Абай ұлттың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап тұтас ұлттың өзіне айналған – хакім. Сөз жоқ, оның ақын-пайғамбар дәрежесіне көтерілуіне игі әсер еткен, нәр алған құнарлы бастаулары болды. Әдетте, біз Абайдың тәлім алған үш мектебін айтамыз. Біріншісі, Абайға тал бесікте жатқанда бойына сіңген, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Алпамыс», «Қыз Жібек» сияқты жауһар дүниелері бар сыры терең, сыны кетпес кәусар бұлақ – қазақтың халық ауыз әдебиеті. Екіншісі, ақын мүшел жасқа келіп таныған, Фирдоуси бастаған шығыс шайырларының мөлдір поэзиясы. Үшіншісі, Абайдың ер жетіп, ақыл тоқтатқан шағында өз бетімен ізденіп, оқыған, үйренген орыстың, қала берді Еуропаның классикалық әдебиеті. Осымен Абайдың дәріс алған мектептерін түгендеп болдық па? Жоқ, Абайдың жазба әдебиеттің өкілі ретінде қалыптасуына бірден-бір әсер еткен ежелгі түркі әдебиеті, яғни XI ғасырдағы Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігінен, Ж.Баласағұнның «Құдатғу білігінен» бастап тамырын тереңге жіберіп, үзілмей келе жатқан орта түркі дәуірі (Х-ХVғасырлар) жазба ескерткіштері.

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
Қазіргі қазақ ұлтының парасат-пайымының қалыптасу жолдарын, рухани мәдениетінің түп-тегін осы жазба мұралардан іздесек алтын көмбеге жолығарымыз хақ. Байырғы түркі әдебиеті мен бүгінгі классикалық қазақ жазба әдебиетінде жалғасып, астасып жатқан ақылман поэзияның алтын көпірі Абай болды. Абайдың ақындық кітапханасында Жүсіп Баласағұнның дидактикалық дастаны «Құдатғу біліктің» болғаны жайлы оның немере інісі Шәкәрімнің жазбаларынан хабардармыз. «Құтадғу білік» дастанының басты арқауы адамзат баласын ақыл мен сабырға жүгіндіріп, адамгершілікпен өмір сүруге үйрету. Әділет, бақыт, ақыл, қанағат сияқты ұғымдар балама кісі атымен аталып, кейіпкерлердің сұрақ-жауабы арқылы үгіт-насихат айтылады. Осы айтылған этикалық ұғымдар Абай поэзиясында жалғасын тауып, сабақтастықта өріледі. Ұлы Абай: «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс көнсеңіз», дейді.
Жүсіп Баласағұн құтты кітабында білім, ғылымды жоғары қояды. Оның жазбасында «Біліктіні тыңда, ол ақылдың бұлағы, білімді сөз – шырын, жанның құнары. Біліктінің ісі – байыпты. Білім мен ізгілік қана мұратқа жеткізеді», деген тағылымды сөздер көптеп кезедеседі. Абайдың ғылым, білім туралы жазған өлеңдерінде, қара сөздерінде осы тұжырымдар жаңаша өріс тауып, ұлттың көзін ашады. Оның «Ғылым таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Интернатта оқып жүр» сияқты өлеңдерінде ғылым, білімді дәріптеп, уақытты құр өткізбей білмекке ұмтылу керек екенін айтады :
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Махмұт Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік» кітабында түрік баласының тұлғасын, сымбатын сипаттап жазған: «түріктер көркемдік, сүйкімділік, жарқынжүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік, тағы сондай сансыз көп қасиеттерге ие». Ұлы Абай осы қасиеттерді өз заманының адамдарынан көргісі келді. Аталмыш қасиеттер қазақ баласының бойында бар болса да, Ресей империясының отаршылдық саясаты, сыртқы қысымның ықпалы адам санасын билеп, жағымпаздық, арызқойлық, парашылдық, суайттық сияқты келеңсіздіктер қазақ арасында өрістей бастаған еді. Ұлы ақын «қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың, жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп күңіренді. Бет бергенде шырайың сондай жақсы, қайдан ғана бұзылды сартша сыртың? – деп сұрау салды. «Күлембайға», «Болыс болдым, мінекей» өлеңдерінде мәнсапшыл жанның бейшара келбетін мысқылмен суреттейді. Күлембайды сынау бұл күллі ұлтты сынау еді. Елдің адами келбетін түзеуге ұмтылу еді.
