23 Қазан, 2013

Ықпалдастық – елдерді еркін дамыту кілті

197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Қазақстан Парламентінің Мәжілісі мен ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Аймақтық интеграцияның ЕурАзЭҚ елдерінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудағы рөлі және оны құқықтық қамтамасыз ету» атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті.

 

Кеше Астанада Қазақстан Парламентінің Мәжілісі мен ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Аймақтық интеграцияның ЕурАзЭҚ елдерінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудағы рөлі және оны құқықтық қамтамасыз ету» атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті.

ЕурАзЭҚ-тың Парламент­ара­лық Ассамблеясы ұлттық заң­­намаларды интеграциялық құ­­рылымдағы экономикалық ын­­тымақтастықты дамыту үшін сәй­кес­тендіруді көздеп құрылған орган екені белгілі. Қазір ол бұл істе біршама табыстарға жетіп отыр.

Дөңгелек үстел жұмысын Мә­жілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы Мәулен Әшім­баев ашып, жүргізіп отыр­ды. Ол бұл шараның ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассам­блея­сы­ның соңғы екі жылдағы төрағасы болып Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин сайланғаннан бері өткізіліп отырған үлкен шара екенін атап көрсетті. Бүгінгі кездесудің мақсаты – Еуразия интеграциясының дамуы мен интеграциялық құрылымдардың әлемдік маңызы туралы сарапшылық деңгейде пікір алмасу. Шараның Астанада және тап қазан айында өткізіліп отырғанының да бір елеулі сипаты бар. Өйткені, осыдан дәл 13 жыл бұрын Астанада Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Президенттері келісімге қол қойған еді, дей келіп, одан әрі комитет төрағасы ЕурАзЭҚ-тың интеграциялық шараларды жүргізудегі маңызы мен экономикалық даму үдерістеріне тигізген оң ықпалы туралы әңгімеледі. Оның аясында Кеден одағы, одан Еуразиялық экономикалық кеңістік сияқты құрылымдардың пайда болып, дамып отырғаны, ал 2015 жылдан оның Экономикалық одаққа айналатыны атап көрсетілді.

Олардың іс-әрекеттері біздің халықтарымыздың мүдделеріне сай болып, ұлттық экономиканың, халықтың әл-қуатының дамуына оң ықпалын тигізіп отыр, деді шешен.

Осыдан кейін Парламент Мәжілісінің Төрағасы, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының қазіргі төрағасы Нұрлан Нығматулиннің дөңгелек үстелге қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко оқып берді. Ал ЕурАзЭҚ атынан құттықтау сөзді Парламентаралық Ассамблеяның жауапты хатшысы Петр Зверев айтты. Осыдан кейін дөңгелек үстелге қатысушылар айтылған тақырыпқа байланысты өздерінің пікірлерін ортаға салды.

Алғашқы сөзді Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасының ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс комитеті төрағасының орынбасары Татьяна Москалькова алды. Ол өзінің сөзін Мемлекеттік Думаның төрағасы Сергей Нарышкиннің дөңгелек үстелге қатысушыларға жолдаған сәлемін айтудан бастады. Одан әрі шешен ЕурАзЭҚ-тың 2015 жылы құрылатын Еуразиялық экономикалық одаққа бастау жолындағы рөлінің зор екенін, атқарған істерінің мол екендігін атап өтті. Кейін журналистерге берген шағын сұхбатында да ол осы пікірді қуаттап, аталған интеграциялық құрылымның Қазақстанның басым мақсаты болғанын айтты. Енді Еуразиялық одақ құру Ресей мен Беларусь елдерінің де басым міндеттеріне айналып отыр. Сонымен бірге, ол Қырғызстанның да осы интеграциялық құрылымға ену туралы өтініш білдіргенін айта келіп, интеграциялық құрылымның өміршеңдігін өмірдің өзі көрсетіп бергеніне назар аударды. Меніңше, Тәжікстанның да бұл құрылымға түсетін күні алыс емес. Сөйтіп, біз тауар, қызмет көрсету, жұмыс күші және капитал сияқты адамға аса қажетті дүниелердің еркін айналуына жол аштық, деді ол. Ал бүгінгі жиында біздер істелген жұмыстарға мониторинг жасаумен қатар, алдағы уақытта істелетін әрекеттер және оларға кедергі тудыруы мүмкін жайттарды талқыладық. Сондай-ақ, жиында Тәжікстан Парламентінің депутаты С.Амиршоева, Мәжіліс депутаты М.Тінікеев және т.б. сөйледі.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар