Пікір • 07 Тамыз, 2020

Үзік ойлар, үміт ойлар

1026 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаһанды жайлаған індет ешкімді аяр емес. Әлемнің тұтқасын ұстап отырмыз деген елдердің өзі індет алдында не істерін білмей қалды. Қазақстанға келген коронавирусқа біз де қауқарсыз болып шықтық. Оған өзіміздің «не болар дейсің?» деген жайбарақаттығымыз бен бейқамдығымызды қосыңыз. Бұған қалай жол берілді?

Үзік ойлар, үміт ойлар

Әлемді шарпыған індетке жауапты мемлекеттік органдарымыз дайын болмай шықты. Жедел ақпа­рат­тар мен хабарламалар қанша дабыл қақса да, сақтық шара­ларына уақтылы мән бере қой­мадық. Ұлт­тық қауіпсіздік шекара­ны ше­ген­­­деумен бітпейтінін ұмыт қал­дырдық.

Медицина түрлі реформалардың нәтижесінде біртекті мамандар даяр­лай бастады. Кезінде тіпті педиатрия мамандықтарын да жауып тастадық. Осылай вирусологтар, эпидемиологтар, паразитологтар тағы да басқа көзге көрінбейтін, еленбейтін мамандықтарға «сұ­ра­ныс жоқ» деген желеумен кадрлар дайындау азайды.

Індет кезінде кемшіліктер анық көрінді. Пандемия халықтың басына көп қиындық әкелді. Жас та, жасамыс та, аға ұрпақ өкілдері де айдың аманында, күннің тыныш­ты­ғында дұрыс ем қабылдай алмай, жарық дүниемен қоштасты.

Ұстаз ағаларым, академиктер, күні кеше министр, ҰҒА пре­зи­ден­ті, ректор болған ғалым­дар Көпжасар Нәрібаевтың, Кен­же­ғали Сағадиевтің, Еділ Ерғо­жин­нің жаназасына қатыса алмадым. Өкінішті.

Орта ғасырлардан бері ілі­мі­­­­не әлем табынған Әбу Әли Ибн Синаның (Авиценнаның) мына бір сөзі жадымнан шықпай жүр: «Жаратқаннан кесел жетсе, денсаулық бақыт екенін, адам сонда ғана сезінеді». Атақты ға­лым обаны жеңген ұлы тұлға ғой. Ескір­мей­тін ілімнің ғұламасы.

Коронавирус жас, жағдай таң­да­­майды. Бұл қиындықты мен де өз басымнан өткердім.

Пандемия кезінде дәрігерлер, осы саланың барлық деңгейдегі мамандары алғы шепке шықты. Президент айтқандай, олар қаһар­лы індетке кеуде тосты. Сақтан­ды­ру киімдері жетіспеді, залалсыздандыру дәрілері, бетперде, қол­ғаптың жетіспеуі денсаулық сақ­тау жүйесінің олқылықтарын ашып көрсетті.

Дәрігерлер үйлеріне бармай «ка­зармалық» жағдайда өмір сүрді. Қазақстанда 8515-тен астам медицина қызметкерлері коронавирус жұқтырды. Біразы жарық дүниемен қоштасты. Араша болған дәрігерлер қауымына көңіл айтамын, алғыс білдіремін.

Дәрігерлер өздерінің «Гип­пок­рат антына» адал екен­дік­терін сын сағатта анық көрсетті. Олардың біреуі де «майдан шебінен» шегін­ген жоқ. Жұмыс орындарында болды. Олар өздерінің мықты рухымен, азаматтық болмысымен, отансүйгіштікпен патриотизмнің, ұлтжандылықтың үлгісін көрсетті. Ұлт тарихында есімдері алтын әріппен жазылатын Қазақстан азаматы деген атаққа кір келтірмеді. Бұл – ел тарихы бетінен ешқашан өшпейтін ерлік.

Президент дәрігерлер қауы­мы­на мүмкіндігінше материалдық-моральдық көмек жасауды Үкі­мет­ке тапсырды және оны өзі қадағалауда. Ел басына күн туғанда Президент жұмыс кабинетінде отырып, кеселді одан әрі ушықтырмау үшін жедел шаралар қолданып отыр. Ол да індетпен күресудің алғы шебінде жүр.

Мемлекет басшысы 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жария­ла­ды. Республика бойынша індеттен шейіт болғандарды еске алып, бір минуттық үнсіздік жарияланды, мемлекеттік Ту төмен түсі­рілді. Президент халықпен бірге мұңайды, халықпен бірге қай­ғыр­ды.

Ойды ой қозғайды. Осы індет кезінде қаза болған дәрігерлерді соғыс құрбандары санатына ен­гізіп, Чернобыль апатына қатыс­қан­дар сияқты олардың статусын айқындау қажет деп білемін.

Сонымен қатар Парламенттің күзгі сессиясынан бастап Үкіметке депутаттық сауал жолдап, қажет болса, депутаттар бастамашылық жасап, тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсы­на­мын. Бұл ойымды Мәжіліс пен Сенаттағы әріптестерім қолдайды ғой деп ойлаймын.

Өмірдің тағы бір өзекті мәсе­ле­сіне назар аудартқым келеді. Әлеу­мет­тік желілерде әртүрлі жағым­ды-жағымсыз ақпараттар тарай бастады. Соның бірі туралы айта кетейін. Германияда Парламенттен тыс комиссия құрылып, коронавирустың шығуы, таралуы, атқарылған іс­тер­дің деңгейі туралы конференция өтіпті. Оған Германияның дәрігерлер қауымы, құқық қор­ғау органдарының мамандары қатысып, сындарлы әңгіме жүр­гі­зіпті.

Қазақстан Парламенті де күзгі сессияда қос Палатаның бірік­кен мәжілісін шақырып, індет­тің себеп-салдарлары туралы Үкі­мет­тің есебін тыңдауы керек қой деп есептеймін. Сонда халық өз сұрақ­та­рына жауап алатын болады.

Парламент депутаттары осындай қиын кезеңдерде халықпен бірге қиындықты көтерді. Әркім өз хал-қадірінше елге көмек қолын созды.

Сенат комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлімдеме жасады. Халық қиналып жатқанда, кейбіреулер өзінің бас пайдасын ойлап, жасырын зауыт ашып, тонналап дәрілер шығарып, оны сатқаны туралы ашына айтты.

Иә, мәлімдеме жасалды. Өкі­ніш­­ке қарай, Денсаулық сақтау ми­нис­трлігі, құқық қорғау органдары жұмған ауыздарын ашпай отыр. Мұндай мәлімдемеден кейін олар «SOS» дабылын қағуы керек еді. Бірақ «баяғы жартас, бір жартас».

М.Құл-Мұхаммедтің мәлім­демесінің аржағында бүкіл Сенат тұрған жоқ па? Бұдан кейін жауапты органдарға, құқық қорғау органдарына сенім бола ма? Халықтың ашынуы да осындай фактілерден пайда болады. Бұл – ойланарлық жайт.

Үкіметтің қайырымның тиім­ді­лігі болмаған соң, халық өзін-өзі сақтауға көшті. Ел азаматтары, бизнесмендер, қоғам белсенділері, шетелде тұратын қандастарымыз, өз қаражаттарына өкпе желдет­кіш­терін, дәрі-дәрмектер, бетперделер алып жібере бастады. Шетелден де гуманитарлық көмектер аз жіберілген жоқ. Бірақ кейбір үкі­мет­тік ұйымдар әлдебір заңның тар­мақтарын желеу етіп, ол көмекті дер кезінде халыққа жеткізбеді, қоймаларда сақтады.

Әлеуметтік желі ақпараттың қуатты көзіне айналды. Бұл әңгіме ел Президенті Қ.К.Тоқаевқа жетті. Президент халық сөзін естіді. Шұғыл тапсырмалар берді. Көмек халыққа жетті. Президент аралас­па­са, бұл шенеуніктік шектен шы­ғу жалғаса берер ме еді?

Жақында Денсаулық сақтау вице-министрінің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Жоғарыдағы күдікті іске оның қатысы бар ма, жоқ па, оны тергеу амалдары көрсетер. Бірақ қоғамдық ой төмендегідей: «Бұл бір адамның қолынан келетін іс емес. Ұйымдасқан қылмыс. Мұны халыққа қарсы жасалған қыл­мыс деп есептеуіміз керек».

Президент тапсырмасына орай біршама шара атқарылды. Оның бәрі баспасөзде жазылғандықтан, әрі қарай қайталаудың қажеті жоқ қой деп есептеймін.

Қоғам, билік арасын ашу кей­бір саясаткерлердің машығына айналған сияқты. Жақында ғана өткен дәуірдің «саясаткерлерінің» бірі шетелде жатып, Президентке қоқан-лоққы хат жолдады. Бұл қазіргі ушығып тұрған кезеңде қан­шалықты орынды? «Жау жа­ға­дан алғанда, бөрі етектен тартыпты» дегендей өз отандастарымыз да жарыса әлеуметтік желіні шулатты. Халық пен биліктің арасына от жағуға тырысқан жарияланымдар жасады. Ашып айтқанда, олардың барлығы Үкіметті тарату керек дейді. Бұл саясаткерлерді де, халықты да ойландыруы керек. Дәл қазіргі қиын жағдайда Үкіметті таратудың оң және теріс әсерлері мен тәуекелдерін Президентіміз өте жақсы біледі.

Президент – халықаралық дең­гей­де­гі ірі саяси тұлға. Ол әр ісін «мың ойлап, бір кеседі». Сондықтан да бұл мәселелерді жан-жақты зерделеп, тиісті шешімін қабылдайтын болар.

Қазақстандағы қоғамдық ұйым­дар мен партиялардың өкіл­дері, сая­саткерлер, қоғамтанушылар Мем­лекет басшысына өйту керек, бүйту керек деген дәйексіз сөздермен емес, бірігіп, белдесіп, індетті жоюға көмектесіп, бір сапқа тұрғаны елімізге де, халқымызға да пайда әкелер еді. Бұл – зайырлы қоғам жолы, даму жолы.

Ресми билік халықтан түсіп жатқан ой-пікірлердің бәрін сараптамадан өткізіп, республика басшысына тиімді және тиянақты ұсыныстар жасар деп ойлаймын.

Әрине тығырықтан шығу үшін қатаң тәртіп керек. Заң диктатурасы орнаған ел ғана қиындықтан қысылмай өтеді.

...Үзік ойлар, үміт ойлар. Қиындық кетіп, жақсылық келер күн алыс емес. Үмітімізді үзбейік! Бар қиындықты жеңеміз. Бірге жеңеміз!

 

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

сенатор, ҰҒА академигі