Аймақтар • 03 Тамыз, 2020

Оралда жаңартылған көпір қайта ашылды

428 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Омега» зауыты аумағындағы көпір 2018 жылдың қараша айында күрделі жөндеу үшін жабылған болатын. Құрылысы дәл 21 айға созылған көпір өткен жексенбі күні қалалықтардың игілігіне қайта берілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Оралда жаңартылған көпір қайта ашылды

Әу баста 1978 жылы салынған бұл «Омега» көпірі сол кезден бері күрделі жөндеу көрмей, әбден апатты жағдайға келген болатын. Оны жөндеуге Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. альянсынан жыл сайын облыстың әлеуметтік мұқтажына бөлінетін қаржыдан 5,2 млрд теңге бөлінді. Мердігер «KA-СТРОЙ LTD» компаниясы жалпы ұзындығы 988 метрлік, ені 20,6 метрлік бұл көпірді жаңадан салды десе де болады. Бұрынғы көпір түгел қиратылып алынып, жаңадан 140 тіреу соғылды. Құрылыс кезінде жаңа технология қолданылып, ұзындығы 24, 33 метрлік белдеу салынды. Жаңа көпірмен жүріп өтіп, құрылысты қабылдап алған өңір басшысы Ғали Есқалиев құрылысшыларға сілтеме жасап: «бұл көпір енді 50, тіпті, 100 жылға шыдас береді!» деп мәлімдеді.

Жаңа көпірдің қайта ашылғанына Оралдың кемінде 120 мың тұрғыны ерекше қуанғаны анық. Өйткені осы көпір жөндеуге жабылғалы бері Омега ауданы, Деркөл мен Селекционный ауылы тұрғындары қаланың орталығына жету үшін талай жерді айналатын. Бұл әсіресе коронавирус титықтатқан биылғы кезде анық білінді. Бұл араны жалғайтын №7 автобус бұрын 25 минутта жүріп өтетін арақашықтық енді 1 сағат 20 минутқа ұзарып кетті. Міне, енді автобус бағыттары жаңа көпір арқылы бұрынғы үйреншікті жолымен жүре бастады.

Әкімнің айтуынша, көпір құрылысының 85%-ына қазақстандық құрылыс материалдары пайдаланылған.

Айтпақшы, елімізде тамыз айының бірінші жексенбісі – көлік қатынасы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Жаңа көпірдің ашылуы осы мерекеге жасалған тартудай болды.

 Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