Руханият • 13 Тамыз, 2020

Әдепті әдемі ұстаз

774 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұстаз деген ұлағатты ұғымға шын лайықты жан­­дар­дың игі істерді үндемей жүріп тындыра­тынына талай куә болдық. Сондай жанның бірі – ғалым, филология ғылымдарының канди­да­ты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­­ситетінің оқытушысы, доцент Дәмегүл Баялиева.

Әдепті әдемі ұстаз

Журналистика факультетінде білім берген әр оқыту­шының өзін­дік қолтаңбасы, өз жолы мен бағын­дырған биігі бар. Алай­да солардың ішінде жан-жа­ғына әдемі жымиысымен жы­лылық шашып, әр студентін мейіріміне бөлеп жүретін Дә­мегүл апайдың орны ерекше. Ұлы Абайдың: «Адам­­ның адамшылдығы ең ал­ды­мен жақсы ұстаздан» деген сөзі бар. Осы тұрғыдан кел­генде мен ұстаздан жолы бол­ған шәкірттердің бірімін. Себебі Дәмегүл Сердәліқызы 2000-2005 жылдары бізге «Бас­пасөздегі ұлттық мәдениет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып мәсе­лелері», «Білім реформасы және баспасөз», «Қазақ баспа­сөзіндегі тіл мен стиль» деген арнайы пәндер бойын­ша дә­ріс оқыды, менің бакалавр және магистрлық дипломдық жұмыс­тарыма ғылыми жетекшілік етті. Дипломдық жұмыстың та­қырыбын бекітуден бас­тап, қорғауға дейінгі ара­лық­­та жетекшілік жасап қа­на қой­май, шын мәнісінде жа­на­шырлық танытқан ұста­зым­­ның табандылығы мен т­алапшылдығы талай нәрсеге үйретті. Ең алдымен, жауапкер­шілікке, тиянақтылық пен тәр­тіпке баулыды.

Қазіргі таңда журналистика саласында қандай да бір жетістікке қол жеткізсем, оған апайымның қос­қан үлесі зор. Өйткені, оқу бітірер жылы «Республикалық «Сақшы» газетіне тілші керек екен. Мен сені ұсындым. Барып көр. Қолыңнан келеді», деп сенім артып, арқамнан қағып шығарып салған сәті әлі күнге дейін көз алдымда.

Апайдың ел ертеңі, ұлт бо­лашағы, жастардың мүм­кіндігі туралы әр сөзі біздерге қуат бер­ді. «Өз мүмкін­дігіңді шың­­дай түсу керек» дегеннен жа­лықпай­тын ұстаздың жақсы­лық­қа толы кеңесі көңілге қашанда сенім ұялатады. Көйлегі де, кө­ңілі де тап-таза жүретін ұстаз­дың дәрісінен, өмірдің өзі­нен алынған әңгімесінен кейін жаның да, табиғатың да таза­рып қалатын. Өзіңді тау қопа­рып, тас жарып тастардай, ке­дергілерге қарамастан биікке еш қиын­дықсыз шығардай жеңіл сезі­нетінсің. Сөз­дің құдіреті, ұстаздың берік ұстанымы деген осы болар...

«Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және тіл, стиль мәселелері» оқу құралының авторы Дәме­гүл Сер­дәліқызы ұлттық құнды­лық­тарды ұлықтай жүріп біз­дерге қазақ баспасөзінің қыры мен сырын, мәні мен маңы­зын ұғындырды. Ұлттық құн­ды­лықтарды дәріптеген әр мақаланы назардан тыс қалдыр­мады. Дәріс шеңберінде шектелмей, қазақ қызына керек кеңесін де айтатын, ұлтқа қажет ұлағатты сөздерді де санаға сіңіріп отырды. Ең бастысы – ұстаз бізге ұлттық құндылықтарды мақтаныш ете білуді де үйретті.

