Аймақтар • 05 Тамыз, 2020

Биыл үлкен астыққа орақ ерте түсті

443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл еліміздің астықты өңірлерінің бірі – Солтүстіктің диқандары ораққа ерте шықты, - деп хабарлайды Egemen.kz

Биыл үлкен астыққа орақ ерте түсті

Жаппай болмаса да егісті көктемде ерте аяқтағандардың астығы жетіліп қалған. Жаздың ыстық болуы астықтың тез жетіліп, пісуіне қолайлы болды. Мұндай жаз Солтүстікте өте сирек болады, бұрын дихандардың аузынан «ауа-райының қолайсыздығы» деген сөзді жиі еститін едік. Биыл ондайды ешкім де айтпайды. Халықты жаман індет қысып жатқанда табиғат-ана жеңілдік қылып, жанашырлық білдіргендей. Көктемгі егіс науқанында да ауа-райы биыл қолайлы болған еді. Енді тек шығымдылығы жоғары астықты төкпей-шашпай жинап алу міндеті дихандардардың алдында тұр.

Облыстың ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бастығы Ерболат Бекшеновтың айтуына қарағанда дәнді дақылдардың 53 пайызы қазірдің өзінде пісіп, орақты қарсы алуға дайын тұр. Астықтың бағасы да былтырғыдан артық болмақшы. Қазірдің өзінде бидайдың бағасы былтырғы орташа бағадан 38 пайызға артық болып мөлшерленіп отыр. Егер былтыр бидай бағасының бір тоннасы 59,7 мың теңге болса, биыл ол 82,5 мың теңгеге жетіпті. Арпаның бағасы да былтырғыдан 30 пайызға артық болмақ.

Биыл дихандар астықты баптауда да үздік нәтижелерге қол жеткізген. Жыл сайын ауа-райының қолайсыздығы себепті арамшөптен химиялық құралдармен құтылуға толық мүмкіндік болмаса, биыл осы жұмыс та жаппай жүргізіліп, астықтың шығымдылығына үлкен үлес қосты.

Қазір шаруалар шөп дайындау науқанын да аяқтап келе жатыр. Облыс бойынша барлығы 750 тонна пішен дайындау межеленсе, қазір соның 70 пайыздан артығы орындалған.

Солтүстік дихандарының алдында тұрған тағы бір міндет – минералдық тыңайтқыштарды өзімізде шығару. Қазір шаруалар оның 117 мың тоннасын сатып алуға келісімшарттар жасасып қойған. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуына қарағанда минералды тыңайтқыштарды ауылшаруашылығы өндірісшілерінің өздерінің шығаруына мүмкіндік бар. «Егер бірнеше шаруа бірігіп, шағын зауыт сатып алып, минералды тыңайтқыштар шығарумен айналыссаңыздар оның бағасы әлдеқайда төмендер еді. Қазір сіздер оның тоннасын 140 мың теңгеге аласыздар, ал шағын зауыттар өнімі тек 58 мың теңге болар еді. Бұл бағытта әзірге 6 мини-зауыт қана жұмыс істеп тұр», деді ол ауылшаруашылығы мамандарымен орақ алдында болған кездесуде.

Облыстағы барлық жер көлемі 9 млн. 804 мың га болса соның жеті млн 243  мың  га немесе 73 % ауылшаруашылығына қолданылатын жерлер. Оның ішінде 5 млн гектарға жақынына астық егіледі, ал 2 млн гектардайы жайылым. Бүгінгі таңда облыста 2891 шаруа және фермерлік қожалықтар, 776 түрлі серіктестіктер осынау алқапта еңбек етіп жүр. Соның ішінде 57 мың гектар жерге астық егетін 22 ауылшаруашылығы кооперативтері де бар.

Соңғы жылдары ауылшаруашылығы өндірісшілерін мемлекеттің қолдауы да еселеп артып отыр. Соңғы үш жылда облыстың ауылшаруашылығын қолдауға 116 млрд. теңге бағытталды. Соның ішінде былтыр 39,5 млрд. теңгенің көмегі болған. Ал биыл ол рекордтық көрсеткішке жетіп, 48,4 млрд. теңгенің деңгейіне бір-ақ шықты, немесе былтырғыдан 22,5% артық. Ауылшаруашылығына құйылып жатқан инвестиция көлемі де артып келеді. Соңғы үш жылда ол 72 млрд. теңгеден 107,6 млрд. теңгеге жетіп, 1,5 есе артты. Биыл да ол 24 пайызға артып, 44,9 млрд. теңгеге жетуі көзделген. Осының өзі барлық республикалық көлемнің төрттен бірі болып отыр.

Соның арқасында қызылжарлық дихандардың көбі биыл табиғи жағдайға бейімді тұқымның элиталық сұрыбын алуға қол жеткізді. Бұл сұрып шығымдылығымен қоса өсімдіктердің түрлі ауруына да төтеп бере алады. Міне, осы сұрыптарды енді жаппай қолдану мақсаты алда тұр. Осыдан үш жыл бұрын ол әрбір жиырмасыншы тоннаға сәйкес болса, биыл әрбір оныншы тоннаға сәйкес келген еді.

Әрине, барлық сұрыптар да шығымды болуы үшін арамшөпке қарсы қолданылатын химиялық қоспаларды арттырмаса болмайды.  Бұл тарапта да қызылжарлықтар қазір үлкен табысқа жетіп отыр. Атап айтқанда пестицидтер мен биоагенттерге бөлінген ақшаның 40 пайызға арттырылуымен биыл олар 2,3 млн гектар жерге себіліп, 130 мың тоннасы пайдаланылды. Бұл соңғы жылдардағы ең үздік көрсеткіш.

Әрине, диханның қолына қолбайлау болатын техникалардың ескілігі, оларға қосалқы бөлшектер табудың қиындығы. Бұл іске де мемлекет те,  дихандардың өзі де қаражат бөлуді арттыра түсуде. Соның арқасында қызылжарлықтар соңғы үш жылда 89 млрд. теңгеге 4,7 мың дана түрлі техникалар сатып алуға қол жеткізді. Бұл істің биылғы қарқыны да жоғары. Үстіміздегі жылдың жеті айында ғана 31,5 млрд. теңгенің 1334 дана техникасы сатылып алынды.

Мемлекеттің қолдауы, табиғаттың қолайлылығы сөйтіп Есіл өңірі дихандарының қуанышын арттыруда. Тек енді күз қолайлы болып, шығымды астықты қамбаға төкпей-шашпай құйып алу мақсат болып отыр. Ол үшін әрбір қолайлы күн тиімді пайдаланылуы керек.

 

Солтүстік Қазақстан облысы