Қоғам • 07 Тамыз, 2020

«Терін сатпай, телміріп көзін сатқан» (Жергілікті фермерлер жерді жалға беруді әдетке айналдырған)

264 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Есіл ауданында іссапарда болғанымызда жинақталған іс-тәжірибесін, кәсіби біліктілігін агроөнеркәсіп саласына арнап, маңдай терін тамшылата төгіп жүрген еңбеккерлер туралы көп естідік. Біздің ойымызды тап басқандай солардың бірі «Прометей» ЖШС-нің директоры Юрий Щоль екенін аудан әкімі Алтынбек Абдоллаев алдымен атады.

«Терін сатпай, телміріп көзін сатқан» (Жергілікті фермерлер жерді жалға беруді әдетке айналдырған)

Уақытпен санасуды білмейтін абзал азаматтың ойлайтыны – тек тұр­ғындар қамы. 46 адам тұрақты жұ­мыс істейтін серіктестікте орташа жалақы 172 мың теңгені құрай­ды. Заградовка елді мекені кірсе, шыққысыз. Мәде­ни, әлеуметтік нысандар істеп тұр. Осы елді мекенде орналасқан «Заг­ра­довское» ЖШС-нің жетекшісі Иван Фисенконың атына да жылы сөздер айтылды. Ол жиырма жылға жуық мал шаруашылығымен айналысып келеді. Аустриядан әкелінген 400 бас симменталь асыл тұқымды сиыр­лар күніне 16-20 литр сүт береді. Фер­ма озық технологиялармен жаб­дық­талған. Сөзге жүйрік, іске мығым әкім «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» ғибратын осылайша нақты мысалдармен тарата келіп, бір кезде әңгіме ауаны «жаманның жаман­дығын айт, құты қашсын» та­қы­рыбына ойысты.

 Хакім Абай «қалың елі қазағын, қайран жұртын» «талап, еңбек, терең ойға, қанағатшылдық пен рақымды іске» үнемі үндеп отырған. «Өсек, өтірік, мақтаншақтықты, еріншектік пен босқа дарақыланып мал шаш­қанды» бес дұшпанға теңеген. «Орын­ды іске жүріп, ой таппаған не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған, әншейін құр бекерге бұлғақтаған» жандарға адал еңбекті үлгі еткен. «Терін сатпай, телміріп көзін сатқандарды» мінеген. Ақынның көпшілікке қарата айтқан ғақлия сөздері өміршең­дігін әсте жоймақ емес. Бүгінгінің шын­дығындай шырқырап естіледі. Елбасының «Қазақстанның әлеу­мет­тік жаңғыртылуы: Жалпыға Ор­тақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» танымдық мақаласында «ең­бек – әлемнің әміршісі» деген баға беріл­ген. Шынында да, қазір­гід­ей жаһандық бәсекелестік жағда­йын­да, әлем мазасыз күй кешіп отыр­ған сәтте шынайы өндірістік еңбек ше­шуші ұлттық факторға айнал­ға­нын, масылдықтың ақыры керенау жалқаулыққа ұрындыратынын көріп-біліп жүрміз, деген Алтынбек Тағайбекұлы көкейінде жүрген кей ойларымен бөлісті. Бесқұдық ауыл­дық округінде егістік жерлерді тиім­ді пайдалануға қатысты орын ал­ған шетін жайттарды тағы бір зер­де­леп, талдау жасапты. Аудан бо­йын­ша орташа айлық еңбекақы 128 мың теңгеден айналса, бұл округ­те 85 мың теңге ғана. Басқа шаруа­­шы­лық­тармен салыстырғанда өнім­ділік екі еседей төмен. Осынша алшақ­тық­қа, кереғарлыққа жол берілуін бы­лай­ша түйіндепті. 16 мың гектар жерге бақандай 34 шаруа қожа­лығы иелік етеді. Әрқайсысына есеп­те­генде 500 гектардан ғана тиесі­лі. Осын­ша егістік танаптарды талап­қа сай күтіп-баптап, тынымсыз еңбек­тің жемісін көруі керек емес пе?!. Жоқ, қолдағыны ұқсатып, та­быс көзін молайтуға ұмтылудың ор­нын­а «ауырдың үстімен, жеңілдің асты­мен» жүрудің оңай жолына түс­кен секілді. Атап айтқанда, егістік жер­лерді өзгелерге жалға беріп, сап­ты­аяқ­тың сабынан қарауыл қарап отыр­ған жайлары бар. Мұнда кемін­де 120 адам жұмыс істеуі керек бол­са, олар қағаз жүзінде ғана тір­кел­ген. Жұмысшылармен ешқандай келі­сім­шарт жасалмаған. Мәселен, төрт фер­мер жерлерін петропавлдық бір кәсіп­керге «аманаттап», «балапанды күзде санар» шақта бергеніне «дән риза». Анау болса, барлығын сыпырып-жиып әкетеді. Ортақ жауапкершілік, әріптестік қарым-қатынас қағидаты орнамаған жерде қоғамдық еңбекке де­ген белсенділікті, ынта-жігер­ді былай қояйық, пай­шылар­дың тұр­мысына шынайы өзге­ріс­тер ен­гі­зетін қарапайым қадам­дар кү­тудің өзі қиын. Заң нор­ма­лары­ның бұр­ма­лануы өз алдына, жұмыс­шы­лар­дың еңбек ету жағдай­лары­на орай тапқан нәпақасы мүлдем мар­дым­­сыз, бала-шағадан артылмайды. Көсе­гені көгертпейтін мұндай бере­ке­сіз тірлік округте өткен жиын­да тал­қы­ланып, жаңа біліктілікті мең­геру, адамдарды нақты еңбекке жұ­мыл­дыру, жатыпішер тоғышарлық әре­кет­тен арылу жолдары, шағын және ор­та бизнесті дамытудың мол мүм­кін­­дік­тері атап көрсетілді. Үйде жатып алып, «ауадан ақша жасайтындар» не егін екпесе, не тыңайтқыш сіңір­месе, не мал өсірмесе, не салық төле­месе, дөрекі тоғышарлықтың нағыз «клас­­си­калық үлгісі» демеске лаж жоқ, дей­ді аудан әкімі әңгімені терең­нен қозғап.

