилияда 5 мың адам вакцина алады. Оның тиімділігі жыл соңы­на дейін белгілі болуы мүмкін, де­ген­мен бастапқыда вакцина баршаға қолжетімді болмайды.

Жақында Ұлыбритания алдын ала 100 млн доза вакцинаға тап­сы­рыс беріп қойғанын жария етті. Алғашқы кезде денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне және вирус жұқтыру ықтималдығы жоға­ры жасы үлкен адамдар мен ден­саулығы нашар науқастарға басым­дық берілмек. Барлығын ескере келе, вакцинаға келесі жылы қол жеткіземіз-ау деген қорытындыға келеміз. Алда сарапшылардың бол­жауы бойынша күзгі толқын мен ең салқын қыс мерзімін қауіпсіздік шара­ларын барынша ұстанып аман-есен өткізу мақсаты тұр. Әзір­ге қолымыздан келетіні – имму­ни­тетімізді көтеріп, салауатты өмір салтын ұстану.

 

Вакцинологияда тың тәсіл

Ұлыбританиядан бөлек АҚШ және Қытай вакциналары да ұқсас нәтиже көрсетіп, көп адамға сынақ жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Covid-19 індеті вакцинология ғылымына көптеген тың жаңалық әкеліп, оның тез ілгерілеуіне сеп болды. Осыған дейін SARS вирусына қарсы алғашқы вакцина үлгісі 20 айда, эболаға қарсы 7 айда, зикаға қарсы 6 айда дайын болған. Дегенмен вакцина бар­шаға қолжетімді болғанға дейін атқа­рылатын жұмыс шаш етектен.

Жалпы, вакцина ойлап тауып, оны шығарғанға дейін көп уақыт керек. Алайда қазір бізде ырғалып-жырғалып жүретін уақыт жоқ. Вакциналар 100 пайыз тиімді болуға міндетті емес. Сарапшылар олар 50 пайыз «жұмыс істесе», соның өзі эпидемияны тоқтатуға жететінін айтуда.

Енді саладағы тың жаңалық ту­ралы айтар болсақ, жоғарыда атал­ған­дардан басқа да үміткерлер жаңа вак­цина түрін сынақтан өткізіп жатыр.

Дәстүрлі вакциналар әдетте ви­рус­тың өзін немесе кішкене бөлігін адамға егеді, осылайша біздің им­мундық жүйе бейтаныс затпен кү­ресуге кіріседі. Ал бұл жаңа гене­тикалық жолмен өндірілген вак­ци­нада вирустың өзі мүлдем жоқ. Адам ағзасына иммундық жүйе­ні күреске шақыратын шағын гене­ти­калық кодтар енгізіледі. Вакци­наның мұндай түрі осыған дейін қолданысқа енгізілмеген.

Осы жолды таңдаған үздік үміткерлер қатарында америкалық Moderna мен Pfizer және немістің BioNTech компаниялары бар. Бұл ком­паниялардың бірлескен жоба­сының жаңа дәуір вакциналарының дәстүрлі түрімен салыстырғанда бірқатар артықшылығы да бар: вирусты өсірмейтін болғандықтан уақыт үнемделеді, бағасы арзан, ең бастысы, қауіпсіз. Өйткені жұқпалы вирус ағзаға енбейтін болған соң, жағымсыз әсері аз болады.

Шілденің соңғы күндері Mo­der­na компаниясы үшінші сынақ кезеңін бастап кетті. Онда АҚШ-тың барлық аймағынан 30 мың адам­ға вакцина салынады. Әдетте бұл соңғы кезең төрт жылға дейін созы­лады. Жыл соңына дейін бір нәтижеге жету үшін сынақ көр­сеткіштерін қараша айында жинап, өңдей бастау көзделіп отыр.

