Руханият • 04 Тамыз, 2020

Көктегі өзен

1602 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Атыңнан айналайын Қарқаралы, сенен бұлт, менен қайғы тарқамады», дей­ді Мәди. Жалпы, көркем әдебиетте мұң бас­қан көңіл, халық басындағы қайғылы жағ­дай көк жүзін тұтып алған қалың бұлт­қа теңелетіні белгілі. Өйткені аспанды бұлт торлағаны адамның көңіл күйіне де әсер етеді. Жарқ етіп бұлт астынан күн шық­са, көңіл де көтеріліп сала береді.

Көктегі өзен

Дегенмен табиғатта бұлттың рөлі бөлек. Ол негізгі ылғал таратушы көздердің бірі болып есеп­теледі. Бұлт жаңбыр әкеледі. Егер бұлт болмаса, онда мұхиттар мен теңіздердің бетінен күн сәулесінің қуатымен пайда бол­ған бу мен ылғал жер бетіне тарамас еді. Адамдар көп жағдайда ылғалды, тіршілік нәрін өзендер таратады деп есептейді. Бұл да рас. Бірақ ылғал таратуда бұлттың маңызы өзендерден артық болмаса, кем емес. Яғни оны да өзен деп есептеуге болады. Бірақ ол, бейнелеп айтатын болсақ, аспандағы өзен.

Бұлт жер бетінің кез келген түкпіріне барып жауа алады. Өзенде ондай мүмкіндік жоқ. Бұлттар мұхиттар мен теңіздерде пайда болған буды шоғырландыра отырып, құрлықтарға жеткізсе, көп жағдайда құр­лықта пайда болатын өзендер ылғалды мұ­хиттар мен теңіздерге апарып қайта қо­сады. Жер планетасындағы су айналымы осы­лайша пайда болады. Мәселен, бастауын Қытайдың таулы алқаптарынан алып, Қазақстан даласын көктей өтетін ұлы Ертіс өзенінің суы Обь арқылы мұхитқа дейін жетіп жатыр.

Құрғақшылығы басым даламызға бұлт­пен келетін жаңбырдың да мән берер қа­сиеттері көп. Бұл жайында Уикипедияда: «Зерт­теулердің нәтижесі бойынша, жер беті­нен секундына 16 млн тонна су буланып ауаға көтеріледі. Бұл мөлшер жылына 505 трлн тоннаны құрайды. Дәл осы мөлшер бір жылда жер бетіне жауатын жаңбырдың да мөлшері екендігі таңдандырады. Яғни су әрдайым белгілі бір тепе-теңдікте айналып тұрады. Егер бұл тепе-теңдікте өзгеріс туа қалса, әлемде үлкен экологиялық ауытқулар белең алып, тіршіліктің тоқтауына әкеліп соғуы да бек мүмкін. Жаңбырдағы мұндай аса бір шебер өлшем тек оның мөлшерінде ғана емес, сонымен қатар жерге түсу жыл­дамдығынан да байқалады. Жаңбыр бұлт­тары ең аз дегенде 1200 метр биіктікте бола­ды. Егер де үлкендігі мен салмағы жаң­быр тамшысындай бір зат мұндай биік­тіктен құласа, жерге 558 км/сағат жыл­дамдықпен келіп түсер еді. Алайда жаңбыр тамшыларының ерекше формасы бұған мұрсат бермейді. Жаңбыр бұлттары қандай биіктікте болса да, тамшылардың жер бетіне түсетін жылдамдығы орташа алғанда 8-10 км/сағаттан аспайды» деп жазылған.

Сондай-ақ Жердегі су айналымына бұлт және жаңбырмен қатар жер бетінде өсіп тұрған өсімдіктердің, жер асты суларының да қатысатынын айтуымыз керек. Жерге жауған жаңбыр мен өзен сулары әсерінен өсіп шыққан өсімдіктердің барлығы өздерінен ылғал бөледі. Әйтпесе таңертең шөп басына шық тұнбас еді. Жер астына тамырларын терең жіберетін ірі өсімдіктер жер асты суларын тарту қабілетіне де ие.

Қатері мол деп жарияланса да неліктен осы уақытқа дейін Алматыда жер сілкінбей келеді? Мұның себебін гидрогеолог, ҰҒА академигі Уфа Ахметсафин түсіндірген екен. Ғалымның айтуынша, Алматы тау арасында орналасқандықтан көшкен бұлтты тау ұстап қалады да, Алматыға жаңбыр көп жауады. Ол жер астына су болып еніп, жер асты сулары әбден толған кезде жердің беткі қыртысына қысымды күшейтеді. Алайда Алматыдағы жер асты суларының кейінгі жылдары халық шаруашылығына кеңінен пайдаланылуы бұл қауіпті сейілткен.

Міне, осы әңгіменің бәрі табиғаттағы бұлт қызметінен шығып отыр. Әрине бұлт өздігінен қозғалысқа келмейді. Оны ауа қысы­мы айдайды. Оны біз жел деп атаймыз. Кезінде Асан қайғы бабамыз «Ерейменнің құты жерінде емес, желінде екен» дегенде желдің ылғал, яғни бұлт айдап әкелгіш қасиетін айтқан болар-ақ. Оның үстіне Қазақстанда алғашқы жел электр стансасы да осы Ерейментау баурайында салынғанын білеміз. Осының бәрі бабаларымыздың көрегенділігін, табиғат сырларын жақсы білгендігін дәлелдесе керек.

Дәл қазір халқымыздың басындағы жағдайды да қалың бұлтқа теңесек, артық емес. Халық коронавирус індетінен ерекше зардап пен уайым шегуде. Бірақ «бір жамандықтың бір жақсылығы болады» дегендей бұлт секілді төніп келген бұл індет халық бойында бодандық пен арттақалушылық салдарынан ғасырлар бойы жабысқан кейбір кеселдерді де жаңбырдай шайып әкететіндей көрінеді де тұрады. Лайым, солай болғай!