10 Сәуір, 2010

ҚАЗІРГІ РЕФОРМА

753 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
КЕЙБІР АУЫЛДЫҚ АУРУХАНАЛАРДЫҢ ЖАБЫЛУЫНА СОҚТЫРУЫ МҮМКІН 2010 жылдан бастап денсаулық сақтау саласында енгізіліп жатқан жаңа реформа төңірегінде туындаған және өз шешімін таппаған ауылдық ауруханаларға қатысты әңгіме қозғасам деймін. Реформа жалпы сырқат азаматтардың денсаулығын нығайтуға оң септігін тигізге­німен, ауылдық жерлердегі қалыптасқан денсаулық сақтау жүйесін күйзелтіп, оның ыдырауына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Осы реформаға даярлық барысында облыс көлеміндегі ауылдық жерлердегі ауруханалар мемлекеттік мекеме мәртебе­сін жоғалтып, аудандық ауруханалармен біріктірі­ліп, қазыналық кәсіпорын ретінде қайта құрылған болатын. Осындай рәсімдеуден ауылдық дәрігерлік емханалар мен аудандық емханалар да өтті. Қазіргі реформаға сәйкес, сырқат қай ауруханада ем қабылдаса, қаражат сол ауруханаға аударылады. Бұл өз кезегінде, материал­дық-техникалық жабдықтармен және білікті мамандармен толық қамтамасыз етілмеген ауылдық ауруханалардың тіршілік ету мүмкіндігін шектеп, олардың жабылуына соқтырады. Мысалы, Қызылорда облысында Қызыл­­орда қалалық ауруханасына қарасты Қараөзек ауылындағы 10 төсектік ауруханада 2010 жылдың қаңтар айында әртүрлі себептермен ешбір сырқат ем алмаған, ал қалалық ауруха­на­ға тек өзінде ем алған сырқаттар үшін ғана қаражат түседі, сол себептен осы ауылдық ауруха­наға ешқандай қаражат түспейтін болады. Қалалық аурухана Қараөзек ауылын­дағы 10 төсектік аурухананы өз есебінен ұстауы екіталай. Бұл өз кезегінде ауылдық ауруха­наның ағымдағы шығындарының төлен­беуіне әкеліп, кредиторлық қарыз қалып­тастырады. Ақыр соңында ол ауылдық аурухананы жауып тынуы ықтимал. Аурухана жабылған жағдайда ондағы қызмет жасап жатқан дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің қайда баратыны да белгісіз. Ал бұл өз кезегінде жұмыссыздар санын көбейтіп, ауылдық жердегі әлеуметтік ахуалдың төмендеуіне жол береді. Сонымен қатар, аурухана ғимараты иесіз қалып, ауыл келбеті бұзылмайтынына кім кепіл? Дәл осындай жағдай негізінен көптеген ауылдық ауруханаларға тән, ал барлық ауылдардағы науқастардың аудандық, қалалық және облыстық ауруханаларға келіп, орналасып емделулеріне мүмкіндік­тері де, жағдайлары да келе бермейді. Сондықтан жасалған реформа өзін-өзі ақтағанша ауылдық ауруханалардың ағымдағы шығындарына (отын, су, жылу, еңбекақы және т.б.) ай сайын қаражат аудару тәртібін белгілеп, осы шығындарды белгілі бір бюджеттен өтеу қажет деп білеміз. Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ, Мәжіліс депутаты.