М.Қашқари сөздігінде мақал-мәтелдер, даналық сөздер арқылы кісілік келбетті кемелдендіретін қасиеттер әлсін-әлі қайталанып отырады. «Су ішірмеске сүт бер» десе, Абай «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді. Бұл ақындық тебіреністен туа салған сөз орамдары ғана емес, бұл ақын аузында тарихи жадының жаңғыруы.
Ахмет Иүгнәкидің «Ақиқат сыйы» кітабында да білім, әдеп-тәрбие мәселелері арнайы сөз болады. Онда: «бақыт жолы білікпен білінеді, білікті ер өлді, аты өлмеді, біліксіз өлген сәтте аты да өшті», деп ғылым мен білімнің қадір-қасиетін барынша талдап, көрсетеді. Ұлы Абай да қазақ қана емес күллі пендеге тән бақастықты, күндестікті сынай отырып, адам баласының бір-бірінен озғысы келетінін, бәсекелес екенін жақсы білді. Озу – ол артық киім кию, асырып мал бағу, дүние жинау емес екенін 18-қара сөзінде «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ, Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық», деп нақтылай түсіндірді. Абайдың 38-қара сөзінде айтылатын: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр», деген сөздері осы ойды әрі қарай сабақтай түседі.
Байырғы түркі шайырлары тіл мәдениетіне, сөз өнеріне аса мән берген. Ахмет Иүгнәки өз шығармасында «Тіліңді берік ұста, тісің сынар; Саралап сөйлеген сөз сөздің сарасы; Бұл тілдің бос, бейпіл сөздері талай басты жеді», деп адамзат өмірінде сөздің құдірет иесі екенін баса айтады. Ал Абай құр сөз саптауға ғана емес, поэзия тіліне жоғары талап қоя білді. Академик Қ.Жұмалиевке жүгінсек «Абайдың поэзияға тіл жағынан қоятын шарты ең алдымен «жеңілдік» (түсінікті), «жүрекке жылы тию» (сезімге әсер ету), «мағынасының түзу келуі». Осыларды жинақтай келіп, Абайдың өзі қалдырған формуласымен айтсақ, «іші алтын, сырты күміс» жақсы сөз, міне, поэзия-өлеңнің тілі. Көркем тіл ой ғана емес, сезімнің көлеңкесі екенін Абай да жақсы түсінген. Сондықтан да ол: «Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін, Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін...» – дейді.
Қазақ жазба әдебиетінің дамуында Алтын Орда дәуірінде дүниеге келген «Нахдж-әл Фарадис», «Махаббатнаме», «Гүлстан бит-түрки», «Хұсрау мен Шырын» сияқты шығармалардың да орны ерекше. Мұрағаттар тілі өте бай, ақыл-нақыл, қанатты сөздерге, мақал-мәтелдерге толы, тақырыптары да сан алуан. Лексика-семантикалық сипаты күрделі. Жалпы, жазба ескерткіштер тіліндегі мақал-мәтелдерді саралап зерттеудің, жинастырудың игі бастамасын бастаған профессор Ә.Құрышжанов болатын. Аға ғалым «…осыдан барып мақал-мәтелдер көбінесе «халық даналығы» деп аталады. Ежелгі түркі тілдерінде «аталар сөзі» деп те аталады, яғни бұл – «атадан мирас болып келе жатқан қазына» деген сөз» – дейді. Осы алтын қазынаның бір көмбесі Алтын Орда дәуірі жазба жәдігерліктерінде жатыр. Ұлы Абай даналығының бір тамыры – осы асыл арна. Білім тақырыбы ХІV ғасыр жазбаларындағы ең келелі мәселе. Сейф Сараидің «Гүлстан бит-түрки» шығармасына жүгінейік:
илм икки жәхан көрки [Г,4б3].
Білім – екі дүниенің көркі амалсыз алим балсыз занбурға охшар [Г,173а9].
Еңбегі жоқ ғалым балсыз араға ұқсайды.
Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» поэмасында:
Ариф билә олтурмақ жахилгә ерур зиндан
Жахил билә олтурмақ арифгә жәхәннәмдур [ХШ, 119б5]
Наданға ғалыммен бірге отыру – зындан,
ал ғалымға наданмен бірге отыру – тамұқ.
Бұл мақалдарда білім әрдайым надандыққа қарама-қарсы қойып нәтижелі ой түйіледі. Ұлы Абай да өмір бойы надандықпен күресті. «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз....Надандарға бой берме, шын сөзбенен өлсеңіз», деді.
Орта ғасыр ғұламалары жас ұрпақ тәрбиесіне өте көңіл бөлген. Сымға тартқан күмістей терең ой бүгінге дейін жалғасын тауып жатыр. Мысалы, Махмуд бин Алидің «Нахдж әл-Фарадис»атты прозалық шығармасында:
Ақил вә адәб билән тирикгил [НФ, 142а1].
Ақыл және әдеппен өмір сүр.
Ал Гүлстан бит-түркиде»:
Кичикликда адәб өгрәнмәгән
ер улу болса,
Бил андан хаир келмәс [Г, 442а1].
Бала кезде әдепке үйренбеген ерден
Өскенде еш хаир болмас.
Ұлы Абай да ұлт тәрбиесіне баса назар аударды, жас ұрпақтың әдепті, инабатты болып өскенін қалады. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» шығармасында жастарға «керек іс бозбалаға – талаптылық, әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық» деп ақыл айтады.
Жас өскіннің адами тұлғасының қалыптасуында ұстаздың рөлі ерекше екенін байырғы түркілер жақсы білген:
Ата михриндән уста жәври йахшы [Г, 141б5).
Ата мейірімінен ұстаздың қаталдығы жақсы.
Абай атамыз да «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға, ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» – дейді.
М.Әуезовке жүгінсек «Абай адамгершілікті моральдық философияда барлық жайдан жоғары қояды». Толық адам ілімін ұсынады. «Әуелде бір суық мұз-ақыл зерек» өлеңінде: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста. Сонда толық боласың елден ерек» деп, өзгелерден жоғары тұру үшін ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау керектігін ескертеді. Бұл үшеуі бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, сондықтан тас-түйін боп бірігіп, өмір жолында ғылымға сүйенсе кемелдікке кенелері хақ. «Абайдың толық адам туралы ілімінің өзегі – ақыл, әділет, рахым деген терең ғылыми мағына беретін, тереңіне құрық бойлай бермейтін ой-пікірлерінің мән-мағынасы аса зор күрделі мәселелер», дейді абайтанушы М.Мырзахметұлы. Бұлардың түп-төркіні ежелгі және орта түркілік ойшыл, даналық әдеби мұраларда жатыр.
Абайдың 1899 жылы жазған бір-ақ шумақ өлеңі бар:
Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты.
Бұл өлең жолдары бүгінде мақал-мәтелге айналды және Абай тағдырының бұралаң жолдарын көрсетеді. Қай қоғамда да сатқындық пен опасыздық қатар жүретінін жасыра алмаймыз. Жақсылығың жамандық болып қайтса ер жігіт тәубасынан жаңылады емес пе. Тап осы кемеңгер, тағдырлы танымның ой көшінің керуен басын орта ғасыр жазбаларынан да көреміз:
Оң илмин өгрәниб кеткән, ақибат
қылды нишана мәни [Г, 39а1].
Менен мылтық үйренді, кейін мені нысана қылды.
Мақал-мәтелдер – түркі халқының даналық шыңы. Бабадан қалған ескі сөздің, есті сөздің тарихта пайда болу, қалыптасу кезеңі бүгінгі дәуірден қанша алыс кетсе, Ұлы Абайдың кемеңгер ойшылдығы, ой зергерлігі, сөз көсемдігінің қайнар көздері де соншалық тереңде жатыр.
Даналық өлең жолдарын сиқыр сөзбен әдіптеген Абай поэзиясы шеберліктің, көркемдіктің тың үлгісі болды. Өлең сөздің патшасын алтын тағына отырғызды. Қазақ ғалымы А.Ибатовтың пікірінше: «Абай поэзиясының көркемдік шеберлігін байыту ісіне тек қазақ халқының өзіндік мол туындылары мен шығыс әдебиетін қазақша қайта жырлау ғана емес, XII-XVI ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан, Египет жерлерінде пайда болған сан алуан жазба ескерткіштердің өзіндік үлесі, игілік әсері болған».
ХІІІ-ХІV ғасырлардағы түркі халықтары әдебиетінің озық үлгісі – Хорезмидің «Махаббатнаме» дастаны. Мазмұнында қайта өрлеу дәуірінің идеялары бар жәдігерліктің Абай шығармашылығына ықпалы болмады деп айта алмаймыз. Алма Қыраубаева «Хорезми жер бетіндегі қызықтың бәрі о дүниелік өмірдің қасында түк емес деп уағыздамайды, қайта мұнда адамның қасиетті сезімін, адамгершілікті, асыл махаббатты ардақтап, сүю бақытын басқа қияли қызықтарға айырбастамайтынын жыр етеді», дейді. Шайыр адамның ішкі жан дүниесін, махаббатты, сұлу қыздың бейнесін еркін суреттейді:
Күлгеніңде оймақ ернің үлбірер,
Сонда сені пері көрсе,
ол да мендей телмірер.
Бұл дәстүр Абай поэзиясында жаңа қырынан жарқырады. Ақын махабатты, сұлулықты адамның ішкі жан дүниесімен астастырып, тағдырмен, адам өмірімен сабақтастырып, жырлады. Оның махаббат лирикасы бұрын-соңды түркі, шығыс әдебиетінде болмаған ерекше дүниелер. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Білектей арқасында өрген бұрым» өлеңдер сұлу қыздың бейнесін жасаудың озық үлгісі. Абайдың эстетикалық идеалы тән сұлулығы мен жан сұлулығы бір бойынан табылған жандар. «Қызарып, сұрланып», «Көзімнің қарасы», «Сен мені не етесің» өлеңдері ғашық жанның ішкі психологиялық жан дүниесін бере білуімен, Алла тағаланың адамзатқа берген сыйы сүйіспеншілікті, асыл сезімді бейнелеуімен аса құнды.
Ұлы Абайдың жазба ақын ретінде қалыптасуына игі әсер еткен жәдігерліктің бәрі Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» поэмасы. Жас кезінен Фирдоуси бастаған Шығыс шайырларына табынып, өлеңдерін тұшына оқып өскен Абай «Хұсрау мен Шырын» поэмасын білмеді деп айту қисынсыз. Себебі «Хұсрау мен Шырын» оқиғасын алғаш жырлаған Фирдоуси болатын. XI ғасырда Низами «Хұсрау мен Шырын» поэмасын парсы тілінде жырлады. XIV ғасырда Құтып бұл поэманы өз халқының тұрмыс-дәстүріне лайықтап қыпшақ тілінде жазып шықты. Поэманың мазмұны Хұсрау деген жігіт пен Шырын есімді қыздың арасындағы сүйіспеншілік, шынайы махаббат тақырыбында құралған. Онда арамдық пен зұлымдық та, қастандық пен сатқындық та, өсек те, өтірік те жырланады. Ақырында әділдік пен таза сезім үстем болады. Бір жағынан Абай поэмаларымен үндесіп жатады. Ал екі ақынның тіліне үңілсек, екеуінің поэзиясында да ұшырасатын ортақ фразеологиялық оралымдарды айқын көреміз. Фразеологиялық оралым деп кемінде екі сөздің тіркесуінен жасалған, мағынасы біртұтас, құрамы мен құрылымы тұрақты, даяр қалпында қолданылатын тілдік единицаны айтамыз.
«Хұсрау мен Шырын» поэмасында екі жүзге тарта фразалық оралымдар бар. Олардың ішінде эпостық және тұрмыс-салт жырларында жиі кездесетін «сұлу» деген сөздің баламасы ретінде айтылатын ай йузім(ай жүзім), толун ай (толған ай), немесе пісте ағыз(оймақ ауыз) деген сияқты тіркестер жиі кездеседі. Ескерткіштегі осындай қолданыстар Абай поэзиясында да өте жиі ұшырайды. Мысалы, Құтыпта:
Көңіл қушы бу ғашық отында учар,
Хайалы ол Шырын Хусрауыны қучар.
деп, көңіл құшы туралы айтылса, Абайда:
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,
Адам ойы түрленіп ауған шақта
деген сияқты көңіл құсы түрінде мағыналық тұлғалық жағынан дәлме дәл келіп, Құтыпта да, Абайда да бұл фраза «өткір қиял» деген мағынада айтылып отыр.
Немесе: сынық көңіл оралымы Құтыпта:
Мені қадғуымда аз хор қылғыл
Сынуқ көңілүмні бәс азар қылғал
түрінде айтылса, Абайда:
Сынық көңілім көп кешер,
Майда қолмен ұстасаң.
деп келеді. Осындай сынық көңіл деген фраза Құтыпта да, Абайда да жабырқаңқы, қайғылы көңіл күйді білдіреді. Кей кезде Абай Құтып қолданған кейбір фразеологиялық оралымдарды түрлендіріп, құлпырта пайдаланады. Мәселен, Құтыпта көңул соңкуры(көңіл сұңқары) деп айтылса, Абайда «көңілдің жайлауы», «көңілдің күні» болып баяу қаныққан, жаңаша өсіп жетілген оралымдар арқылы беріледі.
Лай суға май бітпес қой өткенге,
Күлеміз қасқыр жалап дәметкенге.
Сол қасқырша алақтап түк таппадым,
Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?
немесе:
Көңілімнің күні өткен соң,
Жалғанда болмас жұбаныш.
Әдетте, тіл білімінде фразеологиялық оралымға өте-мөте тән, басты белгі – оның даяр қалпында жұмсалуы. Бірақ поэзияда мұндай оралымдарды ақындар өз қалауынша иіп әкеп, өзгертіп те қолданады. Мысалы, Құтыптың:
Біліліг һәм көріші йінчкә қылты
Сөзічрә қыл йарар елі ошол бег
деген бәйітінде қыл йарар (қыл жарар) тіркесі білімді адамның көргіштігі қылдай болса, бектің білгірлігі сол қылдың өзін жарып тастағандай еді деген мағынаны білдіру үшін айтылып тұр. Қазақта әділ адамды «қара қылды қақ жарған» деп айтатыны білеміз, ал Абай осы тіркесті өзінше қолданған.
Мысалы:
Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзіндей баға бермек,
– дегенде Құтып сияқты білгірлікті дәріптеп отыр. Бірақ тіркестің құрылыс жағынан екеуінде екі түрлі қолданыс бар. Құтыпта «қыл йарар» болып екі сөзден құралса, Абайда «қара қылды қырыққа бөлмек» түрінде айтылып төрт сөзбен беріліп тұр.
Екі дәуір ақындарының поэзиясына тағы бір үңілсек, Абайдағы:
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс
– дегендегі айға талпыну тіркесі Құтыптың:
Еліг көндені айға сунса болмаз,
Аңар қодырлайлық етіб мүнсе болмаз
– дегендегі «елігі айға сунса» деген тіркесімен мағыналы жағынан өзектес келеді.
Мінеки, бұл оралымдар – орта ғасырлық жазба әдеби мұраларының мөлдір тұнығын үлгі алған Абайға ғана тән жаңа үлгілер. Екі кезеңге ортақтығымен қатар, жаңаша көркемдік мазмұнда өрбіген, жазба әдебиетке сән берген сөз қолданыстары. Демек, Абай орта ғасырлық түркілік жазба әдебиетпен таныс болған. Тек танып, біліп қоймай тереңдей оқып, меңгерген. Даналық бұлағынан қанып ішкен. Орта түркілік поэзиялық, прозалық шығармалар мен Абайдың парасатты поэзиясында тереңнен тартылған алтын тамыр, өнер, дәстүр сабақтастығы бар. Ақыл, нақылдың тереңнен тартқан тамырынан сусындап, кейінгіге нәр бере отырып, ұлттың қайғы, мұңын жырлай келе Абай ұлт шеңберінен шығып, адамзаттың Абайына айналды.
Мұрат САБЫР,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Ғасырлық тарихы бар ежелгі қала жаңа келбетке ие болды – Ақтоты Райымқұлова
Руханият • Бүгін, 16:44
Түркі интеграциясы жаңа деңгейге көтерілді – Шахрат Нұрышев
Руханият • Бүгін, 16:36
«Түркістан декларациясы» Қазақстанның Түркі әлеміндегі орнын бекіте түседі – Дархан Қыдырәлі
Қазақстан • Бүгін, 16:35
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бас күмбезі қалай жаңартылды?
Қоғам • Бүгін, 16:32
Шахрат Нұрышев: Елбасы Түркі әлемінің болашағына сенім білдірді
Қазақстан • Бүгін, 16:28
21 хан, 8 сұлтан.Түркістанға тағы кімдер жерленген
Қоғам • Бүгін, 16:22
Тарихи нысандарды қалпына келтіруде әуесқой көзқарасқа жол берілмейді – министр
Қоғам • Бүгін, 16:14
«Халифа Алтай» мешітінде вакцина егу пункті жұмысын бастады
Аймақтар • Бүгін, 16:12
Шөкеев: Түркістан – бауырлас елдерді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бағдар болуы тиіс
Қазақстан • Бүгін, 16:10
Маңғыстауда сирек кездесетін қызғалдақ гүлдеді
• Бүгін, 16:08
Түркістанға келушілер саны 3,5 млн-ға дейін ұлғаяды – Ақтоты Райымқұлова
Қоғам • Бүгін, 15:52
Алматыда құны 66 миллиард теңгеден астам 5 мыңнан аса пәтер салынды
Қазақстан • Бүгін, 15:24
«Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» атты халықаралық конференция басталды
Руханият • Бүгін, 15:00
Алматыда 12 600 оқушыға арналған 8 жаңа мектеп салынады
Білім • Бүгін, 14:57
Ақтөбеде жаяу жүргіншіні жүк көлігі қағып кетті
Оқиға • Бүгін, 14:27
БҚО-да карантин талаптарын бұзғандарға 4,2 млн теңге айыппұл салынды
Аймақтар • Бүгін, 13:58
Тұтынушы үшін дәрілік нұсқаулықтардың түсінікті болуы маңызды
Медицина • Бүгін, 13:40
Қазақстан Ұлттық Банкі мен ХВҚ екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Экономика • Бүгін, 13:28
Эльдар Уркумбаев Массачусетс технологиялық институтының грантына ие болды
Білім • Бүгін, 13:13
Қазақстанда 12 градусқа дейін аяз болады
• Бүгін, 13:00
Бақылаудағы тарих: Біз одан арыла алдық па?
Тарих • Бүгін, 12:45
Мемлекет басшысы ақын Есенғали Раушановтың отбасына көңіл айтты
Президент • Бүгін, 12:43
Солтүстік Қазақстанда орман өртімен күресетін мекемелердің дайындығы тексерілді
Аймақтар • Бүгін, 12:28
Жексенбі күні елордада қоғамдық көліктер жүрмейді
Елорда • Бүгін, 12:25
Арнайы өкіл: Ауғанстандағы жағдайды қалпына келтіру үшін өңірлік ынтымақ керек
Әлем • Бүгін, 12:10
Сенаторлар ұлттық қауіпсіздіктің жұмысын жетілдіру мәселесін талқылады
Парламент • Бүгін, 12:07
«Nur Otan»-да 600 жас депутаттан тұратын корпус құрылды
Қоғам • Бүгін, 12:06
Президенттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзі
Президент • Бүгін, 11:59
Астық егу науқаны мамыр айының ортасында басталады
Қоғам • Бүгін, 11:44
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңа төрағасы тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 11:35
Алик Шпекбаев қызметінен босатылды
Қазақстан • Бүгін, 11:27
Солтүстікте су деңгейі көтеріліп келеді
Аймақтар • Бүгін, 11:25
Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнамаға өзгеріс енгізіледі
Қазақстан • Бүгін, 11:23
Президенттің өкімімен бірқатар лауазым иесі қызметінен босатылды
Қазақстан • Бүгін, 11:23
Ақын Есенғали Раушанов өмірден өтті
Қоғам • Бүгін, 11:20
Алматыда 100-ден астам көшенің аты өзгереді
Қоғам • Бүгін, 11:12
Қазақстандық каратэшілер Парижде екі қола жеңіп алды
Спорт • Бүгін, 11:10
Жұмысын дұрыс атқармағаны үшін «ҚазАвтоЖол» басшысы қызметінен кетті
Қазақстан • Бүгін, 11:10
Astana IT university: Білім сапасынан цифрлы трансформацияға
Білім • Бүгін, 11:02
Азия чемпионаты: Әйелдер күресінен өткен жарыстың алғашқы күнінің нәтижесі
Спорт • Бүгін, 10:55
Отандық әуежайларды жаңғырту мәселесі талқыланды
Қазақстан • Бүгін, 10:27
Өскемендік жастар жемқорлыққа қарсы акция өткізді
ANTIKOR • Бүгін, 10:17
Қазақстандық колледждерге WorldSkills стандартын енгізу ұсынылды
Білім • Бүгін, 10:02
16 сәуірге арналған ауа райы болжамы
Ауа райы • Бүгін, 09:40
Кореяда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған маркалар шығарылды
Әлем • Бүгін, 09:28
2177 адам коронавирустан жазылып шықты
Коронавирус • Бүгін, 09:22
ҰБТ тапсыруға өтінім қабылдау басталды
Білім • Бүгін, 09:18
Өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус анықталды
Коронавирус • Бүгін, 09:17
«Самұрық-Қазының» қоғаммен байланыс жөніндегі директоры тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 09:05
Қайта өңдеуді қаржыландыруға – 10 млрд теңге
Технология • Бүгін, 08:44
Аймақтар • Бүгін, 08:35
Қолөнерші әйелдер цифрлы сауданы меңгеруде
Технология • Бүгін, 08:34
Өнер • Бүгін, 08:32
Қанатымен су сепкен қарлығаштай...
Руханият • Бүгін, 08:28
Экономика • Бүгін, 08:24
Қоғам • Бүгін, 08:22
Карантин әртістерге жаңа мүмкіндік ашты
Театр • Бүгін, 08:21
Өнер • Бүгін, 08:19
Ұлт ұстазына қатысты жәдігерлер
Руханият • Бүгін, 08:18
Ақмолалық азаматтардың ақ ниеті
Қоғам • Бүгін, 08:10
Адамзат соғыстан гөрі инфекциядан көп зардап шекті
Коронавирус • Бүгін, 08:08
Аймақтар • Бүгін, 08:07
ХҚО қызметкерлері де қалыс қалмады
Аймақтар • Бүгін, 08:05
Вакцина да аласыз, көрме де тамашалайсыз
Коронавирус • Бүгін, 08:04
Жел генераторының жемісін көретін күн жақын ба?
Экономика • Бүгін, 08:02
Экономика • Бүгін, 08:00
Адам өмірінің әуедегі арашашылары (Медициналық авиация қызметіне – 10 жыл)
Оқиға • Бүгін, 07:59
Ишанбай Қарақұловты естен шығармайық
Руханият • Бүгін, 07:56
Ұқсас жаңалықтар