23 Қазан, 2013

«Нұр Отан» – нақты істердің партиясы

347 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

AAM 8637-1Кеше ғана өткен, ыстық-суығы әлі басыла қоймаған «Нұр Отан» партиясының XV съезін үлкен кітап десек, сол мағыналы да мазмұнды жинақты парақтап, оны қарапайым халыққа жеткізу, түсіндіру, тек парақтап қана қоймай, ондағы ауқымды міндеттерді жүзеге асыру сынды аста-төк шаруаларды Шығыс Қазақстан облыстық филиалы бастап та жіберді. Елордадағы партия жиынынан оралған филиал төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Саяси кеңестің кеңейтілген мәжілісін өткізді.

 ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ АУЫР

Кеше ғана өткен, ыстық-суығы әлі басыла қоймаған «Нұр Отан» партиясының XV съезін үлкен кітап десек, сол мағыналы да мазмұнды жинақты парақтап, оны қарапайым халыққа жеткізу, түсіндіру, тек парақтап қана қоймай, ондағы ауқымды міндеттерді жүзеге асыру сынды аста-төк шаруаларды Шығыс Қазақстан облыстық филиалы бастап та жіберді. Елордадағы партия жиынынан оралған филиал төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Саяси кеңестің кеңейтілген мәжілісін өткізді.

AAM 8637-1

Мәжіліске Саяси кеңестің 45 мүшесі­нен басқа облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, «Нұр Отан­ның» фракциясы депутаттары, басқа да саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Сонымен бірге, онлайн кестесіндегі бұл жиынға өңірдегі аудан, қала жұрты да қатысу мүмкіндігін алды.

– Партияның кезектен тыс съезі, ондағы партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мағыналы баяндамасы арқамызды кеңге салуға болмайтынын, айтылған, қабылданған шешімдерді жүзеге асыруды бүгіннен бастап қолға алуымыз керектігін міндеттеп отыр. Съезд қабылдаған саяси Доктрина біздің бүгінгі таңда экономикасы мықты, әділетті әлеуметтік саясат жүргізіп отырған, барлық салаларда бірдей жетістіктерімен мақтана алатын мемлекет екендігіміздің дәлелі. Алайда, Елбасымыз айтпақшы, бүгінгі табыстарымызға масаттанып қана отыру ертеңгі күні тоқырауға апарады, сондықтан бір сәт те тізгінді босатпауымыз керек. Экономикамыздың қарқынды дамуы ең алдымен халқымыздың тұрмысын жақсартуға бағытталғанын ұмытуға болмайды, әрі соны қалың жұртшылыққа жеткізу шарт. Әлеуметтік бағдарламаларды дер кезінде жүзеге асыру нәтижесінде біз бүгінгі таңда Еуразия кеңістігіндегі іргелі мемлекет болып отырмыз. Ал, партия съезі қойып отырған міндеттер тым ауқымды. Жауапкершілік жүгі ауыр, – деді өзінің кіріспе сөзінде Бердібек Мәшбекұлы.

Күн тәртібіндегі «Нұр Отан» партиясының XV съезінде қабылданған партия Доктринасы аясында жүзеге асырылуға тиіс Шығыс Қазақстан облыстық филиалының міндеттері» деген тақырыптағы баяндаманы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков жасады.

– Партия төрағасы – Елбасының сындарлы саясатын Шығыс жұрты әманда үлкен жауапкершілікпен жүзеге асыратыны аян. Алдымызда партия айқындап берген, Елбасы көшбасшы болатын, мұқым жұрт болып атқаратын ауқымды мақсаттар мен міндеттер тұр. Партия Төрағасы айтпақшы, «Нұр Отан» – азаматтық қоғамның көшбасшысы болуға тиіс. Олай болса, еліміздің кемел келешегін жасау үшін аянбай еңбек етуіміз қажет. Бұл шарада өңірдегі партия филиалы әрқашан алдыңғы қатарда болатынына сенейік, – деді ол қорытынды сөзінде.

Жоспарлар мен міндеттер талқыға түсті. Съезд делегаттары Е. Нұрбаев, О.Чернышов, Б.Маржан жиыннан алған әсерлерімен, түйгендерімен бөлісті. Филиалдың кеңейтілген мәжілісі өз мүмкіндіктерін саралай келе, қаулы қабылдады.

Әлібек ҚАҢТАРБАЙ.

ӨСКЕМЕН.

 

DSC 9204 - копияЕрболат ИСАНОВ,

«Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық

филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

ТАЛАП БИІК, МІНДЕТ ЗОР

Тілші түсініктемесі: Съезд өткен күндері шығармашылық сапармен Астана қаласында болғанмын. Елге қайтар сапарда «Нұр Отанның» басты құрылтайына Батыс Қазақстан облысынан сайланған делегаттар тобымен Астана әуежайында кездесіп, Орал қаласына бірге ұштық. Олардың съезден алған әсерлері мол болғаны, жігерге жігер, қуатқа қуат, қайратқа қайрат қосып келе жатқандары айқын аңғарылып тұрды.

Солардың бірі съезд делегаты, «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат ИСАНОВПЕН ұшақ салонында қатар отырып қалыппыз. Осы сәтті пайдаланып, одан съезден алған әсері мен көңілге түйген ой-пікірін айтып беруін өтінген едім.

– Съезде Елбасы – партия төраға­сы Нұрсұлтан Назарбаев барлық нұротан­дықтардың алдына жауапты міндеттер қойды. Ендігі жерде әрбір әріптесіміз іс пен сөздің бірлігіне бұрынғыдан да тереңірек мән беруі қажеттігін ұғынып қайтқандай болдық. Ал уәде бердің бе – орында. Орындалмаған құр­ғақ сөз бен уәде «Нұр Отан» партиясының әр мүшесіне көлеңке түсіреді деп санаймын. Селқостық пен енжарлық бізбен көршілес, еншілес тұра алмайды. Көрмес түйені де көрмес деген қағидамен нұротандықтар еш ымыраласа алмаған жағдайда ғана олардың ел, тұрғындар алдындағы беделі мен мәртебесі одан әрі биіктей түседі.

Адамдар жергілікті жерде жемқорларды түстеп таниды, ал бұл оларды қатардағы нұротандықтарды біледі деген сөз. Олар бірінші болып дабыл қағып жемқорларды әшкерелеуі керек деп атап көрсетті Елбасы – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік қазынаның бірде бір теңгесі қараусыз қалмауға тиіс екені жөнінде нақты міндеттер қойды. Осынау екі тапсырманың өзі партиямыздың әрбір мүшесіне үлкен жауапкершілік пен сенім артады. Бұл арада жай ғана жауапкершілік емес, жоғары партиялық жауапкершілік қажет екені анық.

Біз осы екі ауыз сөзден тұратын биік ұғым мүддесінен шыға алып жүрміз бе? Партиялық жауапкершілік туралы азаматтық ар-ожданымыздың алдында ойланып көрдік пе? Қалай дегенде де оны аяққа баспауға ұмтылғанымыз, оған кір келтірмеуге тырысқанымыз анық. Алайда, дәл бүгінгі күні, соның ішінде партияның ХV съезінен кейінгі аралықта мұндай партиялық жауапкершілік сезімін одан әрі тереңдету мен күшейту қажеттігі талас туғызбайды.

Тек сонда ғана партиялық қызметтік пәрменділігі мен нәтижесі одан әрі арта алады. Болдық, толдық деу ешкімге де абырой әпермейді, Соның ішінде мұндай сыңаржақ көзқарас «Нұр Отан» секілді көшбасшы партияға мүлдем жат. Партиямыз үздіксіз алға даму, өсу үстінде. Оның қызметінің әдістері мен тәсілдері де одан әрі жетілдірілуде. Осындай жағдай әрбір нұротандық партия жұмысының қуатын кем дегенде үш қайтара еселендіруге өз үлесін қосуға тиіс. Әрі мұның өзі партиялық жұмыс әлеуетінің шегі болып табылмайды.

Біз бірінші кезекте еліміздің басты сая­си партиясының сапалық құрамына бас­ты көңіл бөлуге тиіспіз. Біздің арамызда құр ұраншылдар мен «Нұр Отанның» атына кір келтіретін дилетанттарға орын жоқ деп санаймын. Түйіп айтқанда, партиялық жауапкершілік одан әрі күшейіп, әрбір нұротандық өзінің күш-жігері мен мүмкіндігін ортақ табыстар молаюына жұмсай білсе, алынбайтын асулар болмайды деп білемін.

Жазып алған

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.

 

01-Алия Р-2Әлия РАҚЫШЕВА,

«Назарбаев Университетінің» «Нұр Отан»

партиясы «Қолғанат» бастауыш партия

ұйымының төрайымы:

НҰРЛЫ БОЛАШАҚТЫҢ ІРГЕСІН ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ ҚАЛАЙЫҚ!

Жаһанда болып жатқан экономикалық, сая­си, әлеуметтік дүрбелеңдер дүние дидарында күмән мен қорқыныш туғызады. Соның салдарынан орын алып отырған соғыстар мен дағдарыстар жаныңды күйзелтіп, ертеңгі күнге деген сенімсіздікке алып келеді. Осыған халықтың төтеп беруін қамтамасыз етіп, қуаттандыратын биік рух пен мемлекеттің нақты алға қояр жоспары болса керек. «Менің ішкі түйсігім мен тәжірибем әлемнің таяу болашақтағы даму кезеңі аса күрделі болатынын аңдатады, – деп атап өтті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХV съезінде сөйлеген сөзінде. – Осындай қиындықтар мен дағдарыстар орын алып тұрғанда біздің еліміз биыл тұрақты дамып келеді». Соңынан ергендерді рухтандырып, нұрлы болашақтың іргесін бекемдейтін үлкен мақсаттарды жүзеге асыруға жұмылдыратын «Нұр Отан» партиясының жаңа Доктринасы жұртшылық тарапынан жан-жақты қолдауға ие болып, партия құрылтайында бекітілді.

Жапон халқының мақалына сүйенсек: «Әрекет­сіз көрініс – бұл арман. Көрініссіз әрекет – бұл ша­тасу». Демек, әрбір әрекеттің мәнісі әрі нәтижесі болуы керек. 2050 жылға бағытталған Даму стратегиясы нақты жоспарды қажет етті, әрі нәтиженің нақты мөлшерлемесін белгілеу керек болды. Соған сай социал-демократиялық ағымның қағидаларына сүйеніп, жаңа бағдарлама қаланды. Енді заман да өзгерді, адам да жаңарды. Осы жаңаруға сәйкес халықты зияткерлік ұлт ретінде қалыптастырудың жаңа стратегиясының, жаңа Доктринаның кезегі келіп тұр. Жаңа Доктринада нақты қадамдар, кағидалар белгіленіп отыр. Съез­дегі сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы «Нұр Отан­ның» бағдарламалық құжаттары әркезде де нақ­тылы болғанын, сондықтан олар нәтижелі бо­­лып келе жатқанын атап айтты. «Біз әрбір сөз­і­міз­ді әркезде де шынайы еңбекпен және нақты істермен айғақтап отырамыз», деді Елбасы. Әр азамат үшін тартымды, күнделікті ойы мен қам-қа­­ре­кетінің негізін құрайтын мәселелер осы құ­жат­қ­а өзек болып тартылған. Тиімді мемлекеттік бас­қару, бірлік пен келісім, әлеуметтік жаңғырту Док­тринаның әр жолынан көрініс берсе, біз үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы биік мақ­саттарға қол жеткізетіндігіміз сенімді бола түседі.

Басқа мемлекеттердің саяси құрылымына көз салсақ, басшы органдары мүшелерінің басым бөлігін не көне дәстүрге сүйенетін, не мүлдем бұл дәстүрге сәйкеспейтін, сөйтіп, қоғамды басқа бағытқа жетелейтін саясаткерлер құрайды. Сонда сол мемлекеттердің тұрғындары осы екі нұсқадан өздерінің дүниетанымдарына жақын біреуін таңдайды. Ал «Нұр Отан» партиясының басты ерекшелігі – бұл шебер басшылықтың либералды экономика мен әлеуметтік консерватизмнің арасындағы тізгінді тең ұстауы. Мұндай саяси центристік идеология өзінің әділеттілігімен әрі алуан түрлілігімен әр азаматтың көңілінен шығады. Осылайша, қоғамның әрбір мүшесінің кемел азаматтық мемлекет құруға қатынасуына мүмкіншілігі арта береді. Ол өз отбасының мұңын мұңдап, бала-шағасына үлгі болса, осылайша ата-анасының ақ сүтін ақтаса, қоғамда бұл азамат адал еңбегі мен білімділігіне қарай сый-құрметке бөленеді. Мұндай қоғамның іргетасы берік болады.

Партия мен азаматтың осылай өзара тиімді әрекеттесуі жауапты азаматтық қоғамды құруға ықпалын тигізеді. Мемлекет өзі тарапынан қауіпсіздікті, тәртіпті, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етсе, әр азамат осы факторлардың жүзеге асуына қатысуы қажет. Мемлекеттің демеуі болмаса, азамат та пайдасын асыра алмайды, азаматтың қоғамдық белсенділігі болмаса, мемлекеттің де дамуы тежеледі. Сондықтан партияның алға қойып отырған бағыты – партия мүшелерінің сапалылығы, халықтың сынағынан өткен саңлақтар тобын қалыптастыру. Съезде айтылғандай, партияның жоғары өкілдік органының құрамы 49 пайызға жаңартылып, басым бөлігін мәдениет, спорт, білім беру және денсаулық сақтау салаларының өкілдері құрады.

2013 жылдың 18 қазанынан бастап Отанымыз үшін елеулі кезең басталды. «Нұр Отан» партиясы белгілеген жол – қуатты экономика мен әлемдегі қатаң сұрыптаудан өткен тәжірибені үйлестіре алатын қайнар бұлақ. Келешекте жаһандық тарихтың жарқын беттерінен өз орнымызды тапқымыз келсе, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір бағытты ұстанып, алға ұмтылуымыз қажет. «Нұр Отан» партиясының мүшесі болу – бұл жоғары жауапкершіліктің көрсеткіші, бұл халықтың мүддесін міндет етіп қоя білудің белгісі.

Жазып алған

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.