Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың поэзиясы барша оқырман жүрегінен берік орын алды
ЖҮРЕГІ ЖЫРМЕН ТЕРБЕЛГЕН
Фариза поэзиясы терең тылсымдарға үйіріп әкетеді. Сол себептен болар, ақын поэзиясы баршаның жүрек түкпірінен берік орын алды. Бір оқып, қоя салатындай емес, қайта-қайта оқуға жетелеп тұратын парасатты поэзияға айналды. Ақын жырын қазақша түсінетін, қазақша білетін өзге ұлт өкілдері де оқиды. Жеті жыл бұрын аяулы ақынның өзі бастамашы болған «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында биыл «Дауа» лирикалық жыр кітабының таңдалуы тегін емес. Тағы бір қайталап айтар болсақ, осы кітапқа енген жырларын оқыған ел-жұрт ақын жүрегінің нәзіктігі мен поэзиясының шынайылығына көз жеткізеді.
Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың поэзиясы барша оқырман жүрегінен берік орын алды


ЖҮРЕГІ ЖЫРМЕН ТЕРБЕЛГЕН
Фариза поэзиясы терең тылсымдарға үйіріп әкетеді. Сол себептен болар, ақын поэзиясы баршаның жүрек түкпірінен берік орын алды. Бір оқып, қоя салатындай емес, қайта-қайта оқуға жетелеп тұратын парасатты поэзияға айналды. Ақын жырын қазақша түсінетін, қазақша білетін өзге ұлт өкілдері де оқиды. Жеті жыл бұрын аяулы ақынның өзі бастамашы болған «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында биыл «Дауа» лирикалық жыр кітабының таңдалуы тегін емес. Тағы бір қайталап айтар болсақ, осы кітапқа енген жырларын оқыған ел-жұрт ақын жүрегінің нәзіктігі мен поэзиясының шынайылығына көз жеткізеді.
Аталған акция аясында 10-11 қазан күндері Атырауда «ҚазТрансОйл» компаниясы мен облыстық әкімдік қолдауымен ақын шығармашылығын кеңінен насихаттаған шаралар шоғырын өткізді.
Алдымен, «ҚазТрансОйлдың» әр өңірдегі филиалдарының қызметкерлері арасында өткізілген «Қазақ тілі – менің тілім» байқауының салтанатында бас директор Қайыргелді Қабылдин: «Қасиетті Атырау жері табиғи байлығымен ғана емес, қазақ руханиятының айтулы таланттарымен, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерімен де әйгілі. Олар ұлттық әдебиетіміздің, мәдениетіміздің, ғылымымыздың мәйегіне айналған. Осынау шоғырдың ішінде Шолпан жұлдыздай жарқырап тұрған бірегейі – Фариза Оңғарсынова. Қазақ әдебиетіне осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын өзіндік үнімен ерекше құбылыс болып келген Фариза таланты тамсандырады. Фариза поэзиясы – қазақ әдебиетін, оның ішінде қазақтың ақын қыздарының поэзиясын жаңа сапалық белеске көтерді. Биылғы 21 ақпанда Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кітапхананың, Кітапханашылар қауымдастығының бірлескен ұйымдастыру комитеті «Бір ел – бір кітап» республикалық шарасы аясында ақынның «Дауа» және «Откровение» аталатын жыр жинақтарын елімізде жаппай оқуға ұсынды. Елімізде биыл жетінші рет өткізіліп отырған «Бір ел – бір кітап» шарасы әлемнің АҚШ, Испания мен Англия, Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты елдерінде кең таралған ірі әдеби-мәдени шара. Осындай ізгі шараға «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы да белсене қатысып отыр. Бүгінгі «Бір ел – бір кітап» шарасымен байланыстырылған компанияның дәстүрлі «Қазақ тілі – менің тілім» сайысының арқауы да Фариза шығармалары болмақ», деді.
Аталған компанияда мемлекеттік тіл он жылдан аса тұрақты түрде оқытылып келеді. Кәсіби шеберлігі жоғары оқытушылар тартылып, қазақ тілін оқытуда жаңа әдістемелер, аудио-бейне материалдар мен компьютерлік технологиялар қолданылады. Мемлекеттік тілде электронды құжат айналымын қамтамасыз ететін бағдарлама жүзеге асырылуда. Ал «Қазақ тілі – менің тілім» байқауы 2008 жылдан дәстүрлі өтетін шараға айналып отыр. Биылғы байқауға «ҚазТрансОйлдың» құрылымдық бөлімшелерінен қазақ, орыс, татар, әзербайжан, болгар, корей, неміс, поляк ұлттарының өкілдері бар «Шатты шаңырақ», «Жерұйық», «Алатау», «Жігіттер», «Шаңырақ» атауларымен бес команда қатысты. Алты кезеңнен тұратын бұл байқауда өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге, сол арқылы қазақтың тарихы мен әдебиетін, соның ішінде Фариза поэзиясын терең білуге талпынысы қуантты. Әсіресе, Шығыс филиалына қарасты Жезқазған мұнай құбыры басқармасынан қатысқан «Шаңырақ» командасы Мұқағали мен Фариза поэзиясын бір-бірімен сабақтастырған композиция ұсынды. Ал қазақ әнін шырқағанда Алаш арыстары мен ұлт қайраткерлерінің портреттерін сахнаға ала шығуы да жарасып тұрды. Осы командадағы өзге ұлт өкілдерінің бәрі де қазақ тілін меңгерумен шектелмей, қазақтың өнері мен мәдениетін тереңірек білуге ұмтылысының жарқылы сәулеленіп көрінді. Ал Батыс филиалының намысын қорғаған «Шатты шаңырақ» командасының қазақ отбасының тұрмысын сахналауы сәтті шықты.
– Бұл байқауда бақ сынау үшін екі ай дайындалдық. Байқауға дейін аздап болса да қазақша сөйлейтін едік. Енді осы байқау қазақ тілін бұрынғыдан да жақсы білуімізге үйретті. Бұрын Фариза апайдың шығармаларын орыс тіліне аудармадан оқыған едім. Бұдан былай қазақ тіліндегі түпнұсқадан оқитын боламын. Фариза ақынның жүрегі жырмен тербелгенін ұғына түстім, – дейді «Шаңырақ» командасының қазақша таза сөйлейтін белді мүшесі Александр Канонников.
Айтқандай, осы команда байқаудың бірінші жүлдесіне ие болды. Батыс филиалының атынан шыққан «Шатты шаңырақ» екінші, ал жалындаған «Жігіттер» командасы үшінші жүлдені иеленді. Бұл байқаудың құндылығы неде? Біріншіден, жаһандану дәуірінде мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің таптырмас тәсілі деуге болады. Екіншіден, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді меңгеру арқылы отаншылдық сезімді қалыптастыруға септігін тигізетіні даусыз. Үшіншіден, тілі басқа, тілегі бір өзге ұлттарды қазақ ақын-жазушыларының кітабын оқуға үндеу. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерген байқаудың маңызын «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының кеңесшісі Мұхамбет Көпей былайша түйіндеді: «Талай байқауларға куә болып жүрміз. Бұл байқаудың дәл осындай жоғары деңгейде өткізілуі өте керемет, ойымыздан шықты. Оның үстіне Фариза Оңғарсынованың туған жерінде өтуі тіліміздің мәртебесін арттыруға үлес қоса түсті».
ПАРАСАТ ТҰНҒАН ПОЭЗИЯ
Иә, ақын поэзиясында алып-ұшпа сезім, жеңіл ой айтылмайды. Ақын поэзиясы мұңға толы деушілер де бар. Өйткені, әйел мұңын дәл Фариза ақын суреттегендей, поэзия тілімен ешкім бейнелей алмайтын шығар. Оқырманы үшін ақын поэзиясы осынысымен қымбат, ақын поэзиясы осынысымен өз биігінде тұр. Ақын поэзиясындағы мұң реніштен, не жеккөруден өрілген емес. Адам жүрегін еріксіз елітетін сағыныштан туындаған тәтті мұң. Ал өрлік, асқақтық, өзіндік мінез ше?
