Жиынға видеобайланыс арқылы облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары және онлайн режімде БАҚ өкілдері қатысты. ОСК төрағасы Берік Имашев 10 тамызда сағат 00:00-де кандидаттардың сайлауалды үгіт жұмысы аяқталғанын мәлімдеді. Осылайша күнтізбелік жоспарға сәйкес дауыс беру күнін ұйымдастырумен және өткізумен байланысты барлық сайлауалды іс-шаралар аяқталады. Осыған байланысты облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының дауыс беру күніне дайындық барысы тыңдалды.
Сайлау комиссияларының ұсынған мәліметтеріне сәйкес сайлау бюллетендеріне 46 кандидат енгізілді (тіркеуден кейін 12 кандидаттан кандидатураларын алып тастау туралы өтініш түскен). Шығыс Қазақстан облысынан 4 кандидат, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 3 кандидаттан және қалған өңірлерден 2 кандидаттан тіркелген. Республика бойынша таңдаушылар тізіміне 3069 мәслихат депутаты енгізілген.
Берік Имашев аймақтардағы санитарлық-эпидемиялық жағдайды ескере отырып, сайлау процесінің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын атап өтті. Бұдан басқа, сайлау күні ОСК-ның интернет-ресурсы арқылы таңдаушыларды тіркеуді және дауыс берудің алдын ала қорытындыларын шығаруды онлайн байқау сервистері жұмыс істейтін болады, бұл сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етпек.