23 Қазан, 2013

Ширек финалдық шайқастар шеңбері шақталды

240 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

01-ДИЧКО 001Кеше Алматыда өтіп жатқан бокстан XVII әлем чемпионатының 1/8 финалдық жекпе-жектері аяқталып, ширек финалға шыққан 80 боксшының аты-жөндері белгілі болды. Бүгін осылардың тағы тең жартысы қысқарып, чемпионаттың жүлдесін алатын 40 боксшының аттары анықталады.

Кеше Алматыда өтіп жатқан бокстан XVII әлем чемпионатының 1/8 финалдық жекпе-жектері аяқталып, ширек финалға шыққан 80 боксшының аты-жөндері белгілі болды. Бүгін осылардың тағы тең жартысы қысқарып, чемпионаттың жүлдесін алатын 40 боксшының аттары анықталады.

01-ДИЧКО 001Біз мұның алдындағы болып өткен 1/8 финалдық айқастың бірінші күнінде шаршы алаңға шыққан 5 боксшымыздың 4-і қарсыластарын жеңіп, ширек финалға жолдама алғанын айтқан едік. Бұл күні біздің қатардан тек Антон Пинчук қана сәтсіздікке ұшырады. Ал кеше келесі кезеңге жол тартқандар қатарын тағы 5 боксшымыз толықтырды. Демек, бізден ендігі жолы шығын болған жоқ. Мұның есесіне, Кубаның екі бірдей үкілі үміті жарыс жолынан шығып қалды. Олардың біріншісі – аса ауыр салмақтағы Йоханди Ортега күндізгі сессияда болып өткен ресейлік Магомед Омаровпен айқасын 0:3 есебімен бітірді. Ал кешкі сессияда аса жеңіл салмақтағы Герардо Тежериа уэльстік тарлан Эндрю Сельбиге дәл осындай есеппен есе жіберіп алды.

Әлхам шүкір, бұларға қарағанда әзірге біздің жағдайымыз жақсы. Тоғыз бірдей боксшысымен ілгері қарай қадам басқан құраманың кешегі табысты жолын 60 килоға дейінгі салмақтағы ақтаулық ақберен Берік Әбдірахманов германиялық армян Роберт Арутюнянмен кескілескен ұрыс үстінде жалғастырды. Айқастың алғашқы екі раундында қарсыластар бір-бірін қайтпай соқты. Негізінен рингтің ортасында өткен текетіресте олар жақын қашықтықта шайқасты. Дегенмен, үшінші раундта алаң иесінің артықшылығы байқала берді. Берік бұған өзіне бұрынғы кездесулерде басымдық алып берген тәсілі – аяқты көбірек ойнатып, орта және алыс қашықтықтан соққылар жасау арқылы жетті. Сондықтан үш төреші де оның жеңгеніне шүбә келтірген жоқ. Ал бүгін өтетін ширек финалда қазақстандық атлет кеше жапон Дайсике Наримацуды тізе бүктірген Венесуэланың белді сайыскері Луис Диаспен айқасқа түседі.

Бұл салмақта сондай-ақ, италиялық Валентино Доменико – мексикалық Линдолфо Делгадоны, әзербайжан Эльвин Исаев – ирланд Шон МакКомбты, үнді Викаш Малик – венгр Миклош Варганы, тай Сайлом Арди – корей Санг-Мин Лиді, кубалық Лазаро Эстрада – өзбек Фазлиддин Гаибназаровты, бразилиялық Робсон Консейсао украин Дмитро Чернякты ұтуларымен есте қалды.

Бұдан кейін Қазақстан құрамасы сапындағы ең атағы зоры, тағы бір ақтаулық атлет Әділбек Ниязымбетов 81 килоға дейінгілердің жекпе-жектерін бас­тап берді. Өзіне өзі өте сенімді көрінген ол косоволық Арменд Хохажға тіпті ұтыс туралы ойлауға да мүмкіндік қалдырған жоқ. Осымен ол қатарынан екінші мәрте өзінің бұл чемпионаттағы шайқасын аса бір күш жұмсамастан, емін-еркін жүріп ұтып шықты. Бірақ бүгін қайрат-қуатын көбірек іске қосуына тура келетін шығар. Себебі, кеше белорус Сергей Новиковты жолдан тайдырған үндістандық Сумит Сангванмен «күн астынан» орын алу жолындағы талас соны талап етер еді.

Бүгін бұл салмақтағы тап осындай жекпе-жектерді италиялық Симоне Фиориді ұтқан орыс Никита Иванов, венгр Норберт Харчаны жолдан шығарған ирланд Джозеф Уард, шотланд Скотт Форресті талқандаған голландиялық Петер Мулленберг, украин Олександр Ганзуланы тізе бүктірген кубалық Хулио Сезар де ла Крус сынды саңлақтар да бастан кешеді. Ал екі араб жігіті – алжирлік Абделфарид Бенчабла мен сириялық Алаа Чоссоунның принципті таластарында бұлардың біздің жанкүйерлерге де аты мен заты жақсы таныс алдыңғысы басым шықты. Сол сияқты биыл ғана Азия чемпионы атанған өзбек Ойбек Мамазулунов босниялық Джемал Бошнякты сүріндірді.

Күндізгі сессияны аса ауыр салмақтағы қостанайлық Иван Дычко тиянақтады. Ол чемпионат басталғалы бері бірінші рет тіркеліп отырған бұл ұрысын венгр Иштван Бернатпен өткізді. Тобыл бойының тумасы кездесуді өте әбжіл, жеңіл қимылмен өрбітті. Одан бұдан мұндай әрекет күтпеген мадьяр жігіті қасына жақындап та бара алмай жүрді. Ал екінші раундта Ваня алыстан орағытқанды қойып, жақын қашықтықтан соққы жасауға көшті. Солардың бірі Будапешттің барысын есінен тандыра құлатты. Ал шайқастан кейін Иванның өзі бұл жолғы тактикасын: «Біз тым көп күш жұмсамай, жеңіл ұту міндетін алға қойдық. Бұл бұдан да ауыр болатын кейінгіге күш сақтаудан туды», – деп түсіндірді. Десе дегендей, оның ендігі қарсыласы шынында оңай болмайды. Рас, Иван оны – үндістандық Сатиш Кумарды биылғы жазда ғана Иорданияда өткен Азия чемпионатының 1/4 финалында 3:0 етіп жеңген. Енді, міне, тағы да олардың жолдары ширек финалда түйіскелі тұр.

Енді Иванмен бірге бүгін жарыс жолын жалғастыратын саңлақтарға келсек, олардың қатарынан жанкүйер жұртшылық әлемнің 2011 жылғы чемпионы әзербайжандық Магомедрасул Меджидовті, украин Егор Плеваконы, неміс Эрик Пфайфферді, хорват Филипп Хрговичті, италиялық Клементе Руссоны көрер еді. Олар тиісінше америкалық Ленрой Томпсонды, алжирлік Хамза Бегуерниді, румын Михай Несторды, өзбек Мирзохиджон Абдуллаевты табандарынан тайдырып барып, дүрбі жолға түсті. Ал ресейлік Магомед Омаровтың кімді күреп кеткенін жоғарыда айтып өттік. Бұған қосатынымыз, Иванның ендігі қарсыласы Кумар Сатиш өз кезегінде белорус Ян Судзиловскийді айқын басымдықпен ұтқан болатын.

Кешке сессияда 52 және 69 килоға дейінгі салмақтар бойынша ұрыстар өтті. Бұл көштің керуенін әлгінде айтылған Эндрю Сельби мен Герардо Тежериа түзіп берді. Содан соң алаңға шыққан біздің Ілияс Сүлейменов пен қырғыз Азат Үсеналиевтің айқасы бастан-аяқ күреске толып өтті. Бұған дейін бір-бірімен екі рет қолғап түйістіріп, тең есеп жағдайында тұрған шеберлер осы жолы таразы басын қалайда өзіне аударуға барын салды. Басында Азат белсендірек көрінді. Осы кезде оның дәлдігі де артықтау болғанымен, бара-бара Ілиястің туралай тиген соққыларына ұрынып қалып жатты. Біздің бағлан соңғы раундта бірнеше артық жұдырық сілтеп үлгерді. Нәтижесінде төрешілердің шешімі екіге жарылды. Оның басым жағы Сүлейменовтің қанжығасында кетті. Бұл жеңіс оның бүгін Еуропаның 2011 жылғы чемпионы Эндрю Сельбимен жүлде үшін таласуына алып бармақшы.

Жасыратыны жоқ, біз құрама коман­дамыздың капитаны, 69 кило салмақтағы Данияр Елеусіновтің франциялық Соу­леман Сиссоходан асып түсетініне күмән келтіре алмадық. Расында солай болып шықты. Ол үш раунд бойы бапкерлер штабы ойласа келе ұсынған тактиканы ұстанып, қарсыласын өте әдемі ұтып шықты.

Осылайша, 1/8 финалдық айқастар аяқталды. Бүгінгі ширек финалдық айқастар кімдердің медаль алатындарын анықтап береді.

«Егемен Қазақстанның» әлем чемпио­натындағы көшпелі редакциясы.

RS. Чемпионаттың техникалық мәліметтерімен газет сайтынан

(http:/www.egemen.kz) таныса аласыздар.

––––––––––––––––––––

Суретті түсірген

Берсінбек СӘРСЕНОВ.