Қоғам • 07 Тамыз, 2020

Түрме аумағын гүлбаққа айналдырды

463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәмелеттік жасқа жетпей қылмыс жасаған балаларды ұстауға арналған Алматы қаласында орналасқан еліміздегі жалғыз түзеу мекемесінде бүгінгі күні 41 бала жазасын өтеп жатыр.

Түрме аумағын гүлбаққа айналдырды

Аталған қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде балалар түр­лі жұмыспен айналысып, мәде­ни-спорттық шараларға қатысатын. Ка­рантин басталғалы осы гүлбақ балалардың ермегіне айналды. Жас­өспірімдерді пайдалы ең­бек­ке баулу жұмыстары каран­тин­ кезінде де бір толастаған жоқ.

Карантин талаптарына байланысты қазір колонияға келіп өнер көрсететін немесе спорттық жарыстар өткізетін өнерпаздар мен­ спортшылар қатары сиресе де, балалардың әр күні кө­ңіл­­ді өтуде. Олардың ең сүйіп іс­­тейтін жұмыстары колония аума­ғын көріктендіру. Қыста қардан жа­сал­ған небір мүсіндер мен мұз қала­шықтар көрік берсе, жазда жайқалған гүлдер көздің жауын алады. Мұндай әсемдікті жас­өс­пірімдер өз қолдарымен жасай­ды.

Жуырда ЛА-155/6 мекемесіне осы мекеменің Қамқоршылық кеңе­сінің мүшесі Т.Томасов гүл тұқымдары мен көшеттерін сыйға тартқан болатын. Бұл сый­лықты қуана қабылдаған жас­өспірімдер мекеме ауласын одан әрі көркейте түсті.

– Мекемедегі балалар бұрын да аулаға раушан гүлдерін отыр­ғызып, оны өздері күтіп-баптап жүретін. Тіптен колонияға кел­ген қонақтарға және кездесу­ге келген ата-аналарына өздері өсір­ген алқызыл гүлдерін сыйға тартатын. Гүл көшеттерін отыр­ғызуға, тұқымынан гүл өсіруге машықтанған балалар бұл жұ­мысты бұрын істеп көрмеген балалармен өз тәжірибелерін бө­­лісті. Түзеу мекемесінің аула­­­­сындағы темір қоршауда асыр салған қояндарды күту де ба­ла­­лардың сүйікті ісі. Сотты бол­ған балаларды еңбекке баулу олардың еңбекқор болып өсуіне ықпал етеді. Ерінбей еңбек еткен адам ешқашан көштің артында қалмайды, – дейді Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Дархан Қанатбеков.