23 Қазан, 2013

Жанайдағы жаңа мектепшәкірттерге терең білім берумен бірге еңбекке баулуда

473 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс орталығынан 500 шақырым шалғайда жатқан Үржар ауданында биыл 8 мектептің құрылысы салынуда. Оның бірі Жанай ауылындағы 120 орындық жаңа мектеп ашылып, аудан әкімі Серік Зайнулдин, ауыл ардагерлері ұстаздар мен шәкірттерді құттықтап, сый-сияпатын жасады, оларға табыс тіледі. Аудан әкімі Серік Зинабекұлы биыл тағы жыл аяғына дейін үш мектептің, ал қалғаны келесі жылы пайдалануға берілетінін тілге тиек етті.

 

Облыс орталығынан 500 шақырым шалғайда жатқан Үржар ауданында биыл 8 мектептің құрылысы салынуда. Оның бірі Жанай ауылындағы 120 орындық жаңа мектеп ашылып, аудан әкімі Серік Зайнулдин, ауыл ардагерлері ұстаздар мен шәкірттерді құттықтап, сый-сияпатын жасады, оларға табыс тіледі. Аудан әкімі Серік Зинабекұлы биыл тағы жыл аяғына дейін үш мектептің, ал қалғаны келесі жылы пайдалануға берілетінін тілге тиек етті.

Жақында Жанайдағы жаңа мектепте болудың сәті түсті. Екі қабатты мектеп іші кірсе шыққысыз, оқушылар отыратын парталар ыңғайлы, жарқырап тұр. Екінші қабатта биология пәнінің ұстаздары түрлі гүлдер өсіріп, ашық алаңды түрлендіріп қойыпты. Аудан әкімінің орынбасары Қапсадық Байсинов мектеп құрылысын мерзімінде салып берген «Терме-Ость» серіктестігінің басшысы Күләш Ақашқызының құрылысшыларына алғысын айтты.

Күләш Ақашқызының есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс. Сонау 90-жылдары кәсіпкерлікке бет бұрып, «Терме» фирмасын ашып, сол кездегі таңсық қазақтың ұлттық киімдері –шапан, камзол, басқа да заттарды сапалы тігіп, өңірге таратқан. Енді құрылыс салуға бет бұрыпты. Бәрекелді!

Мектеп директоры, 30 жылдық еңбек өтілі бар Сәуле Нұрқасымовамен бірге мектеп сыныптарын аралап жүрміз. Жаңаның аты жаңа, барлық жерде тазалық пен ұқыптылық көзге ұрып тұр.

– Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша әр оқушыға күн сайын таңертең бір стақан ыстық сүт пен 20 грамм бал беріледі.Ағзаға ерекше қуат беретін бал мен сүт ішкен оқушылар шаршамай өздерін сергек сезінеді. Серік Бегімбаев, Владимир Москаленко, Бақытгүл Арғанатова білімі мен біліктілігін қатар алып жүрген тәжірибелі ұстаздар, –деп Сәуле біраз жайдан хабардар етті.

«Тігін цехы», «ағаш өңдеу» «темір өңдеу» деген жазуы бар сыныпқа ендік. Бұл жерде оқушыларды еңбекке баулу пәні жүргізіледі екен. Бақытгүл Арғанатова осы пәндерден шәкірттерге дәріс оқиды. 9 тігін мәшинесі, темір жону станоктары жап-жаңа. –Балаларды еңбекке баулудың мәні зор, –дейді Бақытгүл қарындасымыз. –Қазір ата-аналар балаларын еңбекке баулуға көңіл бөле бермейді. Олардың тігін және ағаш, темірден түйін түюге деген ынталары қуантады. Күні ертең үлкен өмірге жолдама алған кезде оқуға түсе алмайтындардың жұмысты оңай тауып алуға мүмкіндіктері бар.

Жанай ауылының әкімі Дәулетхан Ыбыраев осыдан екі ай бұрын ауыл әкімдерінің сайлауында үш адаммен дауысқа түсіп, жеңімпаз атанып, қызметіне кірісіп кетіпті. Бұрын Елтай ауылдық округінде бас маман болған азамат атқарып жатқан жұмыстарын айтып берді. Округте екі мектеп, «Шваб шұжығы» серіктестігі, оннан астам шаруа қожалықтары бар екен. Биыл егіннен мол астық алған диқандардың көңілі көтеріңкі, мектепке қайырымдылық шараларын жасап тұрамыз, дейді ауыл әкімі Дәулетхан ініміз.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы.