Үкімет • 07 Тамыз, 2020

Ералы Тоғжанов Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес отырысын өткізді

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов бейнеконференция байланысы режимінде жетекші отандық ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Ералы Тоғжанов Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес отырысын өткізді

Кеңесте еліміздің биоқауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер, осы сала бойынша жеке заң әзірлеу, халықты COVID-19-ға қарсы вакциналау, кадрлар даярлау, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жұмысын дамыту қажеттігі талқыланды.

Мәселелерді талқылау барысында ғалымдар мен сарапшылар еліміздің биоқауіпсіздігін одан әрі дамыту бойынша жүйелі шараларды әзірлеу үшін диалогтық алаң ретінде құрылған кеңестің маңыздылығын жоғары бағалады.

Білім және ғылым министрлігі биоқауіпсіздік және биотехнология саласында елімізде 12 ғылыми ұйым жұмыс істейтінін, бүгінгі таңда осы ұйымдар аса қауіпті ауруларға қарсы 68 вакцина, биологиялық препараттардың 52 түрін әзірлегенін хабарлады.

Бұл Кеңес үздік әлемдік практикаларды Қазақстанға енгізу үшін беделді халықаралық ұйымдармен, биоқауіпсіздік жөніндегі зерттеу институттарымен ынтымақтастықты жолға қояды, сондай-ақ басым бағыттарды дамыту жөнінде ұсынымдар әзірлей отырып, биоқауіпсіздік саласындағы өнім өндірудің отандық нарығына талдау жасайды.

Премьер-Министрдің орынбасары пандемия жағдайында биологиялық қауіпсіздік саласын дамытудың ерекше маңыздылығын атап өтті.

"Кеңес жаңа технологияларды енгізуді, цифрландыруды, ғылыми жаңалықтарды, сондай-ақ болашақты болжайтын деректерді ескере отырып, биоқауіпсіздікті дамыту бойынша жүйелі ұсыныстар әзірлеуі тиіс. Қысқа мерзімде биоқауіпсіздік саласындағы кадрлардың қажеттілігін анықтау, қазіргі талаптарды ескере отырып, оқу бағдарламаларын өзектендіру, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің бағыттары мен тақырыптарын, олардың практикалық маңыздылығын күшейте отырып қайта қарау талап етіледі. Сонымен қатар биоқауіпсіздік мәселелерін заңнамалық реттеу үшін тиісті заң жобасын әзірлеу қажет", деді Е.Тоғжанов.