Аймақтар • 05 Тамыз, 2020

Жамбыл облысында коронавируспен ауырғандар саны азайып келеді

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында коронавирус індетімен күрес оң нәтиже беруде. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде қауіпті дерттен сауыққан адамдар саны арта түскен. Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, соңғы тәуліктегі жағдай бойынша өңірде коронавирус індетінің расталған жағдайларының саны 3724-ке жетсе, бүгінде оның ішінде 3019 адам сауығып, ауруханалардан шығарылған. Бұл көрсеткіш жалпы тіркелген жағдайлар санының 81 пайызын құрайды екен. Сондай-ақ, күн сайын 70-ке жуық науқас стационарлардан шығарылуда, - деп жазады Egemen.kz

Жамбыл облысында коронавируспен ауырғандар саны азайып келеді

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымовтың айтуынша, соңғы аптада инфекциялық стационарлар мен провизорлық стационарлардағы науқастар саны 15,4 пайызға, реанимация бөлімшелерінде 24 пайызға азайған. Сонымен қатар, инфекциялық және провизорлық стационарлардағы пациенттер қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген. Бұл ретте "СК-Фармация" жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе отырып, 7,6 миллиард теңгенің дәрі-дәрмектері жеткізілген. Сондықтан да облыстық медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектердің бір айлық қоры қалыптасқан. Науқастардың денсаулығын қалпына келтіру үшін ауруханаларда 476 оттегі концентраторы, 167 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Маусым айымен салыстырғанда өкпені жасанды желдету аппаратының саны 30 пайызға, оттегі концентраторларының саны 70 пайызға артқан.

"Дәрігерлер ауруханадан шыққаннан кейін де науқастардың жағдайын бақылауды жалғастыруда. Оларға бұл істе емханалар базасында құрылған мобильді топтар көмектесуде. Топ мүшелері шығарылған емделушілердің жағдайын тексеріп, қажетті көмектер көрсетеді", дейді Хамит Мырзақасымов.

Сонымен қатар, аталған мобильді топтар үй карантиніндегі тұрғындарды да бақылауға алған. Облыс бойынша барлығы 214 мобильді топ жұмыс істейді. Ал, олардың құрамына 642 маман енген. Хамит Мырзақасымовтың айтуынша, қазіргі таңда эпидемиялық жағдай тұрақталып келеді. Өткен аптада коронавирус індеті 1,2 есеге, пневмония 2,6 есеге төмендеген. Ал, жедел жәрдем шақырушылар саны 11,4 пайызға азайған. Бүгінгі таңда өңірде коронавирус індетінің екінші толқынына қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте қосымша тағы 1600 провизорлық және инфекциялық төсек орындарын ашу, үш айлық дәрі-дәрмек қорын қалыптастыру жоспарлануда.

 

Жамбыл облысы