Спорт • 06 Тамыз, 2020

Мәскеу Олимпиадасына – 40 жыл!

992 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 40 жыл бұрын, анықтап айтсақ, 1980 жылдың 3 тамызында КСРО-ның астанасы – Мәскеуде XXII жазғы Олимпия ойындарының алауы сөнді. Айтулы додада 80 мемлекеттен келген 5179 спортшы өнер көрсетті. 16 күнге созылған байрақты бәсеке барысында спорттың 21 түрі бойынша 203 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Жарыстың тұсауын КОКП-ның бас хатшысы Леонид Брежнев кессе, даңқты баскетболшы Сергей Белов алқызыл алауды тұтандырды. Ал гимнасшы Николай Андрианов пен еркін күрес шебері Александр Медведь спортшылар мен төрешілер атынан ант берді.

Мәскеу Олимпиадасына – 40 жыл!

Кезекті Олимпия ойындарын Мәскеуде ұйымдастыру жө­нінде шешім 1974 жылдың 23 қазанында Аустрияның астанасы – Венада өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) арнайы сессиясында қабылданды. КСРО-ның астанасы өзінің басты қарсыласы – Лос-Анджелестен 19 дауыс артық жиып, айқын жеңіске қол жеткізді. Содан социалистік режімнің капиталистік қоғамнан артықшылығын дәледеу мақ­сатында Кеңес Одағы басшылары ұйымдастыру жұмыстарына ерекше ыждаһаттықпен кірісті. Бас-аяғы бес жыл аралығында ел­дегі спорттық кешендер күрделі жөн­деуден өтті. Қосымша 78 нысан салынып, олар жаңа үлгідегі құралдармен жабдықталды. Көп­теген керемет ғимараттар бой кө­теріп, Мәскеудің шырайын аша түсті. Қауіпсіздік мәселесін тү­­бегейлі шешу мақсатында бір­қатар шаралар жүзеге асырыл­ды. Атап айтсақ, Мәскеуге ісса­пармен келушілер саны күрт қысқартылды. Экскурсиялар мен түрлі мәдени шаралар өткізуге шектеу қойылды. Жеке көліктер бас қаланы айналып өтуге тиіс болды. Бұрын сотталғандар, үйі мен күйі жоқтар және бос сенделіп жұмыссыз жүргендер КСРО-ның астанасынан 101 шақырымға алыс­татылды. Құзырлы органдар 20-дан аса «ұрыны» тұтқындады. КСРО-ның Ішкі істер министрі Николай Щелоков қылмыс әлем­нің серкелерімен жеке-жеке жо­лығып, олардан Олим­пия ойындары кезінде келеңсіз оқиғаларды болдырмауға қолғабыс етуді талап етті.

1979 жылы Кеңес әскері Ауғанстанға баса-көктеп кіріп, Оң­­түстік Азия аумағында ор­на­лас­қан мемлекетте соғыс оты өршіді. Соған нара­зы­лық біл­дірген капиталистік ба­­ғыт­тағы мемлекеттердің бі­разы Олим­пиадаға қатысудан үзіл­ді-кесілді бас тартты. Бойкот жариялағандар арасында АҚШ, Канада, Қытай, Жапония, Гер­мания, Түркия, Оңтүстік Корея сын­ды мықты спорттық державалар бар еді. Кейбір елдер Мәскеуге санау­лы ғана спортшыларын жі­бер­ді. Соның өзінде олар аталған жарыстың ашылу салтанатында өздерінің мемлекеттік туларын емес, ХОК-тың туын ұстап шықты.

Бәсекелер Мәскеуде ғана емес, тағы бірқатар қалаларда өтті. Мә­селен, желкенді спорттың өкіл­дері Таллинде жиналды. Біраз футбол матчы Киев, Ленинград және Минскіде ұйымдастырылды. Нысана көздеушілер Мытищиде сайысқа түсті. Олимпия ойындарына тұңғыш рет Ангола, Ботсвана, Иордания, Лаос, Мозамбик, Кипр, Сейшел аралдары сынды елдер қатысты.

 Мәскеу Олимпиадасының жалпы командалық есебінде КСРО алдына жан салмады. Жарыс қожайындары 80 алтын, 69 күміс және 46 қола медальді олжалады. Германия Демократиялық Рес­публикасының өкілдері екінші тұ­ғырға көтерілді. Немістер 47 алтын, 37 күміс және 42 қолаға қол жеткізді. Үшінші орынды ол­жалаған Болгария командасы 8 алтын, 16 күміс және 17 қо­ланы еншіледі. Сондай-ақ үз­дік ондықтың қатарында Куба (8 алтын+7 күміс+5 қола), Италия (8+3+4), Мажарстан (7+10+15), Румыния (6+6+13), Фран­ция (6+5+3), Ұлыбритания (5+7+9) және Польша (3+14+15) құрамалары бар. Олимпия ойын­дары барысында барлығы 25 мем­ле­кеттің әнұраны шырқалып, 36 ел­дің туы көкте желбіреді.

