Парламент • 03 Тамыз, 2020

Парламент сайлауы кейінге шегерілді

113 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Гонконг билігі коронавирус пандемиясы салдарынан парламент сайлауын кейінге шегеретінін мәлімдеді. Мемлекеттегі демократтар билікті бұл әрекетке өзінің әлсіздігінен барды деп айыптап отыр.

Парламент сайлауы кейінге шегерілді

Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэрри Лам қыркүйекте өтуі тиіс парламент сайлауын келесі жылға шегеру бойынша заң қабылдауға шақырды. Осыған қатысты баспасөз мәслихатында К.Лам сайлауды 2021 жылдың 5 қыркүйегінде өткізуді ұсынды. «Халықтың денсаулығы басты назарда болуы тиіс. Сондықтан бұл қадамды азаматтарымызды қорғау деп түсіну керек», деді Гонконг әкімшілігінің басшысы.

Бұл жаңалықтың елдегі демократтардың көңілінен шықпағаны анық. Олар мұны биліктің өз күшіне сенбеуі деген пікірін білдіріп үлгерді. Демократтар мемлекеттегі Бейжіңге қарсы толқуларды өз пайдасына қолданып, наразыларды өздерінің жағына шығаруды жоспарлап жүрген-ді.

«Біз мәселе шын мәнінде әділдік пен халықтың қауіпсіздігінде екеніне сенімді болуымыз керек. Сонымен қатар сайлаудың да әділ әрі ашық өтуі маңызды», деді Бейжің қолдауындағы саясаткерлердің бірі. Ал К.Лам шешімнің тек пандемиямен байланысты екенін айтып бағуда. Саяси шегерулерді Бейжің де қажет әрі заңды деп таныды.

Әкімшілік басшысының мәлімдемесіне дейін 22 адамнан тұратын заң шығарушы топ билікті елдегі өзгерістерге қарсы сылтау айтты деп айыптап, наразылық танытты. Шешім қабылданғаннан кейін оппозициядан шыққан ондаған кандидаттың сайлауға қатысу туралы өтініші кері қайтарылып, дисквалификация алды. Олардың қатарында демократ белсенді Джошуа Уонг та бар.

7,5 миллион адам тұратын қалада шілдеден бері коронавирус инфекциясы өршіп тұр. Өткен бейсенбіде Гонконгта 3 100 науқас тіркелді. Бұл ай басынан бергі көрсеткіштен екі есе көп. Гонконг басшылығы елдегі өзгерістердің заңды әрі бүгінгідей жағдайда қалыпты екенін, 40-қа жуық мемлекеттің де саяси шараларды кейінге қалдырғанын айтады.

Былтыр қарашада оппозициялық топ аудандық кеңес сайлауында жеңіске жеткен еді. Олардың гонконгтықтарды Қытай сотына жіберуге қарсы қозғалысы қарсыластарынан басып озуға себеп болды.

Естеріңізде болса, Гонконг парламент сайлауы биылғы 6 қыркүйекке жоспарланған еді. Парламенттегі 70 орынның жартысын ғана Гонконг тұрғындары сайлайды. Қалған 35 мүшесін шектеулі электорат – бизнес пен банк өкілдері таңдайды.

Саясаткерлер сайлауды кейінге шегеру ел дамуына кері әсер етіп, дағдарысқа себеп болуы мүмкін деген пікірін білдірді. Жергілікті заң сайлауды тек екі аптаға кейінге қалдыруға рұқсат береді. АҚШ Гонконг билігінің бұл шешімін қолдамайтынын жеткізді. Ақ үй баспасөз хатшысы Кейли Макинани мұның елдегі демократия принциптері мен бостандыққа нұқсан келтіретінін айтты. Ал бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та президент сайлауын пандемияға байланысты кері шегіндіруді ұсынған болатын.

Жалпы, сайлауды уақтылы өткізбеу гонконгтықтардың мүддесіне қарсы болайын деп тұр. Өйткені жақында ғана, яғни 1 шілдеде Қытай ұлттық қаупсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Гонконгте жаңа заң енгізді. Соған сай, Бейжің жергілікті билікті есепке алмай халықты жауапқа тарту құқығына ие болды. Бұл, әлбетте Гонконгтың жергілікті билігінің жұмысына араласу. Оған қоса жаңа заң негізінде Гонконг жерінде қытайлық ережелер де заңды күшке ие. Елдегі оппозицияның ерте қамдануына негіз бар. Алайда елдегі Қытай жақтастарының әрекеттері демократтарға кедергі келтіруде.