Сұхбат • 06 Тамыз, 2020

Алмаз Шарман: Адамзаттың амандығы үшін күресетін кез енді келді

1635 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Вирусолог-ғалым, медицина докторы Алмаз Шарманды әлемдік БАҚ тегі қазақ америкалық ғалым деп таныстырса, қазақтар оны бауырына тартып, өзіміздің Алмаз дейді. АҚШ-та тұратын ол бізге Covid-19 індетіне тосқауыл болуы мүмкін медицинадағы соңғы жаңалықтарға қатысты ойларымен бөлісті.

Алмаз Шарман: Адамзаттың амандығы үшін күресетін кез енді келді

– Коронавирус, вакцина тақырыбы кейінгі кезде саясиланып, алпауыт ел­дер арасында бәсекеге айналып ба­ра­­ды. Ғаламды дүр сілкіндірген пан­демияның саяси салмағын қалай баға­лайсыз?

– Коронавирус геномы ғылыми түр­де талдана бастаған жарты жылдың ішінде вакцинаға қатысты 140 жоба на­зарға алынып, оның 20-сы клиникалық сынақтардан өтіп жатыр. Мұның бәрі – өте жағымды жаңалық. Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп фарма­цев­тикалық гигант Pfizer мен неміс био­тех­нологиялық компаниясына осы жыл­­­­дың соңына дейін 100 млн доза­лық вакцинаны әзірлеуге 2 млрд доллар кө­ле­мінде грант бөлетінін айтты. Окс­форд университеті мен AstCra Zeneca ға­лым­дары дайындаған вакцина оң нә­тиже берді. Оны қабылдаған адамдарда коронавирусты бейтараптандыратын анти­денелер пайда болатыны айтылып жүр. Вакцина Ұлыбританиядағы, Бра­зи­лиядағы және басқа елдердегі 10 мың еріктілер арқылы сынақтан өтіп жатыр. Қытайлық CanSino компаниясы және америкалық Moderna компаниясы жасаған вакциналар да оң нәтиже көрсетті. Қазір бұл мәселенің саяси астарына үңілудің қажеті жоқ. Уақыт өтіп жатыр. Қолдағы күш індетті тоқтатып, адамзатты құтқарып қалуға жұмылдырылуы керек.

– Осыған дейін вакцинаны жасау үшін 10 жылдан аса уақыт кететіні айтылатын. Қазір коронавирусқа қарсы вак­циналар рекордты мерзімде дайын­далып, сынақ мерзімі мен өндіріске ен­гізу процесі қатар жүргізіліп жатқан тәрізді...

– Кейбір компаниялар, тіпті сынақ мерзімін күтпестен, барлық тәуекелді өз мойнына алатынын мәлімдеп, өнді­ріске жіберуге ниет танытты. Бұл – үл­кен тәуекел. Себебі басым көп­шілігінің кем дегенде жарты ғасырлық тарихы және нарықтағы орны бар. Вакцина сәтсіздікке ұшыраса, қандай жағдайға тап болатынын біліп отырмыз. Тәуекелге барудан өзге жол жоқ. Сынама ретінде шығарған вакцинаны өздерін КВИ-ден қорғағысы келетін еріктілерге сынақтан өткізіп, сонымен бір мезгілде өндіріс көлемін арттырғысы келеді. Қысқасы, медицина, ғылым адамзатты індеттің тырнағынан құтқаруға асығуда.

– Маусым айында «ковидтен де қауіпті қазақ тұмауы пайда болды» деген әңгіме әлемге тарап кетті. ДДҰ қа­быр­ғасында өткен жиында доктор Майк Райан мұны коронавирус­пен байланыстырып қарайтынын мәлім­деді. Қазақ тұмауы, бар болса, ол қайдан шықты? Оның жойылатын немесе әл­сірейтін кезі бола ма?

– Өкпе қабынуымен науқастанған­дардың басым көпшілігі Сovid-19-бен бай­ланысты. Көпшілігінің коронавирус тудырған аурулар ретінде жіктелмеуіне пациенттердің тексерілмегені немесе ПТP-тест сапасының нашар болғаны себеп. Ал екіншіден, «өтіріктің үш түрі бар: бұл – өтірік, анық өтірік және статистика» дегенді естіген шығарсыз: Статистикаға сәйкес біз нақты мәлімет­тер жағынан ұяттымыз. Статистикалық ашық­­тық экономиканы, денсаулық сақ­тау­ды, білім беруді және күнделікті өмі­ріміз үшін маңызды нәрсені басқаруға мүм­кіндік береді. Өкінішке қарай шын­дыққа сәйкес келе бермейтін статистика мен жалған болжамдар басқарудағы ретсіздікті, дәріханаларда дәрі-дәрмек жетіспеушілігін қалыптастыратынын ес­кер­мейміз. Маусым айында Үкімет ұсын­ған дерек пен нақты жағдай арасында айырмашылықтар болғанына куә болдық. Енді мұның бәрі өзгереді деген үміт бар.  

– Субъективті бақылаулар мен зерт­­­­теулерге сәйкес, ТМД елдеріндегі Сovid-19 өлімі АҚШ пен Еуропаға қа­ра­ған­да төмен. Мұның себебін БЦЖ вак­­ци­­на­сымен байланыстыратындар көп.

– Мұның тікелей БЦЖ-ға қатыс­ты екенін дәлелдейтін ғылыми дәйек­те­ме­лерді көрген жоқпын. Бұл – гипотеза, болжам болуы әбден мүмкін. Аталған мә­се­лені әлі зерттеу керек. Маған бала­лар ко­ро­навирус инфекциясын аз жұқ­тырады деген теория жақын. Себебі ере­сек адам­дарға қарағанда балалардың им­мундық қорғаныш қабілеті жоғары. Ал БЦЖ – туберкулезге қарсы қолданылатын вак­цина. Ал туберкулез таяқшаларының ви­рустан айырмашылығы бар, оны вирус емес, коронавирус инфекциясына мүл­дем қатысы жоқ бактерия деуге болады. ТМД елдеріндегі Сovid-19 өлімі АҚШ пен Еуропаға қарағанда төмендігі панде­мия басталған кезде эпидемияға қарсы шара­лардың тиімсіз ұйымдастырылуына байланысты. Бұл елдерде қарт адамдар санының көптігі және коронавирустың 60 жастан асқан адамдар үшін қауіпті екені маңызды рөл атқарды. Бірақ бұл дерек індетпен жас адамдар ауырмайды дегенді білдірмейді.

– Сovid-19-дан айығып шыққан адам қайтадан оны жұқтыруы мүмкін бе?

– Бұл жайлы көп айтылып жүр. Бірақ қайта анықталған дерт белгісі – сезімтал ПТР-тесттің көзіне түсіп қалған вирустың қалдықтары. Аурудан айыққаннан кейінгі пайда болатын антиденелер, иммундық жасушалар кем дегенде бір жыл ішінде инфекциядан қорғауға қабілетті деп са­наймын. Елде эпидемияға қарсы қыз­метті күшейтуге мән беретін кез келді. Эпи­демияны болжау және жаңа эпиде­мия­лық қауіп-қатерлердің алдын алу үшін аналитикалық мүмкіндіктер жасалуы керек.

Коронавирус індеті туралы айтатын бол­сақ, жұқтырған және инфекциядан қайтыс болған адамдардың санына назар аударады. Алайда қалпына келгендердің ағзасындағы өзгерістер туралы сирек айтылады. Ауру белгісі адам ағзасында із-түз­сіз жоғалып кетпейтінін көріп жүрміз. Өк­пе қабынуынан айығып шыққан адам­­дардың өкпесінде тыртықтар қала­ды. Кейбір адамдарда әлі күнге дейін өк­пенің, жүректің, бүйректің және басқа мү­шелердің ұзақ мерзімді қалпына кел­ті­руді қажет ететін аурулары бар. Олар ентігу, жүрек айну, есте сақтау қабі­ле­ті­нің жоғалуы және иістерді ажырату қабі­летінің бұзылуы сияқты жағдаймен жиі шағымданады. Әзірге адамзаттың назары дертті ауыздықтауға бағытталған. Бірақ күндердің күнінде осы дерттен аман қалған азаматтарымыздың ден­сау­лығымен шындап айналысып, мемле­кеттік деңгейде мән берілуі керек.

– Сіз жазбаларыңызда ежелгі вирустар адам геномында сақталып қа­латынын, олар кез келген уақытта пай­­да болатынын айтқан едіңіз. Коро­на­вирустың да біздің ағзамызда ұзақ жылдар ұйықтап жатып, қайтып оянуы мүмкін бе?

– Вирус үшін өзі өмір сүріп отырған дененің, иесінің өлуі тиімді емес. Адаммен бірге вирус та өледі. Ол адамсыз ештеңе де емес, тек паразит қана. Сондықтан оның табиғаты жан-жағына жұқтыра беруге бейім. Сол кезде ғана өмір сүріп қоймай, таралу кеңістігін де кеңіте бере­ді. Вирус – бөтен генетикалық материал­дың бір бөлігі. Біздің геномымызға енген кейбір вирус адаммен мыңдаған жыл бойы бейбіт өмір сүріп келеді, оның шамамен 10 пайызы ежелгі вирустардың қалдықтарынан тұрады. Олар бір кездері ата-бабаларымыздың генетикалық құрылымымен біріктірілген, осылайша бүгінге дейін генетикалық жағынан ұрпақтан ұрпаққа өтті. Мен бұл туралы «Денсаулықтың сегіз құпиясы» кітабымда жаздым. Бұлар негізінен ретровирустар деп аталады. Коронавирус осы топқа жата ма, жоқ па, бұл әлі зерттелмеген тақырып.

– Қытайда індет басталған кезде егде жастағы адамдардың, Еуропада жастардың да өкпеге жасанды түрде дем беретін аппараттарға түсіп жатқанын көрдік. Осы екі аралықта вирустың құрамында қандай өзгерістер болды?

– Иә, вирус, әрбір екі апта сайын мутацияланып жатыр. Дәрігерлерлер әзірге оның белгілі екі түріне назар аудара бас­тады. Оның алғашқысы – уханьдық, екіншісі италиялық немесе еуропалық түрі. Пандемия уханьдық түрінен басталып, Иранға, содан кейін Италияға дейін жетті. Ал мутациялана бастаған кезі осы жылдың ақпан айына тура келеді.

– Ақпан айындағы вирустың әлеуе­тіне қандай баға бересіз, наурыз айында бізге ол қандай өзгерістермен жетті?

– Ақпан айында вирустың жан-жа­ғына жұқтыру қабілеті 10 есеге дейін өсіп кетті. Қазақстанға таралған корона­вирус аздаған мутацияға ұшыраған италиялық штаммның нұсқасына көбірек ұқсай­ды. Бізге жеткен вирус өте жұқпалы һәм қауіпті. Covid-19 – әлі зерттелмеген дерт түрі. Алдағы уақытта оның жаңа нұс­қа­лары пайда болуы әбден мүмкін. Эпи­де­мияның ел ішінде тез таралуын оның жұқпалы, жан-жағына қауіпті бо­ла бастағанымен ғана байланыстырып қарауға болмайды. Көп мәселе өзімізге байланысты. Адамзатқа бас амандығын сақтау үшін күресетін кезі енді келді.

– Биыл 16 наурызда АҚШ-та төрт еріктіге коронавирустық вакцина егіл­генін, тәжірибені Сиэттлдегі Ва­шинг­тон ғылыми-зерттеу институ­ты­ның ғалымдары жасағанын ақпа­рат құрал­дары хабарлады. Бұл сынақ­тардың қалай өткенін білесіз бе?

– Жақында Джон Хопкинс универ­ситетіндегі әріптесім, профессор Джошуа Шарфтайн әлемде «коронавирусқа қар­­­сы тиімді және қауіпсіз вакцинаны кім бұрын жасайды?» деген мәселе бүкіл­әлемдік бәсекелестікке айналғанын, әрбір айналым сайын додадан шығып қалатын атлеттер эстафетасын еске салатынын ес­кертті. Жоғарыда айтып отыр­ған кезең­дер вакцина сынақтарының фазаларына сәйкес келеді.

Бірінші кезең – вакциналардың қауіп­сіздігін тексеру. Бүгінге дейін жасалған вакциналардың көбінің адам ағзасына соншалықты кері әсері болмады, тек дене қызуының шамалы көтерілуі және аздап ауырсыну сияқты зиянсыз белгілер байқалды. Бұл – көптеген стандартты вакциналарда кездесетін құбылыс.

Тестілеудің екінші кезеңінде тиім­ді­­лік­ті бағалауға басымдық беріледі. Бұл вак­цинаның инфекциядан шыны­мен қорғалуын қамтамасыз ету керек. Тек­се­рілген вакциналардың басым бө­­лігі ерік­тілерде жеткілікті күшті им­­­­мун­­дық реак­ция тудыруы мүмкін. Бұл коро­на­вирусқа тосқауыл болатын анти­дене­лер­ді қалыптастырудан, сондай-ақ вирус жұқ­тырған жасушаларды бұзатын им­мундық жасушаларды ынталандырудан байқалады.

Үшінші кезеңде – адамның ағзасына дозаны қанша мөлшерде салу қажеттігі зерттеледі. Оны анықтау үшін еріктілерге тест жүргізеді. Бұл кезең өте маңызды, өйткені ол болашақ өндіріс ауқымын анықтайды. Әзірге вакцинаның қанша уақыт қорғайтынын ешкім білмейді. Вак­цина дайындап жатқан елдер оны кем дегенде екі есе дозада қабылдау керек екенін айтып жатыр. Бұл вакцина сәтті болса, үлкен мөлшерде миллиардтаған дозалар шығаруға рұқсат беріледі.

– Адамзатқа чип орнатады деген сияқ­ты дәйексіз сөздер көбейіп кетті. Осын­дай алыпқашпа әңгімелердің таралуына не себеп болды?

– Қазір індетке қатысты артық сөздің көбейіп кеткені рас. Алғашқыда бұл жоқ ауру деді, кейін оның мемлекеттер арасында келісіммен жүргізіліп отырған биологиялық қару екенін айтты. Танымал кинорежиссер телехабарларының бірінде Билл Гейтс планетаны өзі жасайтын вак­цинаға отырғызып, барлығын бақылау үшін микрочиптерді енгізіп, осымен айна­лысқысы келетінін айтты. Бұл хабар те­ледидардан алынып тасталғанымен, әлеу­меттік желілер арқылы таралып кет­­ті. Ақылға қонымды талдау жасап, жал­­ған ақпарат көздерінің түбіне жетуге тырысатындар азайып барады. Сая­саткерлер, бизнесмендер ғана емес, так­си жүргізушілері, үй шаруасындағы әйел­­дердің аз ғана уақыт ішінде виру­со­­логқа айналып кеткенін көріп жүрміз. Ко­ронавирусқа қатысты жалған ақпарат ағымы пандемияға айналды. Кейбіреулер бұл құбылысты INFODEMY деп атады. Оның таралу көздері Facebook пен Telegram-дағы жалған аккуанттар, жал­ған youtube арналары. Біреулер Whatsapp арқылы коронавирустық панде­мия дү­ниежүзілік соғыстың бір түрі, ал 5G ұялы байланысының жаңа буыны вирус­тар­дың таралуы үшін агрессорлармен ар­найы жасалды деген ақпараттарды таратты.

– Мұны инфокоммуникациялық тех­­нологиялар ғасырында тоқтата ал­май­мыз ғой.

 – Менің өзім де осындай хабарламалар­ды жиі аламын, олардың көпшілігі ғы­лы­ми сипатқа басымдық бергісі ке­ле­ді. Жалған ғылымда ғылыми фак­ті­лер бұр­маланып түсіндіріледі, халық­ара­лық ғылыми ортадағы күмәнді бе­делі бар топ­тардың дәйектемелеріне жү­гі­ніп, аңғал топтың сенбеске амалын қал­дырмайды. Бұл шындықты жеткізуге ты­рысатын шы­найы ғалымдардың сені­міне нұқсан кел­тіреді. Қауіптің басы – осы. Салмақсыз, не­гізсіз ақпарлардың кей­біреулердің кө­кейіне қона кету се­бе­бін түсінбеймін. Ко­роновирус бұл өте қауіпті дерт, оған сіз­дің қандай ақпа­ратқа сенетініңіз, кон­с­пирологиялық тео­рияларға бейім екеніңіз маңызды емес. Оның мақсаты, бойыңызға еніп, өмірлік маңызы бар ағзаңызға ақау түсіру, сау ағзаны мүгедек ағзаға айналдыру. Бізге осыны түсінетін кез келді.

– Әлеуметтік желілердің қазақ­стан­дық, өзбекстандық сегменттерінде КВИ-ден айығуға себеп болатын ұсы­ныс­тар жайлы көп айтылады.

– Ондай ақпараттардан хабардармын. Адыраспан, зімбірге қатысты айтарым, оның пайдасы медициналық деңгейде дәлелденген жоқ. Ал саумал қымыз тә­різ­ді сүт қышқылы бактерияларымен ашы­тылмаған. Қымыз тірі сүт қышқылы бак­те­рияларымен ашытылған. Мен алғаш­қы­сына емес, соңғысына басымдық берер едім. Ашыту процесі кезінде пайдалы ферменттер, В витамині тобы, омега-3 қышқылы және антиоксиданттар пайда болады. Осылайша ашытылған сүт өнімдері миллиардтаған бактерияларға, біздің асқазан-ішек жолдарымызда өмір сүретін ұсақ тіршілік иелеріне әсер етуі мүмкін. Оның микробиома деген ғы­лыми атауы бар, жалпы салмағы 2,5 килоға жетеді. Көптеген ғалым микробиоманы көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды адам ағзасы деп атайды. Біздің микробиоманы құрайтын микробтардың көпшілігі денсаулыққа пайдалы. Олар тағамды сіңіруге, одан пайдалы заттарды алуға және зиянды токсиндерді кетіруге көмектеседі. Бұл семіздік, аллергия және созылмалы аурулардың алдын алуға көмектеседі. Ішектерден басқа, олар басқа қуыс мүшелерде, мысалы бронхтарда, ауыз қуысында, жатырда және зәр шығару жолдарында кездеседі. Микробиоманың дұрыс тепе-теңдігін сақтау үшін ішек бактерияларының өсуіне тыңайтқыш болатын көкөністер мен жемістерді үнемі тұтынуды қажет етеді. Егер күнделікті ас мәзіріне қымыз қосылса, пайдалы бактерияларды одан әрі нығайтуға болады. Осылайша біз өзімізді тек коронавирустан ғана емес, сонымен қатар көптеген аурудан да қорғай аламыз.

– Алты айдан бері коронавирус пан­демиясымен өмір сүріп жатырмыз. Адамзат коронавируспен күресте же­ңіске жете ме?

– Атақты микробиолог, Нобель сый­лы­ғының лауреаты Джошуа Ледерберг айтқандай, микроорганизмдер саны жа­ғынан бізден асып түседі, бірақ біз сақ­тықпен өмір сүреміз, өкінішке қарай көп адам мұны ескере бермейді. Вирустардың бағыты бізге қарағанда анағұрлым те­реңге бағдарланғанын енді түсініп отыр­мыз. Өмір сүру үшін олар өзгереді, бе­йімделеді, ал көбіміз сенімдеріміз бен күнделікті әдеттерімізді өзгертуден бас тартамыз. Бізге үнемі арақашықтықты сақ­тау, маска тағу немесе оқшаулану қа­жеттілігі ескертіледі. Бұл ескертулердің артында адам өмірі, бастың амандығы тұр. Миллион маска, өкпені жасанды түрде желдететін аппараттың құны бір ғана авиалайнердің бағасымен бірдей. Қазір халықаралық әуе ұшақтары ұшуын тоқтатты. Бірақ сақтық шаралары туралы ескертпелерді әлі де жүре тыңдаймыз. Со­лай бола тұра пандемиямен күресте өз қалауымыз бен оптимизмімізге үміттене беремін.

40 жылдан бері иммунология саласында жүрмін. Өмірімді адамның иммун тапшылығы вирусы – СПИД-пен кү­ресуге арнадым. СПИД-тің себептерін тү­сіну үшін ғалымдарға бірнеше жыл қа­жет болды, вирустың генетикалық құ­рылымын ашу он шақты жылға созыл­ды. Оған қарсы вакцина әлі жоқ. Ал коронавирусты зерттеудегі ғылыми же­тіс­тіктерге қарап шүкір деуге болады. Пандемия басталғаннан соң бірнеше апта ішінде коронавирустың генетикалық құрылымының шифріндегі жұмбақтарды шештік. Бұл қатерлі вируспен қалай кү­ресудің жолдарын көрсетіп берді. Нәти­жесінде, дерттің тырнағына ілініп қалған замандастарымызды ажалдан арашалап алудың сәті түсті. Дерттің тара­луын тоқ­тататын вакцина алдағы бірнеше айда жасалады деп айтуға негіз бар. Ко­ро­навирусқа қарсы препараттарды жасау­дың маңызды перспективалары бар. Бұл мәселеде әлі де көп түсініксіздік бар, бі­рақ Сovid-19 вакциналары мен ем­деу са­ласындағы кейінгі жаңалықтар қуантады.

Үміттендіретін екінші мәселе – АИТВ вирусымен салыстырғанда, коронавирус өміршең емес. АИТВ жұқтырған пациент­тер ешқашан одан толықтай арыла алмайды. Қазіргі коронавирустың адам ағзасына қонақтайтын уақыты шамамен 3 апта, бұл мерзімде дерттен айығып шығады. Яғни жағдай әбден реттелген. Нью-Йоркті ала­­йық. Осыдан бірнеше ай бұрын бұл мегаполис пандемияның ошағы болды, күн сайын 800 адам қайтыс болады. Қалада аурухана төсектері жет­кіліксіз болғандықтан, орталық саябақта шатырлы қалашық құрылды. Нью-Йорк бүгін коронавирустың өлімін нөлдік деңгейге дейін түсірді. Халқы тығыз үл­кен мегаполис бұған қарсы тұрса, онда бұл күш әлемдегі кез келген қаланың жә­не елдің қолында деп айтуға болады. Пандемиямен күресудің қиыншылығы – адамзат қазіргі коронавируспен ешқашан кездеспеген. Бірде-бір адамда иммундық қорғаныс жоқ, адамның ағзасы онымен күресуге дайын болмады, денсаулығында ақау барлар бірінші болып жұқтырды, тірі қалғандар иммундық қорғаныс жасады.

Ғалымдар ұжымдық қорғаныс үшін коронавирус инфекциясынан ха­лық­тың 40 пайызға жуығы ауырса, жет­кі­лікті деп санайды. Егер біз осыған вакцинаны да­мытудың жақын қалғанын қосатын бол­сақ, онда біз иммундық антиденені қа­лыптастыруға біртіндеп жақындап келе­міз деп болжауға болады. Сондықтан мен кез келген қоғамдық жерде маска тағуды жалғастыра беремін, адамдардан, әсіресе үйден аулақ боламын, ал ауру бел­гілері пайда болған жағдайда өзімді оқшаулауға тырысамын. Сіздерді де соған шақырамын.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