Таным • 04 Тамыз, 2020

Аты аңызға айналған адам

1841 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Қазақстан спортының құрметті қайраткері», «КСРО спорт шебері» атағын елімізде тұңғыш алған қазақтардың бірі, күрестен Кеңес одағы құрама командасының сапына бірінші болып алынған қазақ, «КСРО-ның Құрметті спорт шебері» Жамбыл Тасеменов ағамыз биылғы тамызда мерейлі жас – 75-ке толып отыр.

Аты аңызға айналған адам

«Егемен Қазақстанда» еңбек етіп жүрген алғашқы жылда­рым­ның бірінде астанаға қызылорда­лық тілшіміз Серік Пірназар келе қалды. Секең жан-жақты жур­налист, спорт тақырыбын да қатты қаузап жүретін жан. Ол менің солтүстікқазақстандық еке­німді білген бойында «Жамбыл Тасеменов ағамыз аман ба? Ке­зінде біздің мақтанышымыз болып, грек-рим күресінен КСРО құрама командасының қатарына енген жалғыз қазақ еді» деді.

Жәкеңді жақсы білетінмін, бірақ оның 50-жылдардың жас­өспірімдері арасында таны­мал, намыстарды қайраған, жігерлер­ді жаныған сүйікті спортшы бол­ғанын біле бермейді екенмін, шынымды айтсам, қуанып қалдым... Содан бері ол туралы жазу керек­тігін жадыма сақтап жүретін едім, міне, соның сәті түсіп отыр.

Жәкең қазір Қызылжардағы қонысында, үлкен отбасының ота­ғасы болып отыр. Онымен әңгіме барысында өмірі мен спорттық жолынан біраз қызықты дүниелерді білдік. Облыстың Жамбыл ауда­нындағы ақын Б.Ізтөлин атындағы шағын қазақ ауылында туып, КСРО мен халықаралық талай дүбірлі додаға қатысып жүргенде оның бірнеше рет тән азабын да бастан кешкенін естідік.

Әкесі 1944 жылы қырғын со­ғыста жараланып, сол қолы жан­сыз­данып, ІІ топтағы мүгедек бо­­­лып оралады. Бірақ сыңар қол­ды екенмін деп ол жұмыстан қал­майды, колхоздың қара жұ­мы­сына жегіліп жүре береді. Шөп маялағанда айырды сол қо­лы­ның білегіне салып алып, бір шөмеленің жартысын биікке бір-ақ лақтыратын қайратты адам болыпты. Жамбылға дейін туған үш ұлы да қызылшадан шетінеген, ал соғыс аяқталған жылы туған кіші ұлы Жамбыл екі жасқа қарағанда құдай қосқан қосағы да аурудан ана дүниеге аттанып кеткен. Жас баласымен екеуі ғана қалған Серғазы ауылдағы күйеуі соғыста қаза бол­ған әйелге үйленеді. Жүрегі жұмсақ адам бала Жамбылға туған анасынан кем қарамай, алақанына салып өсіреді.

Ата-анасының жалғызы болып өскен Жамбыл ерке, оның үстіне бұла күші бойына сыймай, алысып-жұлысып және алысқан балаларын бойының аласалығы­на қарамай, жеңбей қоймайтын қайсар әрі шымыр болып өсіп келе жатады. Алғашқы мұғалімі, соғыс мүгедегі Қапен Әбдірахманов бі­лім беріп қана қоймай, ба­ла­­ларды спортқа да баулыған. Спорт­тық снарядтарды қолдан жасап, балалардың оларды білуіне жағ­дай туғызған. Онымен қоймай, қо­лының ісмерлігін де ынтасы бар ба­лаларға үйретуден жалықпайды екен. Бала Жамбыл оның барлық өнерін үйреніп, биялай тоқуды, пима табандауды, тіпті іс машинамен тігуді де үйреніп алады. Соның бәрі Жәкеңнің кейінгі өмірінде қажет болып, пайдасын талай рет көрсетеді. Кеңес Одағында не қат болмады десеңізші? Соның ішінде балуандардың кілемге шығарда аяққа киетін былғары «борцовкасы» да керемет қат бол­ған екен. Оның біреуіне қол жет­кізсең мәзсің, бірақ күш көп түсетіндіктен былғарысы сө­гіліп, жиі жыртылады. Сондайда Жә­кең Қапен ағасынан үйренген ісмер­лігін пайдаланып, жымпитып жамап ала қояды екен...