 Біз Бесқұдық ауылдық округінде болып, тұрғындарға жолыққанымызда тиесілі пай үлестерін ала алмай жүр­гендерін, жалақының мардым­сыз­дығын жасырмады. Мал, бау-бақша өсіріп, күнімізді көріп отырмыз. Фермерлерге жалданайын де­сең, жолатпайды. Не техникасы, не білікті маманы жоқтығынан егістік жерлерін субарендаға беріп қойған. Жерге қожа деген құр аты ғана. Бірі­гуге, қосылуға құлық танытпайды. «Бас-басына би болған өңкей қи­қым» деген осы», дейді ауыл тұр­ғындары Жібек Исабаева, Рашид Хайруллин, Бибігүл Оразымбетова, тағы басқалары ашын­ған үнмен. Бір фермердің 500 гектар жерінің «қызығын» жергілікті кәсіпкер көріп отыр. Көктемде егіп, күзде жинап әкетеді. Жерді баптап-күтуге, тыңайтуға, ауыспалы егіс жүйесін қолдануға ешқайсысының басы ауыр­майтын тәрізді. Мұндай мысалдар аз емес. Бесқұдық мектебінде оқу­шы­лардың саны бар-жоғы – 32. Черуновкада 85 үй болса, 12 оқу­шы ғана қалған. Жүгін жиып, көшу­ге қамданғандардың айтатыны – жол қатынасының қиындығы мен жұмыс­сыздық жайы. 34 шаруашылық – әжеп­тәуір күш. Тізе қосып, қоян-қол­тық әрекет етсе, тұрғындарды жұмыс­пен қамтамасыз етері, басқа да әлеу­меттік шараларды жүзеге асы­ра­ры күмәнсіз. Қиындықтардан қаш­қақ­тауларына қарағанда әлі барға қанағат, жоққа салауат айтып үйренген ескі әдет жетегінде жүр­ген секілді. Тағы Абайға жүгініп көре­йік­ші: «Адамзат тірілікті дәулет біл­мек, Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек. Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп, Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында мемлекет­тен жерді тегін жалға алу құқығ­ын­а ие болғандардың жерді игер­мей босқа ұстап отырғанын, елі­мізде «шөп қорыған иттің» кебін ки­ген «латифундистердің» көбейіп кетке­нін сынағаны мәлім. Бұл орайда шы­бық шаншыса жайқала өсетін ну ор­манға айналатын теріскейдің құ­нар­лы жерін орынды пайдалану өте өзекті мәселелердің бірі еке­нін жер­гіл­ікті фер­мерлердің ескере бер­мейтіні өкі­нішті. Жер – ортақ бай­лығымыз, олай болса, бірінші кезек­те, ауыл адамдары тұр­мысы­ның жақ­­саруына қызмет етуі тиіс. Жер ие­лері мен қожаларына жеке бас­­тың жа­ңа­шылдық, ізденгіш қимыл-әре­­кеттері мен белсенді ұйымдастыру­шы­лық қарым-қабілет қана тығы­рық­тан алып шығып, замана көшіне ілес­тіре алатынын сезінетін мезгіл жетті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Есіл ауданы

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51