23 Қазан, 2013

Ақылы жол

721 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Төлем жүйесіндегі түйткілдердің сыры неде?

Елімізде автожол саласының реформаланып жатқанын, соның нәтижесінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ құрылғанын бұған дейін жазғанбыз. Бүгін осы акционерлік қоғамның қызметі мен ақылы жол туралы әңгімелемекпіз.

201102041204 1

 Төлем жүйесіндегі түйткілдердің сыры неде?

Елімізде автожол саласының реформаланып жатқанын, соның нәтижесінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ құрылғанын бұған дейін жазғанбыз. Бүгін осы акционерлік қоғамның қызметі мен ақылы жол туралы әңгімелемекпіз.

201102041204 1

Расын айтқанда, автожолдарды заман талабына сай реформалауды Үкімет бастап, ел қостағанымен жұрттың бәрінің көңілінен шықты десек қателесеміз. Өйткені, ауыл, ауданаралық жолдар сол таз қал­пында қалатын сыңайлы. Себебі, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тек респуб­ликалық және халықаралық жол­дардың жағдайына ғана жауапты. Ал ауыл, аудан жолдары жергілікті атқарушы органдардың құзырында қала бермек. Десек те, жаңа құрылымға жүктеліп отырған жауапкершілік өте үлкен. Оны ұлттық компанияның басқарма төрағасы Ерік Сұлтановтың сөзінен аңғардық.

Қазақстанның қазіргі даму ке­зеңінде еліміздің автожолдарын халықаралық талаптарға сай қайта құрып, жаңаша жабдықтау уақыт талабы болып тұр. Өйткені, Еуразия кіндігіне орналасқан жеріміз бізді транзиттік ел болуға ыңғайлауда. Сондықтан, автожол қызметтерін жо­ғары дәрежеде жетілдірудегі бас­ты мақсат бәсекелестік қағидаларын негізге алып, әлемдік автожол жүйесіне интеграциялану болып табылады, деді Е.Сұлтанов.

Мұнымен қатар, компанияның басты міндеті – республикалық және халықаралық автожолдарды салуды, жөндеуді, бабында ұстауды ел бюджетіне салмақ салмай, заман талабына сай коммерциялық жүйемен өзі ұйымдастырып, өзі атқаруы тиіс. Себебі, бұрынғы мемлекеттік басқару жүйесінде автожол саласы тек республикалық бюджеттен ғана қаржыландырылатын. Бұл көліктік жүйені өмірге қолайлы етіп құру мен қамтамасыз етуге ғана мүмкіндік берген. Ал халықаралық талаптарға сай жабдықтауға жеткіліксіз еді.

Енді саланың етек-жеңін жинап, жолды басқарудың жаңа жүйе­сіне көшкен компания үлкен жол­дардың құрылысын жүргізуге, қайта құрылымдап жаңғыртуға жаңа тә­сілдер енгізеді. Сондай-ақ, ақылы жол жүйесін ендірудің құқықтық механизмдерін реттейді. Қазіргі таңда, осы жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Өз кезегінде ақылы автожол жүйе­сі өмірімізге біртіндеп еніп келеді.

Адам баласының көпшілігі жаңа­лыққа күмән-күдікпен қарап, үдеріп тұратыны бар. Әуелі игілігінен гөрі кемшіліктеріне көп мән береді. Осы жылдың 31 мамырында тұңғыш ақылы автожол іске қосылды. Одан бері біршама уақыт өтті. Елдегі жолдарға қатысты заң заман талабына сай жетілдіріліп, толықтырылды. Дей тұрғанмен, қоғамда, әсіресе, жүргізушілер арасында көптеген түсініспеушіліктер пайда болды. Даудың көбі төлем қабылдайтын пост-терминалдарға қатысты.

Төлем терминалдарын іске қос­қанда бірқатар қиындықтарға тап бол­ғанымыз рас. Солардың негізгілеріне ғана тоқталайын. Жүргізуші жүру ережесін дұрыс сақтамағандықтан кездейсоқ қателіктер орын алады. Мәселен, автокөліктер ақы тө­леу бекетіне жақындағанда ара-қашықтықты дұрыс ұстамаса көліктің габариті дұрыс анықталмауы мүмкін. Мұнымен бірге, автокөліктер лас, жуылмаған болса да төлемақы жүйесі мемлекеттік тіркеу нөмірін дұрыс көре алмайды. Осындай жағдайларда арнайы операторлар мен инженерлер көмекке келіп, орын алған қателіктерді түзетеді. Сөйтіп, жүргізушіге мән-жайды түсіндіреді, дейді Е.Сұлтанов.