Бала Жамбылдың алғашқы тән жарасы балқұрақтай құлды­раңдап жүрген шағында болады. Хрущевтің тұсында жылқы деген асыл жануардың санын құртты емес пе? Сондықтан жұрт жүкті пар өгізбен таситын. Ал өгіз бір қисайса оңайлықпен тоқтамайтын, бас білмейтін жануар. Жылқы сияқты «тыр-р» десең тұра қал­майды...

Бірде, үлкен жүк арбаға же­гілген пар өгізбен шөп әкеле жат­қан әкесінің алдынан 5-6 жас­тағы Жамбыл жүгіріп шығады. Алдында құрбыларымен «ат ойнап», арқасында тізгіні салбыраған жүген жүрген екен. Әкесі өгізді тоқтатып баланы қолынан тартып алғалы жатқанда өгіз жүріп кетіп, жүгеннің салбыраған тізгіні алдыңғы дөңгелекке оралып, баланы астына бір-ақ тартып алады. Жанұшырған әке екі өгіздің ортасындағы жетекке қарғып мін­ген бойында өгіздің басынан шығып, арбаны тоқтатып үлгереді. Әйтпесе, артқы дөңгелек баланы тіпті езіп тастағандай екен...

Содан... ес-түссіз жатқан баланы ауылдың дәрігері тақтайға таңып тастайды. Тек үш күннен кейін ғана бала есін жинайды. Қай жері сынғаны да белгісіз, тек әйтеуір әлі сүйек болып қат­паған шеміршек өздігінен бітіп кетеді. Бала ыңқылдап, ауырсы­нып көп жүреді де артынан алы­сып-жұлысып, арбаның астында қалғанын да ұмытады. Дәрігер де спортпен айналыс, көп жүгір, секір деген соң сыныққа сылтау табылып, өзі де қолды-аяққа тұрмайтын бала жаз болса күресіп, доп ойнап, қыста шаңғы мен конькиден түспей, дене бітімі шымыр болып қалыптасады.

Жәкең өзінің омыртқасының қос қанаты қисық біткенін көп жылдардан соң институтта оқып жүріп, айнаға түскенде ғана бір-ақ біледі. Қисық біткен қанатты көрген дәрігер шошып кетіп, қалай жүресің, қалай дем аласың деп таң қалған екен...

Бастауышты ауылдан бітір­ген соң Жамбыл Тасеменов өз­ге құрбыларымен бірге сол төңі­рек­тегі атақты Баян мектебіне оқу­ға барады. Бұл өзі қазақ, татар, неміс, орыс тұрғындар аралас қоныстанған, бірақ бәрі де қазақша сайрап тұратын ерекше ауыл еді. Мектебі де атақты болды, оның талай түлектері алтын, күміс медальдар алып, Алматы, Мәскеудің жоғары оқу орындарына түсіп жататын. Жәкең де осы мектепті күміс медальға бітірген. Алысқа кетуге қартаң әке-шешесін қимай, 1962 жылы Петропавл пединститутының химия-биология факультетіне түседі.

Жәкең осы оқу орнына түскен сәттен бастап қана нағыз спортпен айналысуға мүмкіндік алады. Аумағы атшаптырым, қалың мат төселген күрес залын көргеннен-ақ делебесі қозып, күрескісі ке­ліп кетеді. Бірге оқитын курстас­тары Игембеков Қуаныш пен Мол­дабаев Рашидті үгіттеп, үшеуі Виктор Вик деген еркін күрес­тің жаттықтырушысына барып, күреске жазылады. Осы жерде тұңғыш рет күрестің талай тә­сілдерін үйренеді. Жамбылдың қара күші ғана емес денесінің де ебі балуандыққа икемді екенін бірден байқаған жаттықтырушы оның әдіс-тәсілдерді меңгеруін қатты қадағалап отырады. Сол жылдары, облыста қазақтың үлесі аз болғанымен спортта қадау-қадау жігіттер көзге түсіп жүретін. Соның бірі қазіргі Жәлел Қизатов атындағы ауылшаруашылығы техникумында жаттықтырушы болған Амангелді Хамитов деген жігіт екен. Бірде ол өзінің шә­кірттерін пединституттың балуан­дарымен күрестіруге әкеледі. Сол жолдастық жарыста Жәкеңнің жат­тықтырушысы В.Викке ол грек-рим күресінің еркін күрес­ке қа­рағанда артықшылығын дә­лел­деп, дәмелі шәкірттерін кү­рес­­тің осы түріне ауыстыруға ке­ңес береді. Сөйтіп, Жамбыл ­Тас­­е­меновтің грек-рим күресіндегі үл­­кен жолы ашылады.

