Өнер • 03 Тамыз, 2020

Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі

9605 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Шебердің қолы алтын», дейді атам қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Асыл тастан сән бұйымын жасаған, қазақ ұлттық киімдерінің етек-жеңіне оқа тігіп, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізіп, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы.

Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі

Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кен­­де емес. Ал сол ісмер жандар мен қолөнер шеберлерін оқыр­ман­­дарына таныстырып, ұлттық өнер­ді дәріптеу мақсатында С.Бә­йі­шев атындағы облыстық әмбе­бап-ғы­лыми кітапханасы біраз жұмыстар атқарғанын айту парыз. Оған дәлел, тігіншілік өнер арқылы адамның бойына шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатып, қазақ қыз-келіншектерін ұлттық киім-ке­шектерімен жүздерін жарқын етіп жүрген Ақтөбе өңірінің жас тігіншісі, қолөнер шебері Тру­мова Айнұр Маратқызымен «Ті­гіншілік – қол мен қиялдың еңбегі» тақырыбында онлайн шеберлік сабағын өткізді.

Жалпы, тігін өнеркәсібі – әлем экономикасының алдындағы үлесі мен салмағы жоғары кәсіп десек те болады. Жас тігінші Айнұр Маратқызы С.Бәйішев атындағы об­лыстық әмбебап-ғылыми кі­тапха­насының оқырмандарына ті­гін кәсібіне қалай қадам басып, сүйікті ісімен қай уақыттан бері айналысып келе жатқаны туралы ой бөлісіп, қазақтың ұлттық киімдерінің бірі кәжекейдің қарсы ілгегін қалай тігу қажет екенін түсіндіріп қана қоймай, оны тігу тәсілімен бөлісті.

Тігіншілік, қолөнер шеберлі­гімен айналысу бүгінгі заманның ең табысты бизнесінің бірі. Жас тігінші Айнұр Маратқызы өзі­нің сүйікті ісімен айналысып, тігін­шілік өнерді кәсіп етіп келеді. Кө­кірегі, арқасы жабық, қазақтың қыз-келіншектеріне арналған қол­жетімді көйлектер тігеді. Қым­­бат тастармен әшекейлеп, қа­зақ қызының сұлулығын әде­­­мі көй­лектерімен одан әрі көр­кейтіп, нәрлендіріп келеді. Қа­­зіргі таңда салт-дәстүріміз бен өне­рімізді дә­ріптеп, ұлттық на­қыш­тағы киім­дерімізді мақтан етіп, «жүзігі ал­тын болғанша, жү­зі жарқын бол­сын», деп ой түйе­тін қазақ қыз­дарының көбей­гені қуан­тады.

 

Назерке ҚҰЛЖАНОВА,

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың кітапханашысы

 

АҚТӨБЕ