Жазғы каникул кезінде балалардың кінәсінен болатын жол апаты көбейе түседі. Өткен аптада Петропавлдың Панфилов пен Фурманов көшелерінің қиылысында 1990 жылы туған әйел "Daihatsu" автомобилімен келе жатып, скутер мінген 15 жасар жасөспірімді соқты. Бала астындағы скутерімен қарсы жолға шығап кеткен. Қазір ол ауыр дене жарақатын алып, ауруханаға түсті.
Екінші күні Пушкин көшесінде "Volkswagen Passat" автомашинасы 11 жасар баланы соқты. Ем орнына жеткізілген соң бала есін жинап, үйіне жіберілді. Ал 32 жасар жүргізушінің үстінен әкімшілік жаза қолдану үшін іс қозғалды. Өйткені, ол жол тәртібі бойынша баланы өткізіп жіберуі керек-тін.
"Жаз айларында көшелерде балалар көп жүретін болғандықтан жүргізушілер сақ болуы керек. Ата-аналар да балаларына жол қауіпсіздігін үнемі ескерткендері жөн. Жолдан өткенде құлаққапты салуға болмайды, өйткені келіп қалған көліктің дыбысын естімей қаласың. Велосипедпен келе жатып жолды кескенде оны жетектеп алу керек. Міне, осындай ескертулер ата-аналар тарапынан үнемі жасалып отырғаны жөн", дейді СҚО ПД бірінші орынбасары, полковник Қанат Айтбаев.
Үстіміздегі жылдың жеті айында Солтүстік Қазақстан жолдарында балиғатқа толмаған балалардың қатысуымен 14 жол-көлік апаты болған. Соның үшеуінде балалардың кінәлі болып шыққан.