Жәкеңнің осы күрестегі ал­ғашқы үлкен табысы – Тың өл­ке­сінің чемпионы болуы. Оған рес­публиканың ғана емес, Ресейдің көршілес облыстарынан да ба­луандар қатысқан, Тасеменов со­лардың бәрін қақыратып жеңе­ді. Осыдан әрі ол облыстың, инс­ти­туттың атынан барлық жа­рыстар­ға қатыса бас­тайды. Ал­дымен республикалық «Ауыл жас­та­рының ойындарына» қатысады. Бұл жарыста екі адамды жеңген соң үшінші, жартылай финалда Владимир Бакулинмен кездеседі. Ал Бакулин ол кезде Еуропа чемпионы болған, кейін Олимпиадаға КСРО құрама командасының сапында қатысып, күміс жүлдеге ие болған балуан. Жәкең одан ұпаймен ұтылады, бірақ «келесіде мұны бәрібір жеңемін» деп жат­тықтырушысына уәде береді.

1964 жылы Жамбыл Тас­­е­ме­новті әскерге әкетеді. Ол кез­де­гі тәртіп бойынша институттан әс­керге ала беретін. Жәкеңнің спорт­шы екені белгілі болған соң оны Түркістан әскери округының спорт ротасына жібереді. Осында жүріп Жәкең әскери округтың үш жыл бойғы, Өзбекстан мен Қырғызстан республикаларының 1966 және 1967 жылдардағы чем­пионы болып, «КСРО спорт ше­бері» нормативін орындайды.

1967 жылы Мәскеуде КСРО Халықтарының 4-ші спартакиадасы болып, Ж.Тасеменов оған Қырғыз республикасы құрама командасының сапында қатысып, жүлдегер болады. Осы жарыс­та қазақстандық Бакулинмен де кездесіп, оны жеңеді. Спар­та­киаданың қорытындысы бо­йын­ша «Советский спорт» газетіне сұхбат берген КСРО-ға еңбек сі­ңірген жаттықтырушы Алексей Катулин Жамбыл туралы былай деген екен: «Отличился молодой борец из Киргизии. Он кандидат в мастера спорта СССР, выиграл поединки у двух заслуженных мас­теров спорта и мастеров спорта международного класса, после чего был включен кандидатом в Олимпийскую сборную СССР».

Содан Жәкең құрама коман­да­ның сапына қабылданып, енді КСРО-ның курортты ай­мақ­та­рында болатын дайын­дықтарға шақырылып жүреді. Бірақ әскери міндетінің мерзімі бітпегендіктен негізгі тұрағы әлі Қырғыз рес­пуб­ликасының астанасындағы спорт ротада еді. 1967 жылы ол әскерден демалыс алып елге келгенде Қызылжардағы Ы.Ыбыраев атындағы бүкілодақтық турнирге қатысып, бірінші орын алады.

Әскери міндетін толық өтемек болып қайтадан Фрунзеге (қазіргі Бішкек) оралса, мұндағылар Жә­кеңді өздеріне алып қалмақтың қамына кірісіп, үш бөлмелі пәтер ұсынады. Бірақ бұл ата-анасының мұнда келмейтінін айтып, олардың үгітінен зорға құтылып, әскери міндетін өтеген соң елге келеді.

Осынша жарыстарға қатысып жүріп Жәкең қабырғасын да сын­­дырған, аяғының сіңірін де соз­дырған, тізесі де ойнамалы болып қалған. Бірақ жаны сірі Жә­кең көп болса 1-2 ай ғана ем­деліп, қатарға қосылып кете береді.