Бойымыздағы тілге, стиль­дік талдауға деген жылт еткен шоқты көріп, оны өзінше жалынға айналдырған Дәмегүл апайдың табандылығына қарыз­дармыз. Мақа­ланы тақырыптық тұрғыдан талдап, жанрлық ерек­шелігін екшеу, журналистің тілдік табиғатын, стильдік өзге­шелігін сауатты сараптау – міне, осының барлығын бойға дарытқан ұстаз бізге ең бі­рінші «жазуға құрметпен қа­рау қажет» екенін ұқтырды. Қазақ журналистикасының ғы­лыми негізін қалауға атса­лысқан ұстаздың әр сөзінен қаза­қылық, әңгімесінен ұлтқа деген жанашырлық есіп тұратын. Қазақ баспасөзіндегі ұлттық құн­дылықты зерттей жүріп, санамызда көмескілене бастаған ғұрып пен салтты жаңғыртуға зор еңбек етті.

Үмбетбай аға Уайдиннің: «Әде­мі адам әдемі, әдепті адам әдеміден де әдемі» деген жақсы бір сөзі бар еді. Дәме­гүл апай есіме түскенде осы сөздер ойыма орала береді. Себебі, апай – шын мәнісінде әдепті әрі әдемі ұстаз. Ол кісіден білім алған алты жыл­да біреуге дауыс көте­ріп ұрыс­қанын, ашуға беріліп, артық сөз айтқанын көр­ген емеспін. Ұрыс­пай-ақ зиялылығымен ұял­татын. Кі­шіпейілдік таныт­са да есіртіп, даңдайсытып қоймайтын.

Апай бізге, әсіресе, қыздар қауымына санаға саңылау түсірер сүбелі сөзімен ғана емес, жүріс-тұрысы, киім кию үлгісімен де өнеге болды. Сабырлы қалпында баппен сөйлеп отырып-ақ тен­текті тезге салатын. Тә­лімі мол әңгімесімен жан­ның мысын басып, өзіне тәнті ететін. Сол себепті Дә­мегүл апай­дың жанында олпы-солпы жүруге ұялатынбыз, әр сөзімізді салмақтап сөйлеуге тырысатынбыз. Бойына киі­мін жарас­тырып қана киіп, жымиып қана күліп оты­рып дәрісін жүргізетін әдебінен ажырамаған апай өзге оқытушылардың ортасында осы қасиеттерімен көзге оттай ыстық көрінеді. Мінез сұлулығы мен келбет келіс­тігі де терең табиғатынан екенін ұқтық. Өз басым ұстазыма қатты еліктейтінмін. Білім-біліктілігіне ғана емес, әйел, ана, жар бейнесіндегі биіктігіне тамсана қа­рай­тынмын. Қа­зақ қызы, ұлттық намыс, ұлт­тық құн­­дылық туралы шынайы жанашырлықпен айтқан әр сөзі ұяттың дауысындай бо­лып естілетін. Ұлттың бола­ша­­ғын ең бірінші қыздың ар-ожда­нымен байланыстыратын апайдың: «Сендердің ер азаматтарға қарағанда арқалаған жүктерің салмақтырақ. Өйткені, жар ретінде шаңы­рағыңды шай­қалт­пау, журналист ретінде ұлттың жоқ-жітігін ұдайы тек­серіп тұру дейтін міндеттерің бар»,  де­ген сөзі әлі күнге дейін жа­дымызда жатталып қалған.

Әр студентке құрметпен қа­рауы – ұстаздың бізге әсер еткен басты өнегесі осы еді. Оқыту­шы ретінде алдында отырған әр студенттің бойындағы кемдікті емес, ең алдымен кеңдікті бай­қайтын, жылт еткен жақсы қа­сиеті болса соны жанып, одан сайын жарқырата түсуге тырысатын. Сөзі сынық, ісі түзік апайдың кісілік келбетіне тән тағы бір қымбат қыры – қара­пайымдылығы еді. Ал ұстаздық­тың таза табиғаты тек осындай адами қасиеттермен үйлесім табары анық.

Жетпіс дейтін мерейлі жасқа келген ұстазым – Дәмегүл Сер­дәліқызының шәкірттерінің тек ізгі істеріне куә болып, ғибратты ғұмыр кешуіне тілектеспін. Ұс­таз үшін бұдан артық еш құрмет қажет емес.

 

Бану ӘДІЛЖАНОВА

 

НҰР-СҰЛТАН