Әдетте ұзақ уақытты қажет ете­тін бұл процестің жылдам орын­да­луына кезеңдердің бір уақытта өтіп жатуы себеп болуы мүмкін. Мәсе­ленің этикалық жағын көтерген ғалымдар толығымен зерттел­меген екпені бүкіл адамзатқа беру аса қорқынышты екенін айтып алаң­дауда. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскерилердің сары қызбаға қарсы алған вакцинасы кері әсер берген. Мыңдаған адам сары ауруға шалдығып, кейбір жағдай өлімге себеп болған.

Кейінірек 50-жылдары АҚШ-та сапасыз вакцина кесірінен 40 мың адамға полиомиелит – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жұқ­палы ауру жұғып, ол 200-ге жуық адамның өліміне алып келген. Осылайша игі істің соңы орны толмас өкінішке алып келеті­нін тәжірибеде көрген билік вакци­на­ларға қойылатын талапты күшейт­кен. Сондықтан қауіпсіздік пен тиім­ділік мәселесіне келгенде ма­ңыз­ды процестерге көз жұмып, кей­бірін аттап өтуге болмайды.

1

 

 Көбі клиникалық сынақтан сүрінеді

Қазіргі індетке қарсы вакцина­лардың жылдам дайындалуына қарап, сапасына алаңдайтынымыз сөзсіз. Десе де бұл алғашқы ви­рус еместігін қаперде ұстайық. Осыған дейін 2003 жылы SARS және 2012 жы­­лы MERS вирустары тудыр­ған ін­дет­тер әлемді жайлады. Нәтиже­сін­де ви­русты зерттеушілер кө­бейіп, ға­лымдар вакцина ойлап табу­ға кі­ріскен.

Осыдан екі жыл бұрын Оксфорд университетінде MERS вирусына қарсы вакцина үлгісі клиникалық тестілеуге жіберілген. Ал бір жыл­дан кейін қазіргі вирус дүние жүзін әбігерге салды. Осылайша университет зерттеушілері алдыңғы вак­цинаны Covid-19 вакцинасына оңай бейімдеп жіберген. Дәл осы нәр­се қазір Оксфорд университеті әзір­леп жатқан вакцинаның үз­дік­тер қатарында болуының басты себебі.

Кейбір зерттеушілер вакцина саласына көңіл тек эпидемия кезінде ғана бөлінетінін айтады. Әлемде қазір клиникалық сынақ кезеңіне жеткен вакциналар саны көп емес. Сарапшылар көптеген үміткерлер дәл осы кезеңде сүрінетінін алға тар­тады.

Әдетте эпидемия кезінде адам­зат тығырықтан шығатын жол іздеп, вакцина өндірісіне жан-жақ­тан қомақты қаражат бөле бастай­ды. Эпидемия баяулап, жағдай тұрақтала бастағанда қаржы­лан­дыру да тоқтайды екен. Осылайша аяқ­сыз қалған жұмыс еш нәтиже бер­мейді. Мәселен АҚШ-тың Бейлор медициналық колледжі әзірле­ген SARS вакцинасы жақсы нә­ти­же бере бастағанда грант тоқ­тап қалған. Жетекші зерттеуші Пи­тер Хотез сол кезде коронавирусқа қарсы вакцинаны әрі қарай дамыта түскенде қазір Covid-19 індетіне оңай тойтарыс берер едік дейді.

«Ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол ізде» деген сөз осы кезде ойға оралып тұр. Әр эпидемиядан кейін еш сабақ алмайтын үкіметтер мен халықаралық ұйымдар жаңа індет алдында қауқарсыз қалады.

Жалпы, жұқпалы ауруды тоқтату үшін адамзаттың көп бөлігі топтық иммунитет қалыптастыруы керек. Оған індетті жеңіп шығу арқылы немесе вакцинаның көмегімен ғана жете аламыз, шамамен адамзаттың 60-70 пайызы вакцина алуы керек болады. ДДҰ ұйғарымы бойынша вакциналардың алғашқы миллиард дозасы төмен және орташа та­быс­ты елдерге жөнелтіледі екен. Вак­ци­наның дайын болар күні алыс емес, ал оның қолжетімді болуы түрлі мәселелерді туындауы әбден мүмкін.