Петропавлдың пединституты Тасеменовті жылы қабақпен қарсы алмайды, ол кездегі В.Цатурян де­ген ректорға облыстың, оқу ор­нының намысын қорғайтын спортшылар бес тиынға керегі жоқ екен. Оқу орнына амалсыз қабылдағанымен Жамбылға стипендия да алмайсың, жатақхана да бермеймін деп кірпідей жиы­рылады. Басқа жердің бәрінде алақанға салынған КСРО құ­ра­ма командасының белді мү­шесі сөйтіп туған жерінде келім­сектердің кесірінен ешкімге ке­регі болмай шығады. Бірақ Жә­кең де оңай шағылатын жаңғақ емес, жаттықтырушысының кө­мегімен облспорт арқылы «Пет­ро­павлсельстрой» тресінің жа­тақха­насынан бір бөлмені жеке өзіне алады.

Бұл кезде Жамбыл Тасеменов спорттық зар шағында болатын, жаттығуларын да жіті жалғастырып кетеді. 1968 жылы Омбы және Қарағанды қаласындағы, 1969 жылы Польшаның астанасы Варшавадағы халықаралық турнирлерге қатысып, жеңімпаз болады. Ташкентте болған командалар арасындағы КСРО біріншілігінде Қазақстан құрамасының сапында күресіп, өз салмақ категориясында барлық қарсыластарын жеңіп, командаға ең көп ұпай әперген балуан болады. Осыдан кейін Жәкең КСРО Кәсіподақтарының спартакиадасы мен «Ауыл спортшылары» ойындарының қола жүл­­дегері болады. Сонымен қа­тар Қазақстанның 1968, 1969 және 1970-жылдардағы чемпионат­та­рында «Қайрат» ерікті спорт қо­ғамының атынан күресіп, же­ңімпаз болады.

Бұл кезде Жәкеңнің жасы 25-ке жетіп қалған, анасының үйле­ну керектігі туралы құлаққағы­сын ескерген ол пединститутты бі­тір­гелі жатқан ақылына көркі сай Сара деген қызға сөз салады. «Жігітті жұрт мақтаған қыз жақ­таған» емес пе, ақылды қыз да қарсы болмай, екі жастың арасында махаббат оты тұтанып, үйленуге бет алады. Бірақ тұратын үй жоқ. Ол кезде «Қайрат» ЕСҚ-ны Ахметжан Қазымбетов деген азамат басқаратын. Жәкең сол кісіге қайрылып, көмек беруін сұ­райды. Екі сөзге келмеген Ахаң оны республикалық спорттың сол кездегі бастығы, атақты Кәркен Ахметовке алып барады. Бұл кісі де бірден жанашырлық көрсетіп, КСРО құрама командасының клас­­сикалық күрес бойынша бас бап­кері А.Колесовқа хабарласып, сіздің командаңыздың мүшесіне үй керек болып жатыр, обкомның бірінші хатшысы В.Демиденкоға хат жіберуіңізді өтінемін дейді. Екеуі бірін-бірі жақсы танитын болса керек, ол кісі де сөз айтпай хат жібереді. Мәскеуден келген хаттың салмағы ол кезде жер қайыстырады, Жәкеңе үш ай толмай жатып, үш бөлмелі үйдің кілті тиеді.

1971 жылы Жамбыл Тасеменов үлкен спортпен қоштасып, осы саладағы екінші өмірін бастайды. Алдымен обком комсомолдың спорт бөлімін басқарып, облыс­тағы спорттың жандануына үле­сін қосады. Сол жылдардағы Пет­ропавлдың «Золотая шайба» коман­дасының республикада бірінші орын алуында Жәкеңнің де үлесі бар. Осы жерде төрт жыл істеген соң облыстың кәсіптік білім беру басқармасы бастығының орынбасары қызметіне жіберіледі. Бұл жерде Ж.Тасеменов 18 жыл табан аудармастан отырып, басқар­маның қысқарып, облыстық білім бөлімімен біріккенінше қызмет істеген.

Облыстық білім басқармасын­да Ж.Тасеменов білім беру жүйе­сіндегі дене тәрбиесі мен спортты дамыту басқармасының бастығы болып тағайындалады. Осы саладан Камиль Сафин, Федор Баумбах сияқты КСРО чемпиондарының шығуында Жәкеңнің де үлкен үлесі бар.

Еліміз өзінің тәуелсіздігін ал­ған жылдары Елбасы Н.Назар­баев өмірдің бір саласына икемі жоғары, дарынды балаларға ар­налған арнаулы мектептер ашу жөніндегі бастама көтерген. Осы бастама Жәкеңнің көңіліне қона кетеді. Апырым-ай, бізде де арнаулы спорт мектебін ашса ғой, сол мектепті өзім қолға алсам ба екен деген ой басына келеді. Ол кезде облыстық оқу бөлімінің бастығы В.Крайнов деген жақсы азамат болатын, өзінің ойын соған айтса, жоғары қызметте отырып, аза­бы көп директорлық қызметке ба­рып қайтесің деп бұл идеядан бас тартуға шақырады. Бірақ ал­ған бетінен қайтпаған Жәкең орыс­ша білім беретін №1 мектеп-ин­тернатқа ақыры директор болып ауысады. Бұл кез елімізде эко­номикалық дағдарыс басталған 1994 жыл еді. Сондықтан барған беттен алға қойған мақсатты іске асыру қаржылық қиындықтарға ұшырап, интернатты спорт мек­тебіне айналдыру оңай болмайды. Бірақ Қазақстан ғана емес Ресейдің көрші облыстарындағы спорттық интернаттың тәжірибелерін зерттеп, 1997 жылы жалпы білім беретін интернатты ақыры спорттық мек­теп-интернатқа айналдырады. Министрлікке барып, екінші күні ғана қабылдауға кіре алып, әйтеуір апарған ұсынысына қол қойғызып әкеледі. Оны сол кездегі облыс әкімі Владимир Гартманға енгізіп, оның да рұқсатын алады. Бірақ... арнайы қаржы бөлінбейді, тек келісім ғана бар. Жәкең өзінің жеке таныстығын, беделін салып жүріп, спорттық залдар, снарядтар дайындайды. Алдымен биология және еңбек кабинеттерін қосып, бір спортзал жасайды. Күрес залын дайындағандары тіп­­ті қызық. Ұзындығы 21, көл­денеңі 7 метрлік, биіктігі 4 метр­дей қолданылмайтын үлкен шатыр бар екен, оған интернаттың ішіндегі 3-ші қабаттан ғана кіре аласың. Міне, осы шатырға алдымен есік тесіп, баспалдақ орнатып, одан кәсіпорын басшылары болып істейтін тамыр-таныстан қалдық материалдарды жинап, жылу енгізіп, төбесін шынылы мақтамен тығындап, әйтеуір тамаша зал тұрғызады. Осындай әдіспен бокс, гимнастика залдарын да өз күштерімен тұрғызып алады.

1997 жылы облыс әкімі В.Гарт­ман өңірге жұмыс сапары­мен келген Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевты осында әкеледі. Әдетте, әкімдер Президент келгенде өзінің мақтаныш ете алатын нысанын ғана көрсететіні белгілі. Демек, сол жылдардағы облыстың бір мақ­танышы осы интернат болған. «Біздің түлектеріміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлына күрес тәсілдерін көр­сетті. Мен команда беріп тұр­дым, жас балуандар «жамбас», «диір­мен», «айналма», «кеудеден асыра лақтыру» сияқты тәсілдерді бірінен соң бірі әдемі жасап жатты. Бір кезде қарасам, Президенттің өзінің де делебесі қозып, кәстөмін Гартманға ұстатып қойып, қызыға қарап қалыпты. Ұстаса кетуге бала­лардың ұсақтығынан ғана іркіліп қалған сияқты. Мен оның өзі де балуан екенін білмей қалдым, егер білген болсам бір спорттық киімді артығымен ұстап, онымен «күресетін» спарринг-қарсыласты да дайындап қойған болар едім. Соған өкініп қалдым», дейді Жә­кең. Президент 20 минутқа ғана кіретін бағдарламаның орнына интернатта бір сағаттай болып, директордан көп нәрсені сұ­рап, біршама әңгімелесіпті. Осы­­ның өзі үлкен абырой болып, облыс басшылығы артынан бұл интернатқа бөлінетін қаражатты ұлғайта түскен...

Сөйтіп, мектеп-интернатты ті­келей өзінің бастамасымен ашу сәтінен бастап Жамбыл Та­се­­ме­новтің өміріндегі спортқа сіңір­ген екінші ерен еңбегі басталады. Ол осы жерде 2009 жыл­ға дейін 12 жыл директор бол­ғанда грек-рим күресінен, бокс­тан, армрестлингтен, конькимен жүгіруден, жеңіл атлетикадан және т.б. жас­өспірімдер мен жас­тар арасын­да Қазақстанның чемпионы болған ұлдар мен қыздарды санап шығудың өзі ұзақ уақыт алар еді. Бірақ оның Қазақстан құрама командасының сапында күрестен өнер көрсетіп, жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері болған А.Құдайбергенов, Азия чемпионатының күміс жүлдегері болған А.Баймағамбетов, Т.Елеуов сияқты түлектері барын айтпай кете алмадық. Мұның үстіне конь­кимен жүгіруден Азияның чем­пионы болған Д.Бабенко, Н.Ры­бакова, Р.Креч, велоспорттан әлем чемпионы болған А.Луценко деген шәкіртін қосыңыз. Осы спортшылардың бәрінің бағын ашып, Қазақстанның туын кө­терткен Жамбыл Тасеменовтің ша­ғын спорт интернаты. Жә­кең түлектерінің бәрінің де же­тіс­­тік­терімен мақтана алады, со­ның ішінде кикбоксингтен үл­кен­дер арасында әлемнің екі дүр­кін чемпионы болған Әмір Тін­әлинді, Самат Қыдыбековті, осы спорттан әлемнің күміс жүл­дегері Мирас Бірімжановты, қа­зақша күрестен Еуропа чемпионы Мақсат Нүсіповті, армрестлингтен Азия чемпионы Илья Ильинді, әлемдік универсиаданың чемпионы Маргарита Мацконы (қазір Мұқышева), конькимен жүгіруден Азия чемпионы Дмит­рий Бабенконы айрықша атап, аузынан тастамай жүреді. Егер Жамбыл Тасеменов үлкен күш салып, күндіз күлкіні, түнде ұйқыны жиып қойып, спорттық мектеп ашпаса, оның азабын арқаламаса бұлардың әлемдік аренаға шығуы, онда Қазақ елінің атын шығаруы екіталай еді.

Мектеп-интернаттың дирек­тор­­лығынан кейін Ж.Тасеменов өзінің бай тәжірибесі мен спорт­тық шеберлігін жас балаларға үй­ретіп, ұлттық спорт түрлерінен жат­тықтырушы болып жүрді. Тек бертін, гаражының төбесін жөндеп жатқанда абайсызда құлап, аяғын сындырып, көп азап шекті. Алдымен Қызылжарда емделіп, одан Ресейдегі Қорғанның Или­заров институтына да барған. Ақыры Нұр-Сұлтанда Илизаров ап­паратын үшінші рет салдырғанда ғана жарасы емделуге бет алған. Осы аппаратты салуға аяғын Пет­ропавлда, Қорғанда және Нұр-Сұлтанда отыз жерден тескен... Сынған жері жазылғанымен бір аяғы екіншісінен 3 см қысқа болып бітеді. Соншама азап шеккен басқа адам болса барлық әңгімесін осының уайымын айтудан бастар еді, ал Жәкең болса: «Бразилияның атақты футболисі Гарринчаның бір аяғы екіншісінен бес см қысқа болған екен, ол сонымен әлем чемпионы болған ғой, біздікі оған қарағанда ойыншық» деп күледі...

Жәкеңнің Бауыржан, Жанбота деген екі ұлынан төрт немересі бар. Сара апайымыз да қазақ қыз­дары арасынан Петропавлда ірі қызметтер атқарған білікті жан. Жәкең 9 тамызда 75-ке келсе Сара жеңгеймен үйленгендеріне де осы айда 50 жыл толады. Қа­зір олар немерелерінің ортасын­да күліп-ойнап отырады. Біз олар­ға қарттықтың қызығын көре бері­ңіздер дейміз.

 

ПЕТРОПАВЛ