Ал пост-терминалдардың кейде бұзылып қалуына, жүргізушілердің кейбіреулері қағаз банкноттың орнына темір ақша немесе тіпті, басқа зат салып жіберуі себеп болады. Ақылы магистральдегі автокөлік жүргізушілерінің түрлі тәртіпсіздіктері мен біліксіздіктері туралы естіген соң, олармен кездесіп, сөйлесуді жөн санадық. Ақылы автомагистральмен күнделікті жүріп жатқан автокөліктер негізінен Астанадағы темір жол вокзалы мен сапаржайға келіп аялдайтыны мәлім. Расын айтқанда, біздің кім екенімізді және ақылы автожол туралы материал дайындап жүргенімізді естіген жүргізушілер жан-жақтан жамырап қоя берді. Себебі, оларға көп жағдай түсініксіз.

7faaa5c6b5c44f2d425b775bfa96dfd6

Алыс-жақын шетелдердегі ақылы автожолдар туралы біз де естіп, сәті түскенде түрлі басылымдардан оқып та жүреміз. Содан білетініміз, оларда ақылымен қатар ақысыз балама жолдар да бар. Сондай-ақ, ақылы жолдары тақтайдай тегіс, көрсетілетін қызметтерінің сапасы да жақсы. Ал, бізде балама жол былай тұрсын, ақылы автобанымыздың ашылғанына 3-4 ай ғана болғанына қарамай, кей тұстарының күйі кете бастаған. Күн санап жолдағы жарылған ойықтар саны артып келеді. Оған жол жөндеушілер қара майды, яғни гудронды құя салады. Оның көпке шыдамайтыны белгілі. Аралықтағы елді мекен тұрғындарына күнде ақылы жолда жүру де оңайға соқпайды. Мен өзім де ауылданмын, балама жол болмағандықтан ақылы магистральде жүруге мәжбүрмін, деді Mersedes-Sprinter көлігінің жүргізушісі Сәкен Таласбаев.

Төлем жүйесі реттелмей-ақ қойды. Әр өткенде әртүрлі баға көрсетеді. Оның мән-жайын түсіндіреді деген операторлардың өзі төлем жүйесі туралы дым білмесе керек. Өйткені, жөн сұрасаң, иығын қиқаңдатып, баған қандай бағаны көрсетсе соны төлеуге тиіссіз, деп қарап тұрады. Ал, ол баға кейде 2000 теңге көрсетсе, кейде 200-300, тіпті 10 теңге де көрсететін кезі болады. Бірде көз алдымда екі КамАЗ жүк көлігі төлем бекетіне қатар келді. Мен көріп отырмын. Солардың біреуі 3060, екіншісі 2500 теңге төледі. Сондай-ақ, менің алдымда жүріп келген жеңіл автокөлік – 200, ал 12 жолаушыға шақталған шағын автобуспен келген мен 10 теңге ғана ақы бердім. Бұл жерде маған арзан түскені жақсы болды, әрине. Бірақ, бұл дәлелді оқиға ақылы жолдағы төлем жүйесінің реттелмегенін көрсетіп тұр емес пе, деді Ssang-Yong автокөлігінің жүргізушісі Орынбай Омаров. Ол тіпті, дәлелін деректі айғақпен үстемек үшін өз көлігіне төлеген екі төлем түбіртегін қолымызға ұстатты. Оның бірінде – 310, екіншісінде 2000 теңге көрсетілген.

Астана-Щучье ақылы жолы менің көңілімнен шығады. Ескі, жаман жолда жүріп көлігіңді жылына бәленбай ақшаға қайта-қайта жөндетіп, шар­шап-шалдығып, сағаттаған уақы­тыңды жолда өткергеннен гөрі осылай ақылы автобанда жүрген жүз есе тиімді. Кейбір кемшіліктер мен түсініспеушіліктер болып жатқан шығар. Оның бәрі уақытша екенін бәріміз білеміз. Ақылы болса да, кең әрі тегіс жолда жүргенді барлық жүргізушілер қалайды, ал қызмет көрсету жағын тағы жетілдіре түссе нұр үстіне нұр, деді сөзге араласқан Toyota Camry көлігінің иесі Тұрар Төлебаев. Расында, ақылы жолдағы кейбір келеңсіздіктерге қарамай, онда табыс тауып жүрген автокөлік иелерінің көпшілігі жол жағдайына дән риза екендіктерін білдірді.

1338814871 dorogi

Сапаржайға барғанда Степногор қаласының автобус жүргізушілеріне жолықтық. Соңғы уақытта ақылы жол мәселесі қиындап кеткендіктен бұл жолы «Степногор-автотранс» ЖШС директорының орынбасары да елордаға арнайы келіпті.