– Фариза поэзиясын зерттеушілердің бірі оның лирикасына тек қана нәзіктік тән десе, бірі асқақ, өршіл үнді дейді. Бірақ мынаны ескеру керек: Фариза жырларында мұң бар, қыз мұңы, әйел мұңы, ана мұңы бар, терең махаббат мұңы бар. Мұң бар жерде, махаббат бар жерде нәзіктік болады. Фариза поэзиясында өрлік, асқақтық та бар. Себебі, Фариза – батыр, батыл, ешкімнен қорықпайды, сескенбейді. Ол ешкімнің алдында жалпақтамайды, айтатынын бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтады. Бұл – Фаризаның мінезі. Поэзияда мінез болмай, ол шынайы поэзия емес. Фариза поэзиясы – мінезді поэзия. Ақын жырлары қайғырса да, қуанса да, шаттанса да, мақтанса да – бәрі шынайы сезіммен төгіле өлең жетесіне түседі. Бәрі лапылдап жанып тұрады. Лебі жүрегіңе енеді. Жүректен шыққан сөздер жүрекке жетпей тынбайды, – деп өзінің пікірін білдірді ақын шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда Фариза Оңғарсынованың институтта бірге оқыған курстасы, белгілі ғалым Қадыр Жүсіп.
Сағынышқа айналған әйел мұңын, қыз мұңын, махаббат мұңын шынайы жеткізуге парасатты ой қажет десек, артық айтқандық болмас. Ақын поэзиясында сағынышты мұң парасатты оймен өрнектелмесе, мұзбалақ ақын Мұқағали «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» деп мұң шақпас еді. «Дауа» лирикалық жыр кітабына енген әр өлеңі ғана емес, оның шығармашылығы тұтастай сарқылмас рухани қазынаға айналғалы қашан! Әр кезеңдері шыққан кітаптарының оқырман қолынан түспей оқылатындығын осы себептен дегіміз келеді.
Кіндік қаны тамған, әдебиет әлеміне қанаттандырған Атырау жұрты Фариза ақынды әр кез сағынып жүреді. Ақынның өзі де туған жерге аңсап келеді. Осы жолы Фариза ақын туған жеріне келе алмаса да, туған жерге сағынышын бейнекөрініс арқылы жолдапты. Ал атыраулықтардың аяулы ақынына деген сағынышы әсте ортая қоймайтыны ақын шығармашылығына арналған кітап көрмесі мен Махамбет атындағы қазақ драма театрында өткен шығармашылық кешке келушілердің көптігінен аңғарылып тұрды. Әсіресе, шығармашылық кеште ақын жырларынан сусындағысы келген жұрт театр залында иін тіресіп тұрды.
Шығармашылық кеш әуелі Фариза ақынның әдебиет әлеміне қол созған балалық шағынан шырқау шыңға көтерілген бүгінгі күнге дейінгі шығармашылық болмысы танылған өмірі сахналық көрініспен бастау алды. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан: «Қазақ әдебиетіне шығармашылық әлеуетін танытқан, өзінің де, жырының да, қайсарлығымен, қайраттылығымен қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген, бәріміз құрмет тұтатын ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауа» лирикалық жыр кітабының «Бір ел – бір кітап» акциясына арқау болуы баршамыз үшін мақтаныш. Поэзия дейтін ғажайып әлемнің бір падишасы Фариза Оңғарсыновадай асылымызды ардақтап, көпке үлгі тұту бәріміздің парызымыз» дей келе, Атырауда өткізілген шаралардың маңызына тоқталып өтті. Белгілі қаламгер Рахымжан Отарбаев, қоғам және мемлекет қайраткері Мұхамбет Көпей Фариза шығармашылығының сан қырлары туралы әңгімеледі.
Қазақтың белгілі композиторларының ақын өлеңдеріне жазылған сазды әндерін Елена Әбдіхалықова мен Сәкен Қалымов орындады. Жыр әлеміндегі тұсауын Фариза Оңғарсынованың өзі кескен жас ақындар Әлия Дәулетбаева мен Бақытгүл Бабаш халық жазушысына арнаған сағынышты өлеңдерін оқып берді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау.