Бұл өзі теріскейдегі қазақты ғана емес, ел тарихын, жер тағдырын қастерлейтін жандардың бәрін де ойландырып, толғандырып, бүйіріне тастай батып жүрген, толғағы жеткен, басы ашық, дау туғызбайтын мәселе деп ойлаймын. Әңгіме – көне қала Қызылжарға тарихи атауын қайтару жайында болып отыр.
Осы мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Ақын-жазушыларымыздың тамыры тереңге бойлайтын еңбектерінде кездесетін деректерді былай қойғанда, Петропавл өткен ғасырдың басында, нақты айтсақ, 1925 жылы ресми түрде Қызылжар деп аталған. Міне, сол кездерде Қазақстанның астанасындағы Үкімет орындарынан жолданған хаттарда қаланың бұрынғы “Петропавл” атауы тоқтатылып, “Қызылжар” деп жазыла бастаған.
Зер салып қараған адам бұл өзгерістің тегін еместігін байқауға тиіс. Ол аз болса, нақ сол кездегі елдің бас газеті “Правда” Петропавлдың Қызылжар болып өзгергені туралы хабар жариялаған. Бұған 1925 жылғы шілденің 18-інде Ақмола губерниялық атқару комитеті (ол кезде Қызылжар осы губернияның орталығы) төралқасының Петропавлды ресми түрде Қызылжар деп атау туралы қаулы қабылдауы және оны Қазақ Республикасы Орталық атқару комитеті бекітіп, 19 қыркүйекте өзінің қаулысын шығарғаны негіз болған. Бұл құжаттың бір данасы Мәскеудегі Бүкілодақтық орталық атқару комитетіне (БОАК), көшірмесі Қызылжарға жіберілген.
Бұл жөнінде белгілі журналист Жақсыбай Самрат “Егемен Қазақстан” газетіне сан мәрте, егжей-тегжейлі жазған болатын. Қазақ Республикасының қала атауын өзгерту туралы қаулысында Орталық атқару комитетінің сол кездегі төрағасы Мыңбаев пен хатшысы Аралбаев басқа себептермен қатар, Қызылжар атауының қалаға қазақ халқының ежелден қойған төл атауы екендігін атап көрсеткен.
Бұл ресми хат Бүкілодақтық орталық атқару комитетінде 1925 жылдың 30 қыркүйегі күні қабылданған. 2 қазан күні ол әкімшілік комиссиясының қарауына жіберіледі. Алайда, әкімшілік комиссиясы мәселенің қаралуын созбаққа салып, үн-түнсіз жатып алады. 29 қазан күні БОАК Ұлттар бөлімінің хатшысы Юмакаев әкімшілік комиссиясына “Петропавл қаласын Қызылжар деп атау туралы істің жайын жедел хабарлауларыңызды сұраймыз” деп телефонограмма жолдайды.
Ресей мұрағатынан осы іске байланысты алынған құжаттардың арасында әкімшілік комиссияның Қазақ Республикасы Орталық атқару комитетінен жолданған ұсынысты қараған хаттамасы жоқ болып шықты. Соған қарағанда, бұл мәселе комиссияда қаралмаған. Ал жауапты әкімшілік комиссияның төрағасы Делобродов пен хатшысы Троицкийдің сыртынан “көшірмесі дұрыс” деп жазып, белгісіз біреу жібере салған. Осының дұрыстығы күмән тудырады. Өйткені, онда әкімшілік комиссиясы басшыларының аты-жөндері көрсетілгенімен, қолдары жоқ. Мұндайда түпнұсқа құжаттың өзі жіберілуі керек еді ғой. Тағы бір түсініксіз жәйт – жауап хат тағдырына алаңдап, қайта-қайта сұрау салып жатқан Бүкілодақтық Орталық атқару комитетіне жіберілмей, Қазақстанның Мәскеудегі өкілдігіне жолданған. Бұл – БОАК тағы да жауап беруді талап ете бастаса, “Қазақ өкілдігіне жауап жіберілді” деп алдарқата салудың амалы болған сияқты...
Міне, ұлтымыз үшін маңызы бар мәселенің тағдырын әлдекімдер осылай атүсті шеше салған. Осыған орай еліміздің бас газеті “Егемен Қазақстан”: “Тәуелсіз еліміздің Үкіметі Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің 1925 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысының негізінде Петропавлдың атауын Қызылжарға өзгертсе оның ешқандай заң бұзушылығы болмас деп ойлаймыз. Өйткені, Қазақстан Республикасы Қазақ КСР-інің заңды ізбасары емес пе? Ол құрыған жоқ, тек Тәуелсіз республикаға айналды ғой. Сондықтан оның қабылдаған құжаттары арнайы қаулы шығып бұзылмаса, күшін жоймауға тиіс”, деп жазды. Бұл тұжырымның жаны бар. Шынында да, 1925 жылғы қазақ жерінде қабылданған қаулыны ешкім бұзған жоқ. Демек, оның заңды күші сақталған деуге негіз бар. Заңгерлер де осыны айтады.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты.