Әдебиет • 10 Тамыз, 2020

Қайталанбас ғажайып құбылыс немесе классик жазушы Мұхтар Мағауин Абай портретін сырлы сөзбен қалай зерлеген?

797 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Мұхтар ағаның кез келген дүниесі елең еткізсе керек. Даусыз. Өйткені шөпті де, шөңгені де шимайлап, киелі қаламын текке былғамайды. Оймақтай ой айтса да елдік тұрғысынан қозғауы ежелгі мұраты.

Қайталанбас ғажайып құбылыс немесе классик жазушы Мұхтар Мағауин Абай портретін сырлы сөзбен қалай зерлеген?

Ақиқатын ашық жеткізген абзал. Мұх­тар Мағауин – қаламгерлік қуаты, қаламгерлік қарымы, қаламгерлік құшағы өзара құп қосылған, іштей әдемі үйлесім тапқан, өзге әріптестерінің ешқайсына ұқсай бермейтін дара тұлға. Келесі өрілер өрнекті әңгіменің жұлын өзегі осыған жетелегендей. Ол өрмек – Абай.

Иә, Ұлы Абай туралы Мұхаң ұдайы жазып та, айтып та жүр. Жазғанда қан­дай, айтқанда қандай! Көсіліп жазады, шешіліп сөйлейді, тебіреніп толғайды! Шамырқанған шабыттан туған шығар­малар шоғырына «Абайдың суреті», «Абайдың белгісіз әңгімесі», «Жаздыгүні шілде болғанда», «Абай тойы», т.б. эссе­ле­рі, толғаулар мен зертеулері жатса керек.

Бұлардың қай-қайсысы да бөлек-бөлек сөз етуге тұратын туындылар. Сөйт­се-дағы «Абайдың суреті» атты эссе-хикаяттың жөн-жосығы айрықша ерек. Қаншама белгілі де, бергісіз деректер мен дәйектер, таныс та, бейтаныс ке­йіп­керлер мен тұлғалар, мәлім де, беймәлім оқиғалар мен жағдаяттар... бәрі -бәрі көз алдыңда көлбеңдеп, санаңда жаңғырады-ай. Сұңғыла суреткер кеше мен бүгіннің арасында жатқан қазақтың бір жарым ғасырлық тарихы мен тағдырын ас­қан шеберлікпен көркем кестелейді. Әри­­не, мұндай шымыр да, шырын шы­ғарманың қалам ұшынан оп-оңай құйыла салмайтыны аян.

Бұл турасында Мұхаңның өзі біраз жайдан сыр шерткен. «Шынын айту керек, мен бұл дүниеме үлкен әзірлікпен, бірталай материалдар жинап келдім. Өйткені ұлы ақын туралы Әуезовтің эпопеясынан бастап, көптеген көркем шығармалар бар. Соны сөз айту, жаңаша ой түю – ең маңызды міндет. Тынымсыз ізденіс...».

1

Жазушының үлкен дайындықпен, ке­ңі­нен толғанып қалыптаған жұмыстарының бірі. Тым арыда ойластырылған, бірақ орайы келмеген; созылып жүре-жүре Абайдың 150 жылдық мерекесінен соң бастамақ болды, – қаламы жүрмейді, келер жылы жалғастыра бере, тағы да тетігін таппайды. Ақыры 1998 жылы 23 қаңтарда жаңадан бастап, әуелгі бес тарауын жазған соң, одан әрі жылжи алмай, тағы да то­қы­райды. Бұдан соңғы жұмыс жыл бойы, үздік-создық. Келесі, 99 жылы да ме­же­сіне жеткізе алмайды. Ақыры 2000 жы­лы жазда, Абайға тікелей қатысты «Жаздыгүні шілде болғанда» деген ұзақ әңгімесін тәмамдап, журналға әзірлеген соң, 26 мамыр күні қаптал жа­рыса жазады: басынан түсіп мәшіңкеге қайыра басады да, кейінгі тоқтаған жеріне жеткеннен соң, қолмен қаралай жазуға көшіп, онысын бірер күн орайында тағы да мәшіңкеге түсіріп, тағы да қолмен жазып, қайталай басып, ақыры 14 маусым күні аяғына шы­ғады. Жазушының жұ­мыс дағдысы – әуелі қаралай. Сосын тазалай, одан кейін мәшіңке болатын, яғни Абай туралы жазу үстіне алға мысқалдап жылжығанын және қолма-қол соңын тазартып отырғанын көреміз, жұмыстың күрделі ауырлығы басқаша шешім қалдырмаған. Тағы бес күн бойы шола өңдеп, біржола әзір болып, өзі басқарып отырған «Жұлдыз» жур­налының кезектегі, 8-санына терімге түседі (2000). «Абайдың суреті» атаулы кітап құрамында алғаш рет басылып отыр.

Өзіңіз де аңдаған, байқаған боларсыз. Мігірсіз мехнат пен машақаттың сұл­басын. Әншейінде тісбатпас көрінер талай тақырыпты оңынан ойсыратып, шапшаң қайырып тастайтын кәнігі қа­ламгер не­бәрі алпыс-жетпіс беттік шойын шы­ғар­маға бақандай екі жарым жылын бағыш­тапты. Ойланарлық! Бап та, ша­быт та кілтипанға жатпаса ке­рек. Ең үлкен мәселе – Мұхаңның өз-өзіне қойған аса биік талабы. Ол – өзі қаршадайынан аты-жөніне қанық боп өскен, тілі рухани сол әкенің өлеңімен шыққан, ес біліп, ержеткен шағында да ұдайы жадында, жанында жүретін ұлы Абай бейнесін, данышпан-әулие ақын образын ойдағыдай сомдап, жан-жақты жарқыратып көрсету. Меніңше, талғампаз сөз зергері осы ма­ңыз­ды биік­тен табылған...

Кәне, деректі – ғұмырбаяндық һәм тари­хи – танымдық толғаудың кілташар көрінісіне үңіліп көрейікші: «Азаттықтың төртінші жылы, 1995 жыл, тамыз, Шың­ғыстауда Абайдың ұлан-асыр тойы өтіп жатты. Соңғы күн, сәске, сағат он бір, жапырлай тігілген аппақ үйлерден арқан бойы ұзап, аламан бәйгенің басталуын күтіп тұрған сәтте, етегінен басына дейін қарағұрым Тойтөбеге көзім түсіп еді. Құдайдың құдіретіне, аруақтың қуатына қайран қалдым. Қайран қалдым-әлсіз лепес, Алаштың рухы, Қазақтың айбыны болып, өз тойы – Тәуелсіздік мерекесін бүкіл әлем ауқымында өткізіп жатқан әулие атамның айрықша тумысына табынып, елбірей сүйсініп тұрып қа­лыппын. Дәл осы тұста екі шалғайы ұзара жазылып, ортасы ойыса иіліп кө­рінген Қарауыл төбені ежелгі түрік­тің қос саржалы арыс садағы кейіптес алтын нұр көмкеріп тұр екен. Күн сәу­ле­сінің әсер, таңбасы емес. Басқа бір құбы­лыс, ақылдан, санадан тыс ғажайып. Жан­ды, шұғылалы, алтын нұрдан иілген алып садақ Абайдың Аруағына тартқан Алаш­тың рухы екен. Мен көрдім».

Ал біз жүрек толқытар, жан тербетер бұл ғажайып сәтті көргеміз жоқ. Қадір­менді Мұхтар ағаның дәл көк желкесінде отырсақ та. Өйткені Алланың мұндай сыйы-сирек ұшырасар құбылыс кім-көрінгеннің жанарына шалынбаса ке­рек. Демек, көптің бәрі бірдей емес, миллион­нан – біреу, мыңнан – біреу, жүзден – біреу, бәлкім Тәңірінің өзі алқаған жалғыз нысаналы пендесі! Әбден мүмкін ғой.

