23 Қазан, 2013

Кәсіпкерлікті қолдау күшейеді

352 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің өткен кеңейтілген отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігіне айналғанымен, оны жүзеге асыруға қатысты шағымдар да көбейіп отырғанын айтқан болатын. Осыған орай кәсіпкерлерді заңсыз тексеру көп екендігін, бірақ сол үшін жауапқа тартылып жатқан кінәлі лауазымды тұлғалардың тым аздығын да Бас Прокурорға ескерткен еді. Міне, осы мәселелерге байланысты кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев кезекті баспасөз конференциясында отандық кәсіпкерліктің жай-күйі, оны қазіргі таңда қолдау, қорғау жайына тоқталды.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің өткен кеңейтілген отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігіне айналғанымен, оны жүзеге асыруға қатысты шағымдар да көбейіп отырғанын айтқан болатын. Осыған орай кәсіпкерлерді заңсыз тексеру көп екендігін, бірақ сол үшін жауапқа тартылып жатқан кінәлі лауазымды тұлғалардың тым аздығын да Бас Прокурорға ескерткен еді. Міне, осы мәселелерге байланысты кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев кезекті баспасөз конференциясында отандық кәсіпкерліктің жай-күйі, оны қазіргі таңда қолдау, қорғау жайына тоқталды.

Орта буынды кәсіпкерлік әр мемлекеттің ұлттық экономикасының негізі болып табылады, деді А.Әби­буллаев. Бұл – әлемдік аксио­ма. Осыны ескере отырып, 11 қазанда Үкімет мүшелерінің қаты­суы­мен өткен кеңейтілген отырыс­та ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру тұрғысында оны мемлекеттік қорғау және отандық кәсіпкерлікті қолдауды күшейту қажеттілігіне баса назар аударды. Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несие бойынша пайыздық мөлшерлемені қаржыландыру жөніндегі жұмыс­тар облыс­тарда мардымсыз жүр­гізіліп жатқандығына және грант­тардың бөлініп берілмеуі мен кәсіпкерлердің шағын несиелерге қолы жетпей отырғандығына айрықша алаңдаушылық білдірді.

Президент ұсынысымен біздің мемлекетте кәсіпкерлерге қаржы бөлініп, заң жүзінде орта және ша­ғын бизнесті қолдау жөніндегі қазақстандық кәсіпкерлерге жа­салынатын жағдайлар, яғни мем­лекеттік қаражат бөлу басқа мемлекеттерде жоқтың қасы болмаса да, көптеген өзге мемлекеттердің орта және шағын кәсіпкерлері үшін қол жетпей отырған аңсаған арман екендігі рас, деді одан әрі ресми өкіл. Дегенмен, шағын және орта бизнес субъектілеріне әртүрлі мемлекеттік органдар тарапынан көптеген тексерулер мен күнделікті кедергілер Президент тапсырмаларына қарамастан әлі де тыйылар емес. Осы ретте кәсіпкерлікті қор­ғау мен қолдау жөніндегі Қа­зақ­стан Үкіметінің ұстанымы қан­дай, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылу барысы қалай, шағын және орта бизнес субъектілерін тек­серудің саны, олардың мақсаты және қағидаттарын түсіндіру үшін қандай мемлекеттік орган­дар тексеруге құзыреттілігі бар, осы саладағы халықаралық тәжі­ри­бе бізге не береді және жалпы осы бағыттағы Мемлекет басшысының сын-ескертпелерінен кейін Үкіметтің жұмысы алдағы уақытта қандай болмақ және осы жөнінде басқа да сұрақтарға жауап алу мақсатында аталған баспасөз мәслихатына Қазақстан Республикасы Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин, Бас Прокурордың орынбасары Жақып Асанов, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының директоры Мирас Есенбаев және Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Сәркеев қатысты.

Қазақстан Республикасы Өңір­лік даму вице-министрі Серік Жұманғарин «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың ең тиімді және сұранымы мол құралы, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында ең танымал бағдарлама болып табылады екен. Қазіргі күні аталған бағдарламаның қолдау шараларымен 36 мыңнан астам кәсіпкер қамтылған. Осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 170 мыңнан астам жұмыс орындары сақталып және 58 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылған. Мәселен, қазіргі күні елдегі әр бесінші жаңа жұмыс орны осы бағдарлама аясында ашылып отыр. Бағдарламаның үш бағыты бойынша 810,4 млрд. теңге құрайтын 3376 жоба субсидияланған.

Бұдан кейін сөз алған Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов Елбасының сынынан кейін заңсыздықты айқындау жанданғанын жеткізді. Расында да, тексеруші органдардың биылғы жылы жоспарлаған 100 мыңнан астам тексерулерінің 2 мыңын біз заңсыз деп танып, оларды жоспардан алып тастадық. Сөйтіп, осы 2 мың факті бойынша прокурорлардың ұсыныстарымен 204 қызметкер, оның ішінде 185-і – тәртіптік, 19-ы әкімшілік жазаға тартылды. Олардың 90 пайызы санитария мен эпидемиология, төтенше жағдайлар, ветеринария және экология салаларының қызметкерлері. Дегенмен, бақылау органдарының басшылары көп жағдайда өз қызметкерлеріне тиісті жаза қолданбай, оларды жауапкершіліктен босатып, прокурорлардың ұсыныстарына формальды жауап беріп жатады. Сондықтан әрбір жергілікті прокурорға осы айдың аяғына дейін өзінің енгізген ұсынысы бойынша жазаланбаған кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін қосымша шаралар қабылдау тапсырылды, деді Ж.Асанов.

Бірақ, айта кететін жағдай, биылғы жылы жоспарланған 2 мың заңсыз тексерулер анықталған болса, былтыр бұл көрсеткіш 13 есе көп, яғни 26 мыңға жуық болған екен. Әрине, бұл бағыттағы прокуратура жұмысы тек осы шаралармен шектеліп қалмайды. Оның үстіне, аталған сын тек жоспарланған тексерулерге қатысты көрінеді. Ал жалпы биылғы жылы прокурорлардың араласуымен 11 мың кәсіпкердің құқығы қорғалып, 1 мың лауазымды тұлға жазаға тартылған. Қазір прокуратураның бастамасымен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі жобалар қолға алынуда.

Осы мақсатта Бас прокуратура «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, арнайы жобаны іске асырмақшы. Оның мақсаты – масылдықпен күресу, ақпарат беру арқылы халықты ояту, ой салу, еңбекке деген сауатын ашу, әрбір қазақстандықты өз өмірінің менеджері болуға үйрету, азаматтарымыздың қолына балық емес, қармақ беру арқылы кәсіпкерлікке ынталандыру көрінеді. Өйткені, ел тұрғындарының жартысына жуығы 7 мың ауылдық елді мекенде тұрады. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту мәселесі, әсіресе, ауылдық жерлерде, біздің еліміз үшін үлкен маңызға ие болып отыр.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».