22 Қазан, 2013

«Аққу» бренді тығырыққа тірелді

283 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

94eba2b4ce76809807865e9d81b«Планшет құрастыруды» желеу еткендердің қитұрқылығына қайран қаласың. Оның бәрін тізбектеп айтуды міндет етпедік, ең басты айтпағымыз, жылына 67760 планшет, 43560 монитор және 40414 теледидар құрастырып шығаруды «міндетіне алған» «Аққу» зауытының жобасы тек құрғақ қиял болып шыққандығы.

 

Басқа жерде жасалып, Қазақстанда «шығарылған» планшеттер астарында не жатыр?

94eba2b4ce76809807865e9d81bИндустриялық-инновациялық жо­балардың жүзеге асырылуы бір бөлек те, іске қосылған соң оның өз бағытын жүзеге асыруы бір бөлек. Маңғыстау өңірінде небір атышулы жобалар қолға алынып, құрылысы біткен соң тұсаукесері жасалып, сән-салтанатпен ашылып жатады. Араға біраз уақыт салып: «Осы не өндіріп жатыр, қазіргі шамасы қандай екен?» деп құзырлы орындардан қызыға сұрағанда сырғытпа жауаппен сытылып кететіндерді көріп көңілге күдік ұялайтын. Сол күдік 2012 жылы 11 тамыздағы «Егемен Қазақстан» газетінің №495-500 санында «Пайдалануға берілген жобалар. Олардың қазіргі жағдайы қандай?» тақырыбымен жазылған тілші мақаласында көтерілген болатын.

Онда Маңғыстау өңірінде тікелей телекөпір арқылы тұсауы кесілген жобалардың одан кейінгі тағдыры туралы баяндауға тырыс­қанбыз. Бірде-бір дұрыс мәлімет алу мүмкіндігі болмаған. «Осыдан басқа дәлел не қажет?» дейтіндей көзбен көріп, қолмен ұстайтын өндірген өнімі тағы жоқ «Caspiy Elektronics» ЖШС-нің жұмысына сын да айтылған.

«...Бітірері бар, ел ырысына қосары бар кәсіпорындар үшін қуанасың. Әйтсе де, күні бүгінге дейінгі ақпарларда «пайдалануға берілді, іске қосылды» деп алтын айдар тағылғанымен, әлі күнге дейін шаруасы шатқаяқтап, алғашқы өнімін өзге түгілі өздері қызықтап көрмеген нысан да бар екен. Бір қызығы, олар жайлы нақты ақпарат алу өте қиын. Кәсіпкерлік басқармасы «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына сілтесе, олар «Caspiy Elektronics» ЖШС-не бағыттайды. Ол келген жолыңа қайта сілтейді. 2011 жылы желтоқсан айында телекөпір арқылы ашылған «Планшеттік компьютер, теледидар және монитор өндірісі зауытының» жарнамасы «Қазақстандағы алғашқы планшеттік компьютер, теледидар және монитор өндіретін «Аққу» брендті зауыт 100 адамды жұмыспен қамтымақ. Енді бұрынғылардан 30-40 пайыз арзан бағамен қол жеткізе алатын тауарларды ТМД, Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс елдеріне экспорттаймыз. Каспий теңізі жағасында құрастырылған, қазақша әріп­тер енгізілген «Аққу» атты қазақстандық айподты қосқанда сізді «Дедімай-ау» әні қарсы алады» деп жаныңды жадыратып-ақ жіберетін. Сөйтсек, даңқынан дақпырты бұрын жетіпті. Нысан ашылуын ашылғанмен, екі қолға ермек таба алмай қарап отырған жайы бар. Нақты емес дерек көздерінің айтуынша, «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен» арадағы қаржылық қиындық істі тұсап тұрған секілді. Бұл сұрақты айналып өткен «Caspiy Elektronics» ЖШС директоры Ғазиз Қатарбаев «қазіргі уақытта бізде 11 адам жұмыс жасайды. Жыл соңына дейін 30 адамға жеткіземіз деп отырмыз. Алғашқы зауыт өнімдерін өндіру осы жылдың қыркүйек айында басталады. Ол LCD теледидарлары болады. Қазір оның қосалқы бөлшектері Ақтау теңіз портының қоймасында, кеден рәсімдеуі жүріп жатыр» деген мәлімет берді. Бұған дейін «іске қосылды» деп жүрген зауыттың кезекті жылтырақ сөзі ме, жоқ па – оны уақыт көрсетеді.

Маңғыстау облысында пайдалануға берілген жобалардың бүгіні осы. «Елде болса, ерінге тиеді» деп пайдасын көргеніне ел риза, ал жалған ақпарды жамылып жүргендер кімді және қашанғы алдайды» деп, күдік бұлтын жамылып отырып нүкте қойылған. Күдігіміз рас екен, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, аталмыш жобаның бет-пердесі ақыры ашылып тынды.

2010 жылы Үкімет республикада білім беру және басқа да мекемелерге қажетті планшет компьютерлерін өндіру туралы мәселе көтерген соң, көп ұзамай жоба Маңғыстау өңірінде жүзеге асырыла бастайды. Планшет құрастыру үшін «Caspiy Elektronics» ЖШС Маңғыстауда 2011 жылы 1 маусымда құрылып, сол жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті алдында ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орайлас тікелей телекөпір арқылы ашылды. «JX Company» ЖШС басшылығымен арадағы келісімшарт негізінде «Вектор Плюс» ЖШС құрылысты бес ай ішінде бітіреді. Жаңадан ашылған серіктестіктің бизнес жос­пары бойынша оның жарғылық қорындағы 800 млн. теңгенің 200 млн. теңгесі «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік қоры ұлттық компания­сы акционерлік қоғамы» есебінен бөлінгендіктен бұл компания жобаның 25 пайызына иелік етуші боп танылса, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету міндетін мойнына алған «JX Company» ЖШС жобада 75 пайыз үлестің иесі болады. Осыдан соң «JX Company» ЖШС өз міндетіне сай зауытқа қажетті жабдықтар сатып алумен «айналыса бастайды». Бұл ЖШС-ның сатып алған жабдықтарының құнын «Анира» ЖШС бағалау компаниясы 610 млн. 485 мың теңгеге бағалайды. Іске тергеу жүргізген Маңғыстау облыстық қаржы полициясындағылар, «Анира» ЖШС-нің жабдықтарды жете қарамағандығын, тек сырттай баға кескендігін алға тартып отыр. Себебі, «Caspiy Elektronics» ЖШС құрал-жабдықтарды «Сатурн Электроникс» компаниясынан 20 млн. теңгеге сатып алған және бұл жабдықтар «планшет жасауға арналмаған» болып шығады. Сондай-ақ, зауыт құрылысы, монтаждау жұмыстарын жүргізудің құны «Вектор Плюс» ЖШС-мен арадағы келісімшартта көрсетілмейді, бірақ «Caspiy Elektronics» ЖШС бұл жұмыстар үшін аталмыш ЖШС есебіне 78 млн. 780 мың теңге аударады. «Вектор Плюс» компаниясы жасаған жұмыстарға арнайы зерттеу жүргізіп, көрсетілген қызметтің құнын есептеген Маңғыстау облысы бойынша сот сараптама қорытындысы қызметті 73 млн. теңгеге бағалаған. Планшет шығару барысындағы былықтар мен шылықтар, құжаттастыру мен істі ұйымдастыруға қатысты заңсыздықтар қатары мұнымен шектелмейді. Маңғыстау облысы қаржы полициясы жүргізген тергеудің қорытындысы бойынша берілген анықтаманы оқи отырып, «планшет құрастыруды» желеу еткендердің қитұрқылығына қайран қаласың. Оның бәрін тізбектеп айтуды міндет етпедік, ең басты айтпағымыз, жылына 67760 планшет, 43560 монитор және 40414 теледидар құрастырып шығаруды «міндетіне алған» «Аққу» зауытының жобасы тек құрғақ қиял болып шыққандығы. Ең сорақысы сол, Маңғыстау облыстық қаржы полициясының тергеу қорытындылары бұл жобаны тек қаржы иемдену мақсатында құрылған деп анықтап отыр. Өйткені, ашылғалы бері небары 1000 теледидар құрастырумен шектелген зауыт планшет өндіруде көзбояушылыққа барып, өзге кәсіпорынның дайын өнімін сатып алып, оны «Аққу» брендті өз өнімдері ретінде жариялапты, яғни өзі бірде-бір планшет атаулыны құрастырып көрмеген...

Осы істің басы-қасында жүрген, қазіргі таңда күдікті ретінде та­нылған «басты кейіпкерлерге» Қазақстан Республикасы Қылмыс­тық Кодексі 176-бабының 4-бө­лі­гінің «б» тармағы және 177-баптың 4-бөлігінің «б» тармағы бойынша «өзгенің сеніп тапсырған мүлкін меншіктеді немесе талан-таражға салды», сондай-ақ «алаяқтық жасады» деген айыптар тағылып отыр. Олардың «ойыны» мемлекетке 200 млн. теңге көлемінде шығын әкелген. Қазір «планшет ісі» Ақтау қалалық соты құзырында. Оқиғаға қатысты әңгіме де, айып­талушыларға тағылған кінә туралы қорғаушылардың пікірлері де әр алуан. Істің анық-қанығы анықталып, оқиғаға қатысты кінә­лілер жазасын алады деп күтілуде. Сырты мен сөзі жылтырап, ішкі әлеміне тас түнек орнаған осындай жалған жобалардың әлі қаншасы бар екен?..

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар