23 Қазан, 2013

Көзбояушылық

533 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жұмыс орнын асыра көрсету жергілікті атқарушы органдарда белең алып отыр

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкі­меттің кеңейтілген отырысында атап көрсеткендей, әкімдер қызметінің басты көрсеткіштерінің бірі – халыққа толыққанды жұмыс орындарын ашып, онда еңбек етуге қолайлы жағдай жасау. Мұндай индикатордың белгіленуі, әсіресе, қазіргі күні өте маңызды. Тұрғындарды жұмыспен қамту үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі туралы Елбасы тарапынан бұған дейін де айтылған болатын.

bezrab

 Жұмыс орнын асыра көрсету жергілікті атқарушы органдарда белең алып отыр

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкі­меттің кеңейтілген отырысында атап көрсеткендей, әкімдер қызметінің басты көрсеткіштерінің бірі – халыққа толыққанды жұмыс орындарын ашып, онда еңбек етуге қолайлы жағдай жасау. Мұндай индикатордың белгіленуі, әсіресе, қазіргі күні өте маңызды. Тұрғындарды жұмыспен қамту үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі туралы Елбасы тарапынан бұған дейін де айтылған болатын.

bezrab

Әйтсе де соңғы кезде жергілікті атқарушы органдар мен әртүрлі деңгейдегі әкімдер тарапынан ашылған жұмыс орындарын асыра көрсетуге ұмтылу көрінісі орын алып жүргені де жасырын емес. Мұндағы айтылатын жоғары астрономиялық сандар кей жағдайларда нақты шындықпен сәйкесе бермейтіні де өмірлік-қоғамдық тәжірибеде байқалып қалады. Әсіресе, жыл басында өткізіліп жүрген аудан әкімдерінің тұрғындарға берген есебі кезінде олардың алдын ала және кездесуден соң аудандық газеттерге жариялайтын баяндамасының мәтіндеріне көз салсақ, олар жұмыссыздықты бір демде ойып тастағандай күй кешесіз.

«Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына жолдаған шағым хатында Тасқала ауданының тұрғыны, ішкі істер қызметінің ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі Бисенбай Өтегенов осындай мәселеге қатысты өз ой-пікірін жазып жіберген екен. Бұған қоса ол кісі өзі шындыққа сәйкеспейді деп есептейтін деректер жарияланған Тасқала аудандық «Екпін» газетінің 2013 жылғы 11 қаңтардағы нөмірін қоса жолдапты. Атап айтқанда, Тасқала ауданының әкімі Қуат Мусиннің «Атқарылған іс аз емес, алдағы жұмыс одан да көп» деген тақырыппен берілген 2012 жылғы жұмыстар жөніндегі баяндамасында былай деп көрсетіліпті:

«Жұмысқа орналастыру 395 адамға жоспарланса, нәтижесінде 619 адам жұмысқа орналас­тырылып, бағдарлама 156 пайызға орындалды. Олардың 145-і нысаналы топтан. Жоспардағы 395 адамның орнына 891 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, бағдарлама 225 пайызға орындалды. Соның 267-і нысаналы топтан. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 502 адамға артық».

Оқырмандарға түсінікті болу үшін бұл арада нысаналы топ деген тіркеске түсініктеме бере кеткеніміз жөн секілді. Мұның мәнін ашып беруді Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Самат Хангереевтен сұрадық. Оның айтуынша, нысаналы топтың қатарына жұмысқа орналасу мүмкіндігі төмен, шектеулі жандар, мүгедектер, бірқатар зейнет жасына жақындаған азаматтар, тұрмысы төмен отбасы мүшелері, сонымен бірге жастардың кейбір топтары кіреді екен.

– Аудан әкімінің аузымен айтылған жоғары­дағыдай деректер аудандық газетте жарияланса әрі есеп беру кезінде айтылса, бұған күмән келтірудің қандай қисыны бар? Шындығы, ақиқаты емес пе, – дедік. Содан біз газетке шағым хат жолдаған Тасқала ауданының тұрғыны Бисенбай Өтегеновке жолығып, бірқатар сұрақ қойдық.

– Әрине, бұл үшін аудан әкімі Қуат Мусин өзінің жеке ар-ожданының алдында жауап бере жатар. Ал мен тұрғындарды жұмыспен жыл ішінде қамту жөніндегі деректер шындыққа сәйкес келмейді деп есептеймін,– деді ол.

– Неге?

– Негесі сол, Тасқала облыстағы Бөрлі, Зеленов, Ақжайық секілді ірі аудандардың қатарына кірмейді. Бұл – облыстың батыс бөлігінде орналасқан шағын аудан. Тұрғындар саны жиырма мыңға да жетпейді. Сонда 619 адам бір сәтте тұрақты жұмысқа қалай орналаса қалады? Олар нақты қандай өндіріс орындарына орналасты. Мәселенің бұл жағы неге тайға таңба басқандай сараланып, талданып айтылмайды. Неге бүркемелене береді? Егер ауданда бірінен соң бірі бой көтеріп жатқан, немесе дүрілдеп істеп тұрған өндіріс нысандары болса, мүмкін бұл сан қисынға келер еді. Олай емес екені Аллаға да, әмбеге де аян. Тіпті, бір жыл ішінде табаны күректей 619 жаңа жұмыс орнын ашу Орал, кеншілер қаласы – Ақсай секілді шаһарларда да оңайға түсе қоймайды. Егер аудан орталығында кафе, мейрамхана ашылса оған жұмысқа кіріскендердің саны 2-3 адамнан аспайды, дейді шағым хат иесі.

Сондай-ақ, ол жұмыссыздықты ауыздықтау үшін мемлекет тарапынан бөлінген қаражаттар мен гранттардың жай-күйі жөнінде жариялылық жетіспей жатқанын да тілге тиек етті. Әрі бұған құқық қорғау органдары тарапынан тиісті тексерулер жүргізілуі қажет деп санайды. Расында бұл, ойланарлық жайт екені сөзсіз.

Түптей келгенде, Тасқала ауданының тұрғыны Бисенбай Өтегенов көтеріп отырған мәселе, оның алаңдаушылық сезімін туғызған жайт орынды деп білеміз. Қалай десек те бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрақты және уақытша жұмысқа орналасқан тұрғындардың санын асыра көрсетуге ұмтылу көрінісі кездесіп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Мұның ешкімге абырой әпермейтіні анық.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы,

Тасқала ауданы.