Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің алар биігі әлі алда
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен-ақ жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру мемлекеттік саясаттың ең маңызды басымдығының бірі болып танылды. Жас мемлекеттің қалыптасу кезеңінің ең бір күрделі жылдарының өзінде ұлттық білім беру жүйесі мен студенттерді әлеуметтік қолдауды дамыту ісіне ерекше көңіл бөлінді. Осының нәтижесінде Қазақстанның жоғары мектебі үлкен биіктерге қол жеткізді. Мұны әлемге әйгілі рейтингтік агенттіктер растап отыр. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ішінде үстіміздегі жылы өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті айрықша орын алады.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің алар биігі әлі алда
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен-ақ жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру мемлекеттік саясаттың ең маңызды басымдығының бірі болып танылды. Жас мемлекеттің қалыптасу кезеңінің ең бір күрделі жылдарының өзінде ұлттық білім беру жүйесі мен студенттерді әлеуметтік қолдауды дамыту ісіне ерекше көңіл бөлінді. Осының нәтижесінде Қазақстанның жоғары мектебі үлкен биіктерге қол жеткізді. Мұны әлемге әйгілі рейтингтік агенттіктер растап отыр. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ішінде үстіміздегі жылы өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті айрықша орын алады.






Еліміздің оңтүстік өңірінің дәл ортасында орналасуы бұл көп салалы ірі жоғары оқу орнының дамуына өзіндік із қалдырды. Жұмыс берушілермен тығыз байланыс, білім сапасына басымдық беру, студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына барынша тарту оқу орнының алғашқы құрылған кезінен бастап оның басты ерекшелігіне айналды. Еліміздің оңтүстік өңірін өнеркәсіп кадрларымен қамтамасыз ету, мәдениет, спорт, білім беру салалары мамандарын даярлау оқу орнының беделін арттырып, көп жылғы дәстүрлердің сақталуы мен корпоративтік басқарудың қазіргі заманғы жолдарын қолдануға кең жол ашты.
Бүкіл елімізге белгілі Қазақ химия-технологиялық, Шымкент педагогикалық мәдениет, Шымкент дене тәрбиесі мен спорт институттарының ғылыми және кадрлық әлеуетін, сонымен қатар, Шымкент педагогикалық институтының бірқатар мамандықтарын өз арсеналына біріктірген М.Әуезов атындағы ОҚМУ бүгінгі таңда тек Қазақстанға ғана емес, шетелдерге де кеңінен танымал заманауи ғылым-білім орталығына айналып отыр.
Бүгінде 100 мыңнан асып түсетін түлектеріміздің әлемнің әр қиырында еңбек етіп өз орындарын табуы осының айғағы. Университет қабырғасынан түлеп ұшқандардың арасынан көптеген белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламент депутаттары, ұлттық және трансұлттық компаниялар жетекшілері, ғалымдар мен мәдениет, өнер, спорт саңлақтары шықты.
Университетте атқарылып жатқан істер өңір шеңберімен шектеліп қалған емес. Бүгінгі таңда мұнда 16 мыңнан астам студент білім алуда. Олардың ішінде 560 студент алыс және жақын шетелдерден келген. Бұл оқу орнындағы білім беру ісінің сапасы жоғары екендігін дәлелдейді. Жыл сайын 4 мыңға жуық студент осы оқу орнын таңдауда, олардың жартысы мемлекеттік білім грантының иегерлері.
Студент жастарға 27 академик, 150 профессор мен ғылым докторлары, 700-ден астам ғылым кандидаты, 72 ЖОО үздік оқытушысы білім нәрін себуде. Университетте қалыптасқан белгілі ғылыми мектептер Қазақстан ғылымының дамуына үлкен үлес қосуда.
Оқу орны ұжымының қажырлы еңбегінің арқасында бірқатар мамандықтар белгілі ASIIN еуропалық аккредиттеу агенттігінде аккредиттеуден өтті. Бұл бітірушілерге Еуробакалавр, Еуроинженер (EUR-ACE), Еуроинформатик (EUR-INF) құрметті еуропалық сапа белгілерін беруге мүмкіндік жасап отыр. Бұл атақтар бітіруші түлектердің еңбек нарығында өз орнын табуын жеңілдетеді. М.Әуезов атындағы ОҚМУ түлектерін тек оңтүстік өңірінде ғана емес, бүкіл еліміздегі ұлттық, бірлескен және шетелдік кәсіпорындар жұмысқа қуана қабылдайды.
Оқу орнының ХХІ ғасырдағы ең басты инновациясы «ғылым арқылы оқыту» болып табылады. Бейорганикалық және органикалық заттар технологиясы, силикаттар, құрылыс, химия өндірісінің үдерістері мен аппараттары, педагогика, өнер, мәдениет мамандықтары бойынша күшті ғылыми мектептері қалыптасқан. М.Әуезов атындағы ОҚМУ қазіргі кезде геоэкология, биотехнология, наноқұрылымды композициялық құрылыс материалдары, металлургия, машина жасау, өндіріс үдерістері мен аппараттары, фосфат шикізаты негізінде медициналық және тағамдық қоспалар алу технологиясы сияқты болашағы зор ғылыми бағыттарды дамытуды қолға алып отыр.
Бүгінде ғылыми зерттеулерді басқару жүйесі мейлінше жасампаздана түскен. Тәжірибелік-өндірістік нәтижелерге қол жеткізуіне инновациялық инфрақұрылымның құрылуы сеп болды. Аккредиттелген аймақтық зертхананың аясында инженерлік үлгідегі «Құрылымдық және биохимиялық материалдар» аталатын қуатты тәжірибелік-өндірістік кешені, басқаша айтқанда, университеттің технопаркі болып құрылды. Оқу орнымызда 9 ғылыми-зерттеу институты мен 7 ғылыми орталық жұмыс істейді. Сонымен бірге, ғылыми нәтижелердің түбірлі мән-маңызға ие жетістіктері де жоқ емес. 2005 жылға қарай ғалымдарымыздың бірқатары ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Университеттің өзінде 100-ге тарта ғылыми жобалар болса, оның ішінде ғылымның алдыңғы шебінде орын тепкен ірі халықаралық жобалар дайындалды. Осындай күрделі жобалардың қатарына 21 елдің 17 жоғары оқу орны қатысып, экологиялық таза фосфаттарды алуға сәйкес ЭКОФОС Еурокомиссиясының аяқталған жобасын жатқызуға болады. Солтүстік Атлантика одағының «Болашағы жарқын ғылым» аталатын бағдарламасының аясында «Орталық Азияның трансшекаралық суларының ластануын бағалау» жобасы ерекше атап кетуге тұрарлық. Қазіргі таңда «Қазатомпром» ұлттық компаниясы» АҚ Жоғары технологиялар институтының ғалымдарымен бірлесе отырып, уран кенін сирек кездесетін жерасты металдардан айырып алып, оны кешенді түрде қайта өңдеудің бағдарламалық жобасы «Қазфосфат» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-пен ғылыми байланыста дайындалған болатын. Бұл ғылыми жобаларға студенттердің, сондай-ақ, магистранттардың және докторанттардың тартылғанын айтпай кетуге болмайды.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ халықаралық білім беру үдерісі мен ғылыми кеңістікке белсенді түрде кіргізуде. Университет бүгінгі күнде Халықаралық белді желілердің мүшесі болып табылады, сондай халықаралық желілердің қатарына жоғары оқу орындары дизайнының Халықаралық ассоциациясы, Еуропалық химиялық-тақырыптық желі, Жоғары оқу орындарының қонақжайлылығының Еуропалық ассоциациясы, жоғары оқу орындарының Еуропалық ассоциациясын жатқызуға болады. Академиялық ұтқырлық пен қос дипломды білім беру бағдарламасының енгізілуі білім берудің жаңа үлгісіне айналды.
Білім және ғылым министрлігінің бастамашылдығының арқасында қазақстандық жоғары оқу орындары студенттерінің АҚШ, Германия, Франция, Австрия, Бельгия, Қытай, Малайзияның танымал оқу орындарында оқи отырып, біліктілігі санатын көтерудің мүмкіндігіне қол жеткізді. Тап осындай тамаша мүмкіндікті еліміздің 300-ге жуық студенті жыл сайын пайдаланып келеді.
Университетіміздің студенттері мен магистранттары біріккен бағдарламаның негізінде оқу арқылы қос дипломға қол жеткізеді.
Жоғары оқу орындарының арасындағы осындай серіктестік дипломдар – Манчестер Метрополитен (Ұлыбритания), Гамбург университеті (Германия), Анжедегі Аграрлық ғалымдардың академиясы (Франция), ХДРУ атындағы мұнай және газ РМУ-мен (Ресей) жасалады. Осы жоғарыда аталған оқу орындарындағы бірқатар мамандықтарды оқыту шет тілдерінде жүргізіле отырып, бітірушілерге қосымша артықшылықтар береді.
Биыл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті өзінің мерейлі 70 жылдық тарихындағы ең бір елеулі сәтті бастан өткергелі отыр. Білім беру, ғылыми-зерттеу және халықаралық қызметтер бойынша айтарлықтай нәтижелерге жете отырып М.Әуезов атындағы ОҚМУ үздік ЖОО-лардың Ұлттық рейтингіндегі үздік үштіктің қатарына енді. Бағдарламалық ұлттық рейтингте университеттің 30 мамандығы ең үздіктер болып табылды, ал 55 мамандық республикамыздағы үздік бестіктің қатарына енді. Университеттердің QS World University Pakings әлемдік рейтингінде оқу орнымыздың дүниежүзі үздік университеттерінің 651+ тобына кіруі үлкен жетістігіміз болды.
Университет кейінгі жылдары қол жеткізген жетістіктерінің нәтижесінде Ұлттық бизнес-рейтинг тізбесі бойынша жылдың үздік кәсіпорыны ретінде танылып, «Қазақстан – 2013 көшбасшысы» Құрмет белгісімен марапатталды. Осынау белестерге шыққан оқу орны бәсекеге қабілетті жоғары сапалы көрсеткіштерді бағындырды. Қашанда өзінің мәртебелі биігінен көрінуге ұмтылды.
Қазақстандық көшбасшылық жолдың табыстылығы ол, жоғары мектептің даму деңгейімен анықталады. Жалпы қандай қоғамда да жоғары білімді мамандарды даярлау, оларды ғылыми ілкімді ізденістерге жұмылдыру үздіксіз жүріп отыратын үдеріс екендігі белгілі десек, бүгінгі күннің талайлы міндеттерін анықтап, яки, түйінін шешкенде оны жүзеге асырып орындап шығу мүмкін болмайды. Өткеннің бай тәжірибелеріне арқа сүйеу арқылы бүгінгі күннің тұрғысынан пайдалануға болатын іліп аларлық кез келген дүниелерді де игілікке жаратудың еш сөкеттігі жоқ. Қоғамдық үдерістің осындай бір сабақтастығы, не тағылым боларлық ұлттық ерекшелігі үзілген жағдайда ол оқу орнының болашағы да жарқын болмақ емес. Тәуелсіз еліміздің қазіргі дамуына лайықты үлесін қосқан оқу орны, әсіресе, білім берудің заманауи үдерісіне түбегейлі өзгерістер енгізіп қана қоймай, үлкен бір ғылыми жаңалықтардың жаршысындай болған зерттеу ордасына айналуды көздейді. Бүкіл күш-жігерін елінің игілігі үшін дейтін ғажайып қағидалы ұстанымды бекем тұтынған бүгінгі оқу орнының болашағы жарқын да кемел болуға әбден хақылы дейміз.
Сейдехан ӘЛІБЕК,
тарих ғылымдарының докторы.
ШЫМКЕНТ.