23 Қазан, 2013

Террорлық әрекетті Асиялова жасаған

205 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүйсенбі күні Волгоград қаласында жолаушылар мінген автобуста жарылыс болған еді. Кеше құқық қорғау органдары алты адамның өмірін қиып, қырықтан астам адамды жарадар еткен террорлық әрекеттің жай-жапсары жөнінде ресми ақпарат таратты.

012-Шарайна-1 1Дүйсенбі күні Волгоград қаласында жолаушылар мінген автобуста жарылыс болған еді. Кеше құқық қорғау органдары алты адамның өмірін қиып, қырықтан астам адамды жарадар еткен террорлық әрекеттің жай-жапсары жөнінде ресми ақпарат таратты.

Ақпараттарға қарағанда, террорлық әрекетті 30 жастағы дағыстандық жанкешті Наида Асиялова жасаған. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің пікірінше, Асияловаға жарылғыш затты оның азаматтық некедегі күйеуі Дмитрий Соколов дайындап берген. Күш құрылымдарының мәліметтері бойынша, Соколов өткен жылдың шілдесінде Асиялованың ықпал етуімен Дағыстанға барып, онда содырлар тобына қосылған. Сондай-ақ, ол өзіне Абдул Джаббар деген атты алған көрінеді.

 

Президенттік сайлауға қатысу ниетін білдірді

Сирия президенті Башар Асад Женевада дайындалып жатқан Сирия жанжалын бейбіт реттеу жөніндегі конференцияны сынға алды. Бұл туралы «Франс-пресс» ақпарат агенттігі хабарлады.

Башар Асад «Әл-Маядин» телеарнасында сөйлеген сөзінде «шешімді сириялықтар қабылдауы қажет, оны шетелдік күштердің тануы тиісті емес» екендігін айтқан көрінеді. Сонымен қатар, ол 2014 жылы Сирияда өтетін президенттік сайлауға қатысуға дайын екендігін мәлімдеген. Бұдан бірер апта бұрын АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри Башар Асадтың президенттікке қайта сайлануы Сириядағы азаматтық соғысты ұзартады, деп айтқан болатын. Айта кетейік, осы елдегі бірқатар оппозиция өкілдері қарашада Женевада өтетін конференцияға қатыспайтындарын мәлімдеді.

 

Нидерланды халықаралық сотқа жүгінбек

012-Шарайна-1 2«Франс-пресс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Нидерланды үкіметі Ресей билігінің іс-қимылына байланысты Теңіз құқығы жөніндегі халықаралық трибуналға ресми шағым жолдаған.

Бұл шағым ресейлік шекара қызметінің қызметкерлері голландиялық «Арктик Сандрайз» кемесін «басып» алғанына байланысты жолданып отыр. Нидерланды сыртқы істер министрі Франс Тиммерманстың түсіндіруінше, Нидерланды үкіметі кемедегі жолаушылар мен кеме экипажын (барлығы 30 адам) босату үшін осындай қадамға барып отыр. Ресейліктердің іс-әрекеттері халықаралық құқық талаптарына сәйкес келмейді. Ал ресейлік шекарашылар аталған кемені қарақшылықпен айналысты деп ұстаған еді.

 

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:

Кеше Орынбор қаласында болған төбелес кезінде травматикалық қарудан атылған оқтан жасөспірім қаза болды. Төбелеске 20-25 жас аралығындағы жастар қатысқан.

Бруней сұлтаны Хассанал Болкиах шариғат заңына негізделген елдің жаңа қылмыстық заңнамасы енгізілетінін мәлімдеді. Заңнамада таспен ұру және қолды кесу де қарастырылған. Құжат алты айдан соң күшіне енеді.

82 жастағы Мұхаммед Салимді өлтірді деп айып та­ғылған украиналық аспирант Павел Лапшин өзінің кінәсін мо­йын­дады. Сондай-ақ, ол Уэст-Мидлендс қаласындағы мешіт маңында террорлық әрекеттер жасауға әзірленгенін де мойындаған.

Эстониядағы муниципалдық сайлауда центристік бағыт ұстайтын партия жеңіске жетті. Олар сайлаушылардың 32 пайыз дауысына ие болған.

 

Каддафидің мәйітін беруді талап етті

012-Шарайна-1 3Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафидің жесірі Сафия Фаркаш күйеуінің және соңғы рет онымен бірге болған адамдардың мәйіттерін туған-туыстарына беруді талап етті. Оның ашық хатының мәтіні «Голос России» радиостансасының сайтында жария­ланды.

«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің, Еуропалық одақтың мүшелері, сондай-ақ осы қылмысқа қатысы барлар өлтірілген адамдардың жерленген орнын тауып, олардың мәйіттерін туған-туыстарына беруді талап етемін, – делінген ашық хатта. – Олар лайықты жерленуі тиіс». Сафия Фаркаш, сондай-ақ Африка одағынан күйеуінің өліміне жан-жақты тексеру жүргізуді де талап етіп отыр. Муаммар Каддафи өлтірілгеннен кейін оның денесі құпия жағдайда жерленген еді. Қазіргі кезде Сафия Фаркаш үш баласымен Оманда тұрып жатыр.

 

«Қош болыңыз, президент мырза!»

Грузия президенті Михаил Саакашвилидің Тбилисидегі резиденциясында «Қош болыңыз, президент мырза!» деген акция өтеді. «Новости Грузия» агенттігінің хабарлауынша, бұл іс-шара 25 қазанға белгіленген, оны «Патриоттар» қозғалысы ұйымдастыруда.

«Осы акция бойынша біз Саакашвилиге елді басқару кезінде ішкі және сыртқы саясатта қол жеткізген табыстары үшін алғыс айтамыз», – дейді аталған қозғалыстың өкілдері. Олардың айтуынша, президент резиденциясына келемін деушілерге есік ашық. Грузияда кезекті президент сайлауы 27 қазанда өтеді. Орталық сайлау комиссиясы 23 кандидатты тіркеген. Тіркелген кандидаттардың арасынан Георгий Маргвелашвилидің рейтингі жоғары сияқты.

 

Мұғалімін, сыныптасын атып өлтірді

012-Шарайна-1 4Невада штатының Спаркс қаласындағы орта мектептің оқушысы мұғалімін және бір сыныптасын атып өлтірген. Одан соң өзін атқан. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, оқиға ертеңгілік сабақ басталар алдында болған.

Оқиғаға куә болғандардың айтуына қарағанда, аты-жөні аталмаған оқушы алдымен оқушылардың бірін, одан соң математика пәнінің мұғалімін тапаншамен атып салған көрінеді. Оқушының не себептен осындай қылмысқа барғаны белгісіз қалып отыр. Жыл басынан бері АҚШ мектептерінде мұндай бірнеше оқиға орын алған еді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.