Еске сала кетейік, биылғы киножобалар байқауы наурыз айында басталған. Байқаудың алғашқы кезеңіне электронды форматта жалпы саны 323 өтінім келіп түсті. Ұсынылған материалдарды тексеру нәтижесінде 277 жоба Сараптама кеңесінің қарауына жолданса, бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша сценарийлер мен сценарийлік жоспарлар форматында ұсынылған 107 жоба келесі кезеңге өтті. Ал толық құжаттар топтамасын қарау нәтижесінде 95 жоба питчингке қатысу құқығына ие болды.
«Соңғы жылдары ұлттық кино саласында бірқатар оң өзгерістер орын алса, бұл – сала мамандарымен бірлесіп атқарылған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Мемлекет қаржысына түсірілетін туындылардың сапасы, мазмұндық тереңдігі мен жанрлық әралуандығы жыл сайын артып келеді. Мұны мемлекеттік қолдауға ұсынылатын жобаларды іріктеу конкурсының ережелерін жетілдіру, талаптарды күшейту, сондай-ақ ашықтық пен әділдік қағидаттарын басты назарда ұстау бағытындағы жұмыстың жемісі деп білемін. Биылғы байқау да осы ұстанымдарға басымдық бере отырып жалғасын тауып жатыр. Жас киногерлердің белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Олардың жобалары тың идеяларымен, батыл шығармашылық ізденістерімен ерекшеленіп, ұлттық киноның дамуына жаңа серпін беріп отыр», деп жазды Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали ашық әрі әділ іріктеудің отандық киноны дамытудағы маңызына тоқталды.
«Питчинг – байқаудың ең маңызды кезеңдерінің бірі. Авторлар жобаларын Сараптамалық кеңеске таныстырып қана қоймай, тақырыптың өзектілігін, шығармашылық топтың кәсіби деңгейі мен болашақ фильмнің әлеуетін көрсете алады. Кино орталығы үшін іріктеудің барлық кезеңдерінің ашық әрі әділ өтуі – басты қағидаттардың бірі. Биылғы жобалар заманауи отандық киноның дамуына өз үлесін қосып, көрермен жүрегінен орын алады деп сенемін», деді.
Биыл басым бағыттар қатарына отбасы құндылықтары мен ұрпақ сабақтастығы, тарих пен мәдени мұра, қазіргі заманғы еңбек адамының бейнесі, балалар киносы, экология, спорт мен салауатты өмір салты, сондай-ақ бірлік, бейбітшілік пен қоғамдық келісім идеялары енгізілді.
Ашық қорғаудың алғашқы күнінде қатысушылар Сараптама кеңесіне көркем фильмдер санатындағы жобаларын таныстырды. Үш күн бойы авторлар өз жұмыстарын ұсынып, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржылай қолдауға, ұлттық фильм мәртебесіне үміткер жобаларға қатысты ұсынымдар қалыптастырылады.
Питчингтің өткізілу барысы Кино орталығының ресми YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Айта кетейік, Канн кинофестивалінде жасанды интеллект көмегімен жасалған алғашқы отандық көркем фильмнің жабық көрсетілімі өтті.
Алматы облысында әлемдік деңгейдегі кинопавильон салынып жатыр.
АЛМАТЫ