23 Қазан, 2013

Міндеттердің мүлтіксіз орындалуы – уақыт талабы

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана маңындағы 36-шы десанттық-шабуылдаушы бригадасында Құрлық әскерлерінің 30 шақты гарнизонынан келген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 100-ге тарта әскери психологтары мен әйелдер кеңесі төрайымдарының қатысуымен оқу-жаттығулар өтті.

 

Астана маңындағы 36-шы десанттық-шабуылдаушы бригадасында Құрлық әскерлерінің 30 шақты гарнизонынан келген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 100-ге тарта әскери психологтары мен әйелдер кеңесі төрайымдарының қатысуымен оқу-жаттығулар өтті.

Мұндай оқу-жаттығулар әс­кери психологтарға сарбаздардың соғыс жағдайында өздерін қалай сезінетінін және соған лайық әрекет етудің машықтарын үйрету үшін өткізілді. Бірінші күні жиынға қатысушылар теориялық жағын үйренсе, екінші күні, яғни кеше практикалық жаттығулар жүрді. Құрлық әскерлерінің психологтары мен әйелдер кеңесі төрайымдары бұл оқу-жаттығулар барысында ерекше дайындықтарын паш етті. Шынжыр табанды ондаған тонналық Т 72 танкісінің гүрілінің өзі адам денесін тітіркендіреді. Бірақ, соған қарамай, өтіп бара жатқан танктің астында бұғып қалып, соңынан граната лақтыру үйреншікті дағдыға айналып кеткендей. Бұл сынақтан барлығы да сүрінбей өтті. Тіпті арамыздағы батыл әріптес қыздарымыз әскерилердің тәсілін қайталап, көрермендеріне бұл іс-қимылдарға түсінік те беріп жатты. Сондай-ақ, жаттығу барысында әдеттегі АК-74 автоматынан оқ ату жаттығулары болды.

Бұдан басқа, әскери психолог­тар­дың басым бөлігін құрайтын нәзік жандар тобы отты белдеу­ден өтуден сынақ тапсырды. Қою қара түтін мен атылған оқ­тар­дың дауысы кедергілерді ең­серу­ге айтарлықтай қиындықтар туғызды. Биік кедергілердің үсті­нен асып өтуде кейбір қыздардың бойы жетпей, қиналған сәттер аз болған жоқ. Ондай кезде қою қара түтін арасынан кедергілерді айналып өтіп, аспалы көпірден құлап қалмай, мәреге жеткен нәзік жандар сынақтарын ойдағыдай тапсырып жатты.

Біз осы ретте №35748 әскери бөлімнің мемлекеттік тілді дамыту қызметінің бастығы әрі әйелдер кеңесінің төрайымы майор Эльмира Жұмашеваны сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, сынақ қиын болғанымен, нәзік жандар оларды ойдағыдай тапсырған. Әйтсе де, туннельден өту кезінде газға уланып, есінен танып қалу қаупі болғанын да жасырмады. Дегенмен де, бұл оқу-жаттығулары олардың өз кәсіби деңгейі мен даярлығын анықтауға мүмкіндік туғызған. Оқу-жаттығулардың басы-қасында жүрген Құрлық әскерлері қолбасшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары полковник Жұмабек Хасеновтің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда әлемде әскери психолог мамандарына барынша жағдайлар жасалуда. Олардың жұмысының маңызы офицерлер мен сарбаздардың со­ғыс жағдайында басынан өт­ке­ретін жайттарын барынша түсініп, дұрыс бағдар беруінде жа­тыр. Осы тұрғыдан келгенде оқу-жаттығулардың маңызы арта түседі.

Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеевтің өзі мұрындық болған бұл екі күндік жиын Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «әскеріміз шағын да ұтқыр әрі кәсіби болуы керек» деген талабына сай жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда еліміздің Қарулы Күштері кәсіби деңгейге иек артуда. Ж.Хасенов осы тұрғыдан келгенде адам психологиясы маңызды саналатынымен бөлісе кетті. Ол ең алдымен, әскери қызметкер өзінің командиріне, қолбасшысына, Елбасы мен халқына адалдығын дәлелдеуі тиіс дегенді ерекше атады.

Қорыта айтқанда, Қорғаныс министрлігі әскери мамандарды даярлауға ерекше маңыз беріп келеді. Қазіргі таңда әскерилер өздерінің міндеттерін алаңсыз орындау үшін барлық жағдайлар жасалуда.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».