Әуелден құдіретті табиғаттың өзі қолдан жасап қойғандай алып амфитеатр әйгілі Қарауылдың бір пұшпағы есеп­телетін Бәйгетөбенің құтты баурайын айма­лай құшақтап жатыр. Осы аймақтан айнала-төңірек құдды алақандағыдай көрінеді. Тақия төбенің етегіне, нақ ортаға жиырмасыншы ғасырдың сәулетімен бой көтерген дала сахнасы үш күннен бері ду-думанға оранған. Ұлан асыр ұлы тойдың сән-салтанаты мен қызық-шыжығы міне осы жерде. Аузымен құс ұстаған айтыс­керлер додасы, құйқылжыта ән шыр­қап, күй төккен өнерпаздар бәсекесі, дана кемеңгерді жырға қосқан ақындар мүшәйрасы біріне-бірі ұласқан... Енді бірде қазақтың ұлттық ойындары бәйгенің түр-түрі, көкпар, күрес сайыстары қыз-қыз қайнаған... Ұлтының жүрегіне ұяла­ған Алаштың Бас ақынының өршіл өлең­дері мен сыршыл әндері де дүбірлі той аспаны астында толассыз шалқиды... Көше- көше тәртібімен тігілген мыңға тарта ақ­шаң­қан киіз үйлер қалашығының думаны да бір мезетке басылмайды-ау! Ерсілі-қарсылы толқындай тербетілген нөпір халықтың көл-көсір қуанышын өз көзіңмен көру, жан- дүниеңмен сезіну қандай ғанибет. Еуразияның кіндігі са­налатын қасиетті де, киелі нүктеде – Ұлы Абайдың Жидебайындағы қиял құшағы жетпес сән-салтанаттың әр-әр тұсында сүйікті жазушым, мерейі тасыған, еңсесі асқақ Мұхтар ағамен әлденеше рет ұшырасып жүздесіп қалғаным да есте. О баста мән бермегенім рас. Енді қараңыз, керуен-уақыттың осыдан ширек ғасыр бұрынғы ұлы оқиғасы – Абай тойын ерік­сіз жаңғыртып отырмын. Не­ге ұмытайын?! Барлығы да мәңгі өш­пес­­тей жадымда. Төрткүл дүниенің төрт бұ­рышынан жиналған жұрт шашау шы­ғармай, қатарларын сейілтпестен Се­мей топырағына табандары тиісімен облыс орталығында жаңадан асқақтай бой көтерген ұлы ақынның Орталық әде­би мемориалдық музейіндегі ұлттық құнды­лықтармен танысуға асығады. Біз де сөйттік. Қалың көппен бірге ентелеп бірімізді біріміз итере-митере мұражай табалдырығын аттағанда қарсы беттегі қабырғаға ілінген Абайдың әйгілі фото-суретін тамашалап тұрған Мұхтар ағаға жолықтық. Жазушының қолын қысып, әйнекті раманың зерлі жақтауындағы андатпа-жазуға үңілдім. «Менің білуімше, музейдегі ең бағалы, ең құнды экспонат». Мұхаңның сөзі әлі күнге құлағымнан кетсейші... Ертеңінде Жидебайда, ап­пақ мұнаралары тамылжыған тамыздың арайлы нұрына шомылған іргедегі Абай­дың ғажайып алып кесенесіне тағзым ету үшін жаяулап жөңкілген тәуеп ету­шілердің сапынан көріп, қауышып жа­тырмыз. Жүректер сөйлеп тұр. «Алаштың айбыны айдынданып, азат қазағымның рухы бір көтеріліп қалды-ау!».

Ал Мұхтар аға Мағауин осынау «Абай­­дың суреті» эссесінде ақынның жүз жыл­дығына дайындық өтіп жатқан қар­балас кезеңнің сүле елесін үш-төрт ауыз сөзбен түйіндеп жазыпты. Біз секілді жиырма жылдың о жақ-бұ жағы емес-ау, тұп-тура осыдан жарты ғасыр бұрын болған көріністі мейлінше дәл жеткізуге тырысады. Мен оқып отырып, қайран қалған едім. Өйткені бала Мұхтар ол уақытта небәрі бес жаста ғой.

Сонымен Мұхаң елжірей тебірене жазғандай «Абай тойы! Барған – бақыт, бармаған – арман». Қазақ Елі дүркіре­тіп, дүбірлеткен ұлы асқа, ұлы мерекеге бас-аяғына дейін қатысып, бақытқа бө­лендік. Шүкір! Ендігі арман – ұлы ой­шыл әулиенің қос ғасырлық тойын ұр­пақ­тарымыз көргей.

Ұлы Ұстаздың тойынан шат-ша­дыман шабытпен оралған Мұхтар Ма­ғауин де ой суатының мөлдір де нәрлі бұлағын ағытқан. Көптен мазалап, кө­кейде түзілген шырайлы, шүйгін шығар­маның алғашқы штрихтары қағазға тү­сіпті. «Менің жұмыс бөлмемде, жазу сто­лының сыртында, кітап сөресімен астасқан Абай суреті тұр. Мен үшін сурет емес, тірі тұлға...» Осылайша қызыл тіл ұшындағы сырлы сөзбен өрілген Абай бейнесіне байланысты тартымды хикая лейтмотиві жалықтырмай жетелей береді, жетелей береді. Әр сөзін, әр пікірін, әр ойын жан-жақты сүзгіден өткізіп, яғни ми домнасында балқытып барып әңгіме өрбітетін кіді қаламгер жалаңдыққа ұрын­­бай, табан тірер тиянақ-тетікті тірек етеді. Бұл Мағауин машығының сара­лығына әуелден тән айнымас қасиет. Өзгеше әдет-мінез десе де жарасқандай. Мәселен, ақын тағдырына, ақын тала­йына, ақын тауқыметіне қатысты айтпақ жүрек жарды баянын Абайдың фотоға түскен кездегі күнделікті көңіл күйінен, дәл сол мезгілде сыр толқытқан өлеңдерінен іздейді.

 Атақты жазушы ағамыз, ұлы ақынды тікелей рухани бабасы санайтын Мұхтар Мағауин «Абайдың суреті» атты эссе-повесінде 1896 жылы түсірілген баршаға мәшһүр жалғыз фотоны тілге тиек ете отырып, небір қызғылықты деректерді алға тартады. Айтпақшы, жазушы аға­мыз көп ретте әлгі фотомен бірге әуес­қой суретші Павел Дмитриевич Лобанов­ский (1857-1887) қарындашпен тура қа­рап отырып салған ақын суретін де не­гізге алады. Әрине, бұл мирас та дәл­дік үшін таптырмайтын дәйек қой. Әс­кери қызметкер «Халық еркі» тобына қатысқаны үшін Ростовтан Семейге төрт жылға жер аударылған. Абаймен танысып, 1887 жылы бейнесін салған. Әрі танымдық, әрі елең еткізер деректі дәйектемелерді шебер тоғыстыра әңгіме өрбітетін сұңғыла суреткер Абайдың фото-бейнесіне жіті үңіліп қана қоймай, ұлы тұлғаның болмыс-бітімін, мінез-құлқын, адами қадір-қасиетін, тәңір сыйлаған өзгеше дарын қабілет табиғатын ғылыми дәлелдер негізінде жан-жақты ашып көрсетеді.

Жоғарыда қадап ескерткеніміздей, бітім-болжамы бөлек структураға құрыл­ған туындыны ойдағыдай орындау үшін автор естелік-әңгімелерге көбірек жү­гінген. Онда да «анау айтыпты, мы­нау айтыпты» тәрізді екінші-үшінші біреу­лердің долбары емес, Абайдың жүзін көріп, сөзін тыңдаған, тәлім-тәрбие­сін алып, өнеге-өсиетін естіп өскен етжа­қындарының сағыныш пен сырға толы лебіздері.

Мұның көпшілігі Абай тұлғасын әр қырынан жарқыратып көрсетуге, Ақын образын нанымды да, шынайы сомдауға, Ғұлама бейнесін хас шебер бәдізшідей мүсіндеуге септігін тигізгені сөзсіз. Үлкен жүректі данагөйдің адамдық қадір қасиеті мен мінез-құлқын да тереңірек танып білуге құлшынған қаламгердің жанкешті ізденісі атойлап шалынады.

«Ежелгі қазақтың сән-салтанаты де­генде, Абайдың айрықша құмартқан бір ісі – балуан баптау. Ас пен тойда Абайдың аты бәйгеден келсе, балуаны тағы жығуы керек. Таза қазақы мінез. Тек Абай үшін мұның бәрі мақтан ғана емес, қызық. Өйткені Абай жиын-тойсыз-ақ балуан күрестіре берген. Айлап баптаған жыл бойы қолында ұстаған. Бұл реттегі Абайдың ең атақты балуаны – керей Байқұда. Жауырыны жерге тимеген түйе балуан Байқұда туралы көп дерек, қыз­ғылықты хикаялар сақталған. Абай Байқұданы Қарқаралыда, Семейде, Омбыда, Керекуде, ел ішіндегі атақты ас пен дүбірлі тойда талай күреске салған.

Қазақты да, мұңғыл мен татарды да, орыс­ты да жығып берген. Кейін қар­тай­ғанда алдына мал салып, басына үй тігіп, өз жұртына құрметпен қайтарған екен... (Мағауия Құрымбайұлының әңгімесі).

Бұл естелікті әңгімелеген Мағауияның әкесі Құрымбай Бітенұлы (1830-1902) жазушы ағамыздың бабасы болып табы­лады. Ақсақал Абаймен жақсы таныс-біліс болған. Бірде жазғы жайлауда Ба­уыр­дан Жотаға шыққан Абай суы мол, шөбі шүйгін Бақанас өзенінің бойындағы жазираға қатты қызығады. Ол заманда ел тығыз отырады, бос жер жоқ. Сөйтсе де жасы кіші, басы үлкен досының ниетін түсінген Құрекең Абай ауылын өзінің ата қонысының етегіне әкеліп қондырыпты. Содан бастап сыйлас достықтары бекіп, ағалы-інілі боп кетеді. Ақынның атақты «Жаз» өлеңі секілді бірнеше табиғат лирикасы осы Шұбартаудың сұлу саясында дүниеге келген. Мұхтар ағаның өзі ұдайы арқаланып айтып, жазып жүретіні бар: Абай Атам Құрымбай ша­ңырағына «Сөз ұстаған ұл тусын, Ел ұс­таған би ту­сын!» деп бата берген көрінеді. Ұлы да­нышпанның ақ тілегін Алла тағала да хош көріпті деймін мен іштей. Рас. Бұл жағдайды бүгінгі ұр­пақтың бірі білсе, екіншілері хабарсыз ғой. Ғибратты ізгі үлгі-өнеге осындай болар.

Реті келіп тұрғанда айта кетейін. Жо­ға­рыда Мағауия қарияның естелігінде сөз болатын Абай атамыздың жауырыны жер иіскеп көрмеген түйе балуаны Бай­құданың апайы Тәкеннен менің әкем Орынбайдың әкесі Елшібек туады.

Сенесіз бе, қадірменді оқушым, жұ­мыс барысында, жазу үстінде мен «Абайдың суретін» әлденеше мәр­те оқып шықтым. Кемінде төрт-бес рет шығар. Қайыра сүзіп тексере зерт­теп үңілген сайын бел­гілі жазушы Мұх­тар Мағауиннің қат­пар-қатпар ойла­рының беймәлім астар­ларын арши түс­кендеймін. Соқталы ойлар сілемі қи­лы-қилы сезімге түсіргені мәлім. Әр бай­ламының, әр пікірінің пси­хологиясы мен философиясын жітірек ұға түскендеймін. Ұлы тұлғаның бүкіл болмыс бітімін танып білуге құлшынған әдебиетіміздің бүгінгі алыбы Мағауиннің де мақсат-мұратын сезе түскендеймін.

Сондықтан да жүрек жосығын тың­дауға тура келіп тұр. Демек, жазушы көзқарасын қаузай түссек дейміз. Абай портретіне жанар жүгірткен Мұхаң өз дәуірлестерінен мойны да, ойы да озық дара данышпанның сырт келбетіне, жүріс-тұрысымен, киім киісіне де айрықша назар аударады. Жай ғана қарамайды, құр әншейін тамашаламайды. Көреген, өткір ой-көзін «жұмбақ жанның» арпалысты күйзеліске түскен ішкі әлеміне қадайды. «Бар кілтипан жүріс-тұрыста емес. Бі­рақ жүріс-тұрыс, әдет-дағдысыз адамның өзіндік кейпі де жоқ» деп мүлдем өзге­ше шешім, бөлекше байлам жасайтын автор жиған-терген деректеріне сүйене отырып, кемеңгер ақын мінезінің сыр-сипатын сырлы сөзбен сұлбалауға ұм­тылады.

«Абайдың жас кезіндегі, сырт көзге бірден ұрған мінезі – тәкаппар, менмен­дік. Тіке, шұғыл сөйлеу, кімді болмасын ба­сып отыруға тырысу. Өмірдегі ор­нын танымаған, мәңгілік мұратымен табы­с-­­­­­
па­ған кездегі сыртқы толқын. Ақыл дариясы кенересіне жетіп, жасы тоқ­талған кезде байсал сабырға көшеді. Бірақ әлі де астам. Көп ұзамай, мәңгілік көркем шығармалары дүниеге келіп, өнері кемеліне толған шағында даналық кейіпке, әулие кебіне көшеді. Уақыт оза келе, уайым қабындап, ел мұңы жеке бас қайғысына астасқан шақта, өзі айтқандай, «іші өлген, сырты сау», бар тіршілігі тұйық, иі жұмсақ, мінезі кешірімді, тәу­басы мол, мұңды бейнеге айналғанын көреміз. Өзінің ойлы, сырлы, өрнекті жазуын алданыш қылады, құдай сөзі Құраннан сүйеніш табады...».

Психолог қаламгердің тоқтамды тұ­жы­рымы елең еткізері даусыз. Көп естіл­меген, жиі жазылмаған одағай пікір. Зер­делесек анау айтқандай ауытқушылық сезілмейтін секілді. Керісінше Мұхаңның өзі мегзегендей «жұтаң деректерден» шым-шымдап түзілген батыл нобайдың кескін-кейпі анық бедерленгендей. На­нымды! Шынайы!

Ілкіде ескерткеніміз бар, жазушы бұл туындысында Абай образын сомдауда өзгеше өріс, соны тыныс танытады. Ро­манға бергісіз жетпіс беттік сыр-сипаты бөлек диапозонды дүниенің көтерген жүгі зілмауыр. Тарихи-танымдық, де­ректі эссенің ойға шомдырар толғақты тұстары жеткілікті.

Қабырғалы қаламгердің жоғарыда сөз еткен эссесі туралы ой-толғауымызды Мұхаң­ның өз сөзімен түйіндегім келеді.

– Әлбетте, Абайдың ең айшықты суреті – оның мәңгілік мұрасы. Бірақ ұлы мұра – құдіретті рухтан ғана туындамақ, ал құдіретті рух – құдай сүйген тұлғаға ғана дарымақ. Қазақ аруақ қонған дейді. Аруақ қонған! Алаштың ұлттық әдебиетінің бес жүз жылдық тарихында аруақ қонған үш-ақ адам болды: Шалкиіз жырау, Бұхар жырау және Абай. Бұлардың ішінде бізге біршама толық және нақты жеткені – Абай ғана. Сол Абайдың өзі бойындағыны түгел шығаруға мүмкіндік таппады. Екі алақаны да жабық, жұмбақ қалпында кетті. Бірақ барына тәуба!

 

Жанат ЕЛШІБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты