Карантин кезінде 10 күнде Қытайдың Ухань қаласында салынған аурухана жайлы естігенде қарапайым халық құрылыстың сапасына күмәнмен қарады. Көп ұзамай BI-Group компаниясы Нұр-Сұлтан қаласынан 12, Шымкенттен 25 күнде инфекциялық аурухана салды. Адамдар тағы да сенімсіздік танытты. Себебі мемлекеттік басқару жүйесінде жобалық менеджмент арқылы жылдам әрі сапалы құрылысты аяқтауға болатынынан бейхабар еді. Ал, біз таңданыспен қарап жүргенде Англия, Жапония, АҚШ, Австралия, Канада, Өзбекстан секілді әлем елдері мемлекеттік басқару бойынша арнайы ұлттық агенттік құрып, жоғары нәтижеге қол жеткізіп үлгерді. Енді Қазақстан да осы тәжірибеге сүйеніп, еліміздің барлық аймағынан Жобалық кеңселер ашуды жоспарлап отыр.
Бұл бастама Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қолдауымен алғашқылардың бірі болып Шымкентте қолға алынды. 2019 жылдың қараша айында «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік Қоғамының негізінде жұмыс істейтін Шымкент қаласы әкімдігінің Жобалық кеңсесі құрылды.
2017 жылдан бері Қазақстанның басқару жүйесіне жобалық менеджментті енгізу жөнінде бағыт-бағдар көрсетіп келе жатқан Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығының жетекшісі Арман Евниевтің айтуынша, Шымкент қаласында мемлекеттік басқару жүйесі жолға қойыла бастады.
"Ең алдымен, Шымкент қаласы әкімдігінің Жобалық кеңсесінің жұмысына тоқталып өтейін. Кеңсе 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Алғашқысы – адами капитал. Бұл сектор денсаулық, білім беру, жұмыспен қамту салаларына жауап береді. Екіншісі – инфраструктура. Яғни, қала аумағындағы қолға алынған құрылыстар, олардың жүргізілуі сынды мәселелерді қамтиды. Үшіншісі – кәсіпкерлік және индустрия. Өңірге инвестиция тарту, экспорт көлемін ұлғайту, туризм саласын күшейту секілді мәселелерге маңыз беріледі. Төртінші бағыт – мемлекеттік жағдай. Яғни, төтенше жағдай, мемлекеттік қызметтердің жұмысы бақылауға алынады. Бүгінде Жобалық кеңсе осы төрт бағыт бойынша жұмыс істеп, басқару жүйесін қадағалап, мәселелерді дер кезінде шешіп отыр.
Ал, Шымкент қаласы әкімдігінің Жобалық кеңсесі мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық менеджментті енгізгеннен не ұтады? Ең алдымен қағазбастылықты жойып, заманауи платформаларды пайдалану арқылы атқарылып жатқан жұмыстарды тұтас бақылап отырады. Бұрын жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен ақша бөліндіруден бастап жоба аяқталғанға дейінгі жұмыстардың барлығы құжат бойынша жүргізілетін. Сондықтан қажетті құжаттарды бір мекемеден бір мекемеге жеткізу, оған жауап алу айлап күтуді қажет ететін.
Қазір жобаға қатысты мекеме, қызметкер, кәсіпкер немесе жеке тұлға оны платформа арқылы кез келген уақытта көре алады. Демек, әр жауапты маман уақыты жеткілікті болғандықтан сапаға жұмыс істейді. Басшылық тарап, әкім, басқармалар жоспардағы жұмыстың қалай жүргізіліп жатқанын кез келген уақытта платформаға қосылу арқылы бақылай алады", – дейді Арман Қайратұлы.
Ал, "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" Акционерлік Қоғамы басшысының орынбасары Ғани Қарабеков мемлекеттік басқару жүйесінің жобалық менеджменті бойынша арнайы платформаны мемлекеттік органдар, яғни басқармалар, ведомствалық ұйымдар мен "Нұр Отан" партиясының филиалы және арнайы мамандар бір уақытта бақылап отыра алатынын айтады.
"Бүгінде Шымкент қалалық Жобалық кеңсесінде 250 әкімдіктің қызметкері, 23 басқарма мен ведомствалық ұйым, "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" Акционерлік Қоғамы, Нұр Отан партиясының филиалы жалпы 1400 жоба бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл жүйенің ең ұтымды тұсы – жоғарыда айтқан барлық органдар бір уақытта арнайы платформада жүргізіліп жатқан жобаларды бақылап, өздерінің көзқарастарын білдіріп, пікір алмаса алады. Ең қуанатыны, қала әкімі Мұрат Әтеновтің өзі бұл жүйені түсініп, жұмыс істеп, жіберілген қателіктерге уақытында түзету енгізіп отыр. Дәл 100 жүз пайыз жаңа жүйеге көшіп, тек қана қашықтықтан жұмыс істеуге дайынбыз деуге бола қоймас. Бірақ 80 пайыз қағазбастылықтан арылдық деуге болады", – дейді ол.
Осы орайда, бұл жүйенің қарапайым тұрғындар үшін қандай пайдасы бар деген сұрақтың туындауы заңды. Ең алдымен мемлекеттік органдар құрылысын жүргізетін тұрғын-үйлер, ауруханалар, мектеп пен жолдар тез әрі сапалы аяқталып, көпшілікке уақтылы беріледі. Сондай-ақ тұрғындар да жүргізіліп жатқан жобаларды бақылап, тіпті құрылысқа қатысы бар архитектор секілді маман ретінде жобаларды жүзеге асыруға қатыса алады.
Шымкент қаласы әкімдігінің Жобалық кеңсесі атқарып жатқан жұмыстың жай-жапсарымен танысу үшін Кеңсенің жетекшісімен тілдесуді жөн көрдік.
"Біз ең алдымен бірден жұмысқа кіріспей тұрып, сауатты қызметкерлер жасақтауға тырыстық. Алдымен орталықтағы мамандарды эксперт ретінде даярлап, сосын олар арқылы қала, аудандарда ашылған арнайы кеңселерде жергілікті әкімдіктердің басшыларына, мамандары мен сарапшыларына жобалық менеджмент қағидалары, ұстанымдары жайлы тренингтер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде, Жобалық кеңсеге қатысты органдар, басқармалар, ұйымдар мен мамандар жүзеге асырылып жатқан барлық жобаларды мұқият қадағалап, кейбір түйткілдердің дер кезінде түйінін тарқатып отыр. Егер проблеманы ерте білсең, дер кезінде шешіледі. Дәл осы Жобалық кеңсе құрылғанға дейін мұндай оңтайлы басқару жүйесі болған жоқ. Қателіксіз жұмыс істеп жатырмыз деп айта алмаймын. Қателіктер бар. Бірақ соны түзету, түсіну арқылы алдағы уақытта басқару жүйесін жүйелеп, жоғары деңгейге көтеретін боламыз", – деді Асқар Сүлейменов.
Бұл жүйе өркениетті елдерде бұрыннан қолданылып келеді. Енді Қазақстанның да басқару жүйесіне осындай едәуір өзгеріс керек. Бастау алған жұмыстар аяқсыз қалмаса, бұл жүйенің жемісін көретін күн алыс емес деген ойдамыз.