1

XXII жазғы Олимпия ойындарында Қазақстанның 20 өрені өнер көрсетті. Солардың 16-сы олжаға кенелді. Нақтылап айтсақ, 6 алтын, 3 күміс және 7 қола медальді иелендік. Әсіресе біз классикалық күрестен өткен жарыста күш сы­нас­қан Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіковтың теңдессіз өнеріне тамсандық. Бозкілемде батылдықтың үлгісін көрсетіп, асқан шеберлік танытқан қазақтың қос балуаны алтын тұғырдан қол бұлғады. Бірі – 48 кило, екіншісі – 57 кило салмақ дәрежесінде қар­сылас шақ келтірмеді. Өкіншіке қарай, айтулы азаматтардың екеуі де қазір арамызда жоқ. Тағдыр тау­қыметін молынан татқан Шә­міл 1989 жылы нағыз кемелденген шағында көз жұмды. Ол небары 33 жаста еді... Жеке кәсібін өрге домалатып, жомарттығымен танылған Жақсылық ағамыз кү­ні кеше ғана 70 жасқа қараған шағында бақилық болды.

Спорттық гимнасшылардың бәсе­кесінде Нелли Ким екі мәрте алтын­нан алқа тағынды. Ол еркін және командалық сайыста алдына жан салмады. Ауыр атлеттер айқасында 60 кило салмақтағы Вик­тор Мазинге тең келер еш­кім табылмады. Жерлесіміз қос­сайыстың қорытындысы бойынша 290 (130+160) килолық зілтемірді ең­­серді. Желаяқтардың эста­фе­та­лық жарысында Владимир Муравьев шашасына шаң жұқ­тырмады. Су добы шебері Сергей Котенко мен баскетболшы Надеж­да Ольхова да бас жүлдені олжалады.

Боксшылар бәсекесінде Серік Қонақбаев пен Виктор Демья­ненко және классикалық күресте Анатолий Быковқа күміс жүлде бұйырды. Шаршы алаңның шынарына айналған сырмінез Серік жартылай финалда кубалық қа­былан Хосе Агиларды ұтып, фи­налда италиялық Патрицио Оли­вамен күш сынасты. Бұл жекпе-жекте біздің жігіт басым бол­ған еді. Бірақ бәсеке тағдыры саяси тұрғыдан шешілді. Өйткені Италия үкіметі Олимпия ойындарына бойкот жариялағаны бел­гілі. Бірақ биліктің бұл талабына құлақ аспаған ер мінезді жігіт Мәскеудегі додаға қатысуды құп көрді. Айтулы спортшының азаматтық ұстанымын КСРО-ның спорт басшылары жоғары баға­лап, оның Олимпиаданың алтын тұғырына көтерілуіне қолқабыс етті. Нәтижесінде Олива алтын алса, Қонақбаев күміс медальді қана­ғат тұтты. Ал Виктор Демья­ненконың шешуші тұста қабағы жарылса, Анатолий Быков ақтық ай­қаста Мажарстанның мақта­ны­шы Ференц Кочишке есе жіберді.

Қола медальді мойнына іл­гендер қатарында Фарид Зиган­гиров, Михаил Ничепуренко, Мин­неулла Азизов, Александр Мясников, Сос Айраптеян, Алек­сандр Гончаров сынды көгалдағы хоккейдің хас шеберлері мен диск лақтырушы Татьяна Лесова сынды спортшылар бар. Міне, Мәскеу Олим­пиадасы деген атаумен тарихта қалған сол ауқымды спорттық шара осыдан 40 жыл бұрын дүркіреп тұрып өткен еді.

  

Дерекнама

 - Мәскеу Олимпиадасы барысында 36 әлемдік, 39 еуропалық және 74 олимпиадалық рекордтар тір­келді. Көрермендер көптеген жан алысып, жан беріскен айқас­тардың куәсі болды.

- Көгалдағы хоккейден әйелдер арасындағы жарыс тұңғыш рет ұйымдастырылды. Дзюдо мен ауыр атлеттер сайыстарында жаңадан салмақ дәрежелері қосылды. Жеңіл атлеттер 50 шақырымдық спорттық жүрісте алғаш рет бақ сынады.

- Мәскеуде ең көп жүлде алған спортшы – КСРО өкілі Александр Дитятин. Сегіз спорт түрі бойынша өнер көрсеткен айтулы гимнасшы сол жарыстардың барлығында жеңіс тұғырына көтерілді. Ол 3 алтын, 4 күміс және 1 қола медальді иеленді.

- 1980 жылы бес бірдей спортшыға үш дүркін Олимпиада чемпионы атану бақыты бұйырды. Олар – ГДР-дің жүзушілері Рика Райниш, Барбара Краузе, Карен Мечук және КСРО жүзушісі Владимир Сальников пен байдарка есушісі Владимир Пар­фенович.

- Жүзушілердің 100 және 200 метрлік бәсекесінде 13 жасар анголалық Жорж Лима шеберлік байқасты. Желкенді спортты серік еткен саңлақтар арасында 70 жастағы болгариялық Красимир Крыстев өнер көрсетті.

- Олимпиаданың жабылу рәсімі кезінде Александра Пахмутованың сөзі және Николай Добронравовтың әніне жазылған «Қош бол, Москва!» әні орындалғанда жарыстың бойтұмары қонжық «Мишка» қол бұлғап, аспанға ұшып, көзден ғайып болғанда Орталық стадионға жиналған ондаған мың жанкүйер және көгілдір экранға көз тіккен сан миллион көрермен көзіне жас алды.

- Әр Олимпиададан кейін мүгедек жандар арасында  Паралимпиада өтетіні белгілі. Алайда Мәскеудегі ойындардан соң аталған дода өткізілген жоқ. Өйткені КСРО басшылары «Біздің елде мүгедектер жоқ» деп мәлімеді.