23 Қазан, 2013

Бағдарлама тыңғылықты орындалуы тиіс

246 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

434 7550fe7af5edcad0363b5a524a2db147«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында елімізде жылдың соңына дейін 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл ақпарат кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында мәлім болды.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында елімізде жылдың соңына дейін 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл ақпарат кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында мәлім болды.

Үкімет отырысы «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылауға арналған болатын. Осыған орай жиын басында С.Ахметов бағдарламаның маңызын айтып, халықты сапалы да қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету әлеуметтік жаңғыртудың негізгі міндеттерінің бірі болып табылатынын, ол Мемлекет басшысының айрықша назарында тұрғанын атап өтті.

Ал бағдарламаның осы жылғы 9 айдағы жүзеге асырылуының қорытындылары туралы Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады.

Қ.Өскенбаевтың айтуынша, жалпы пайдалануға берілетін тұрғын үйдің 59 пайыздан астамы, яғни 2,7 млн. шаршы метрі жеке- меншік тұрғын үй құрылысының үлесіне тиеді. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 12 пайызға артық. Мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар 9 айда 524,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берген.

Вице-министрдің мәліметіне сүйенсек, жалға берілетін тұрғын үй бағытында биыл жалпы аумағы 285 мың шаршы метр болатын 4 мың пәтер салу жос­парланып отыр. Облыстар, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктеріне жас отбасылар үшін салынатын жалға берілетін тұрғын үй құрылысына үстіміздегі жылы 10 млрд. теңге нысаналы трансферттер қарастырылған, 1 қазанға 8,2 млрд. теңге аударылып, оның 7,2 млрд. теңгесі игерілген.

Биылғы жылдың соңына дейін жалпы сомасы 15,2 млрд. теңгеге 6 қалада – Астана, Петропавл, Ақтөбе, Павлодар, Орал және Қостанайда тұрғын үйлердің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Осының есебінен 162 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үйді салу көзделуде, деді Қ.Өскенбаев.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік тұр­ғын үйді пайдалануға беру саласындағы жағдайды, ин­же­нерлік-коммуникациялық ин­фра­құрылымдар құрылыстары жайын сипаттай келіп, Қ.Өскенбаев Мемлекет басшысының жалға берілетін тұрғын үйдің жылдық көлемін 2016 жылға қарай 1,0 млн. шаршы метрге жеткізу туралы тапсырмасын орындау бойынша шаралар туралы да хабарлады.

Қ.Өскенбаев, сондай-ақ, тапсырмаға сәйкес үлескерлерді қорғау жүйесі әзірленгенін сөз етті. Онда үлескерлер алдында құрылыс салушылардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру ескерілген дейді ол. Аталған тетік Ұлттық банктен басқа барша мемлекеттік органдармен келісілді. Бұл тұрғыда Ұлттық банк қарсы шығып отыр. Олар баламалы таңдау ретінде кепілдік ету жүйесін ұсынды, яғни кепілдік қорын құруды алға тартуда. Бұл тетікті біз әзірлеп, Қазақстан Құрылысшылары қауымдастығына жібердік. Осы екі тетікті қараша айында таныстыруға дайынбыз, деп толықтырды ол. Бұл тұрғыда Премьер-Министр аталған екі құжат Үкімет қарауына 15 қарашаға дейін ұсынылуы тиістігін тапсырды.

Бұл мәселелерді келісіп, алға жылжу керек. Себебі, біз кешеуілдеп келе жатырмыз. Тиісті тетік болмағандықтан үлескерлердің инвестициясын тарта алмай отырмыз. Құрылысшыларда үлескерлер мен олардың қаржысын тарту мүмкіндігі бар. Алайда, үлескерлерді қорғауға айрықша назар аудару керек. Себебі, осы күнге дейін үлескерлер проблемасы әр өңірде шығып жатыр. Мен өз деңгейімде бұл екі нұсқаны да қарастырамын, деді С. Ахметов.

Отырыста сондай-ақ, «Тұр­ғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-тың басқарма төрағасы А.Жұма­ғұловтың, «Қазақстандық тұрғын үй құрылысы корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Р.Құсайыновтың, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының басқарма төрағасы Б.Палымбетовтің есептері тыңдалды. Үй құрылысы комбинаттары жобаларын жүзеге асыру мәселесі бойынша Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Н.Сауранбаев баяндады.

Талқылау барысында Қазақ­станның батыс өңірлерінде тұр­ғын­үйқұрылысжинақ жүйесі бойынша белсенділіктің аздығы байқалатыны айтылған болатын. Үкімет басшысының пікірінше, бұл жағдайға басты себеп «Тұрғын­үйқұрылысжинақбанкі» АҚ-тың нашар менеджменті болып отыр. Өскеменде, Оралда, Шымкентте және Қостанайда көрініп отырған белсенділік батыстағы Атырау мен Маңғыстаудан екі есеге жуық жоғары. Мұның сыры неде болуы мүмкін және Ақтөбенің Атыраудан артықшылығы неде? Ақтөбеде тұрғынүйқұрылысжинақ жүйесі бойынша 2,5 мыңнан астам өтінім қабылданса, Атырауда небәрі 418 ғана, деді С.Ахметов.

Сондай-ақ, банктің әкімдік­термен, жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жасауы әлсіз. Сіздердің басты міндеттеріңіз – осы жағдайдың басын ашу, әкімдермен бірге өңірлерді аралап, бағдарламаларыңызды нақты көрсетіп, артықшылықтарын тү­сіндіру. Әкімдердің міндеті – сіздерді жермен, сәйкесінше инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, ал сіздердің басты жұмыс­тарыңыз – құрылысты инвестиция­лау, деп түйді Үкімет басшысы.

Отырыста одан әрі сондай-ақ, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын орындау бойынша бірнеше облыстың әкімдері де сөз алып, Үкімет басшысына есеп берді.

Талқыланған мәселелерді түйіндей келе, С.Ахметов Экономика және бюджеттік жос­парлау министрлігінің назарын бағдарламаны жүзеге асыруға қаржыны кедергісіз бөлуге аударып және Өңірлік даму министрлігіне бюджет қаржысының мерзімінде игерілуіне мониторинг пен бақылау жүргізуді, облыстар, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне үстіміздегі жылға жоспарланған тұрғын үйлерді пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды. Әкімдерге аталған бағдарламаның негізгі бөліктерінің бірі ретінде жеке тұрғын үй құрылысын қадағалауды міндеттеді.

С.Ахметов сондай-ақ, Өңірлік даму министрлігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне өңірлер әкімдерімен бірлесіп үй құрылысы комбинаттарын жүктеу бойынша бағдарлама дайындауға өкім етіп, сонымен қатар, әкімдерге жергілікті жерлерде жеке тұрғын үй құрылысын мерзімінде пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».