Елдегі заң бойынша автобан бой­ындағы елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көліктерге жолды пайдалану тегін еді. Жол ақылы жүйеге өткеннен кейін де екі ай көлемінде солай болды. Енді не өзгергенін білмейміз. Әуелі Степногордан Астанаға дейін келер жолдың бойындағы кіріп-шығатын елді мекендердің бәрінен анықтама әкеліп отырыңыздар деді. Ыңғайсыз әрі қолайсыз болса да бұл талаптарын орындап жүрдік. Енді оның да керегі болмай қалды. Ақы төлеңдер дейді. Ал біз жағдайдың мән-жайын толық білгенше ақы төлеуден бас тартып тұрмыз. Төлемеуіміздің тағы бір себебі, әр өткенімізде әртүрлі баға көрсетеді. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айыра алмай жүрген жағдай бар. Қазір әр өткенімізде ақы төлемегеніміз үшін акт толтырып, қолымызға ұстатып жатыр. Олардың әрқайсысында әртүрлі баға болумен қатар, оның ешбірінде тіркелген мемлекеттік нөмірі де, басылған мөрі де жоқ. Күндердің күнінде жолға ақы төлемегеніміз үшін тиісті мекеме бізді сотқа шақыртуы бек мүмкін. Сол кезде, ешкімнің қойған қолы мен мөрі жоқ актімен қалай сотқа жүгінбек деген де ой келеді, деді Петр Савкин. Ол, сізге де айғақ болсын деп актінің көшірмесін берді. Ондағы берешек ақы – 21 856 теңге.

Осыншама өкпе-наздан кейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мекемесіне қай­та оралмауымыз орайсыз еді. Бас­қарма төрағасы Е.Сұлтанов туындаған сауалдарға нақты жауаптар берді.

Қазір өміріміз қарбалас шаққа толы, деп бастады ол сөзін. Әркім, әр жаққа асығады да жүреді. Уақыт деген өте қат әрі тым қымбат кез. Әйтпесе, ақылы жолдың тәртібі туралы түсіндіру жұмыстары магистраль ашылардан бұрын басталғаны белгілі. Содан, әлі күнге дейін жолақы жинау бекетінде компанияның штатында жоқ инспекторларды ұстап отырмыз. Өйткені, жүргізушілердің талай рет көрсетіп, түсіндірген қарапайым жүйені ұғып алуы тым қиынға соғып тұр. Жолдың тұсаукесер рәсімінде барлық қағидатты жүйелеп ұқтырдық. Елдегі бүкіл теледидарлар мен радиолар, басқа да бұқаралық ақпарат құралдары бойынша жеткілікті материалдар таратылды. Теледидарлар арқылы жүйенің қалай жұмыс істейтінін ұңғыл-шұңғылына дейін тәптіштеп түсіндіріп, көрсеттік. Одан кейін инспекторларымызды қадап қойып, әрбір жүргізушіге мән-жайды ұқтырумен келеміз. Бұл жұмыстарымыздан нәтиже жоқ емес, бар. Күннен-күнге келеңсіз жағ­дай­лардың саны да азайып келеді. Десем де, осы мүмкіндікті пайдаланып, ақы жинау бекетіне жақындағандағы жүру ережесінің тәртібі мен талабын тағы бір қайталайын. Сонда жоғарыда туын­даған сауалдардың жауабы да шығады.

Көптеген жүргізушілер ақы жинау бекетіне жақындағанда сасқалақтап қалады. Арақашықтықты дұрыс сақ­тамадым ба, әйтпесе шеттеу келіп қалдым ғой деп қайта шегініп жатады. Осы тұста үлкен қателік бар. Бекетке таяған автокөлікті бейне­бақылау бірден түсіріп алады. Ол сас­қалақтап кері шегініп қайта кел­генде екінші рет тағы түсіреді. Осыдан келіп түсініспеушілік туады. Өйткені, бейнебақылау камерасы адам емес қой. Оған автокөлік неше рет жақындаса сонша рет түсіріп, компаниядағы орталық базаға жөнелте береді. Оны ешқандай оператор кері қайтара алмайды. Автокөлік бақылау мониторына екі рет келген соң бағасы да өзгереді. Бірталай жүргізушілерге осыны ұқтыра алмай қойдық.

Мұнымен қатар, ақы жинау беке­тіне келген көлік жуылған, таза болуы мүмкін. Бірақ оның мемлекеттік нөмірінің бір санының бір шеті ғана таза болмаса да автоматты камера дұрыс түсірмейді. Тағы қайталаймын, автоматты жүйе автокөлікке барып нөмірді сүртіп қарайтын аяқты адам емес. Оған не көрінеді, соны түсіріп ала береді. Бұл жағдайда да төлем көлемі өзгеріп шыға келеді. Сондықтан жүргізушілерге айтарымыз, жол бойында әрбір ұсақ-түйекке зер салып, мұқият болыңыздар. Ал, операторларымыз бен инспекторларымыз жүйені білмейді деген дұрыс емес. Жүйені іске қосуға көмектескен француздық компанияның әуелі 7-8 маманы үнемі осында болып, біздің операторлармен бірге жұмыс істеді. Қазір де шетелдік екі бірдей білікті маман бар. Қажет болса ақыл-кеңесі мен көмек қолын созады.

Ақылы автобан бойындағы елді мекендердің тұрғындары жолды күнделікті пайдаланатын болғандықтан қымбатсынып жүргенін білеміз. Ол үшін жол үстіндегі бес ауданның тұрғындарына осы қазан айынан бас­тап арнайы абоненттік жүйе енгізіп жатырмыз. Абонентті ақы жинау бекетінен бір жылға сатып алады. Құны бір мың теңге. Бірақ автокөлік міндетті түрде жол бойындағы ауданда тіркелген болуы шарт. Әйтпесе, кейбіреулер үй кітапшамды алып келейін, жол бойындағы пәлен ауылда тұрамын деп дәлелдегісі келеді. Ал, көлігі басқа жақта, мәселен, Астана қаласына тіркелген. Бекеттегі автоматты түсіру камерасы ол кісінің үй кітапшасын емес, автокөлігін және оның мемлекеттік нөмірін түсіреді.

Ал, Степногордың автобусына келсек, ол қала ақылы автобанның бойында емес. Сондықтан төлемді соза бермей төлегендері жөн. Өйткені, сотқа шақырғанда бізге актінің еш қажеті жоқ. Олардың ақылы жолға қайсы аркадан неше рет кіріп-шыққанының бәрі бейнетаспаларға түсірілген. Ертеңгі күні төлемге айыппұл қосылғанда берешек көлемі тым ұлғайып кетуі ықтимал. Мұнымен бірге, ақылы жол бойындағы аудан тұрғындары да өз шаруасымен ақылы аралықта жүріп, бір ай көлемінде ақы жинау бекетіне келмеген болса, оларға ескерту қағазы жіберіледі. Айтпағым, жергілікті тұрғындар да ескерту қағазын алған соң тез арада төлем жасауы тиіс. Әйтпесе, төлемге үстеме айыппұл қосыла береді. Бұл жағдайда ешкім де көмектесе алмайды. Себебі, автоматты жиналған мәліметтер қас-қағым сәтте компанияның орталық базасына барып түседі. Сотқа да сол жақтан жол алады.

Жақында Астана-Щучье автожолында Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев бастаған Сенат және Мәжіліс депутаттары болып, автобанның ерекшеліктерімен танысты. Олар жолдағы ақы жинау терминалдарының қызметіне дән риза болды. Өйткені, әлемдегі дамыған елдердің бірқатарында әлі мұндай қызмет көрсету үлгісі жоқ. Еуропадағы кейбір елдердің өзінде терминал жанында кассир де бірге отырады. Ал Астана-Щучье жолында бұл істің бәрі автоматты жүйемен атқарылады. Сондай-ақ, біздің ақылы жол әлемдегі ең арзан автобан екен. Салыстырар болсақ, ең арзан деген көрші Ресейде бір шақырымның ақысы бір рубль. Оны біздің теңгеге шаққанда 5 теңгеге жуық болады. Мұнымен қатар, тоқтаусыз қашықтықтан төлемақы жүргізу құрылғысы – транспондерді пайдалану жүйесі іске қосылды. Бұйыртса, келер жылдың көктемінде транспондер тағылған автокөліктерге арнап ақылы өткізу пунктінде тағы бір қосымша жолақ саламыз. Сонда ол жолақта кезек те, ешқандай іркіліс те болмайды. Көліктер белгіленген жылдамдықпен тоқтаусыз өте береді. Біткен іске сыншы көп. Десем де, ақылы жүйе күн сайын жетілдіріліп жатыр, деп сөзін аяқтады Е.Сұлтанов.

Негізі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ келешекте жекелеген бірқатар автожол телімдерін кезең-кезеңмен ақылы жүйеге өткеруді көздеп отыр. Оның жалпы ұзақтығы 6 982 шақырымды құрайды. Ол туралы кезі келгенде айтармыз.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар