Саясат • 13 Тамыз, 2020

Орталық Азия-Жапония: Әріптестік жандана береді

489 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бейнеконференция форматында сыртқы істер министрлері «Орталық Азия + Жапония» диалогының кезектен тыс кеңесіне қатысты. Аталған алаң COVID-19 пандемиясына қарсы тұру аясында ерекше маңызға ие.

Орталық Азия-Жапония: Әріптестік жандана береді

Кеңес барысында тараптар пандемия­мен күрестегі тиімді өзара іс-қимыл мәсе­лелеріне ерекше назар аударып, оның өңір экономикасы үшін жағымсыз салдарын еңсеру және сыртқы экономикалық қыз­метті жандандыру мәселерін қарастырды. Сондай-ақ эпидемиялық жағдай, бір-біріне гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі өңірлік ынтымақтастық, азаматтарды шет елдерден қайтару мәселелері, сондай-ақ экономикалық ұтқырлық пен іскерлік белсенділікті қалпына келтіру перспективалары да талқыланды.

Қазақстандық тарап Жапония үкіметіне пандемияға қарсы күресте жан-жақты қолдау көрсеткені және біздің елдеріміздің санитарлық-эпидемиялық қызметтерінің озық тәжірибелерді енгізу бойынша өзара іс-қимылын нығайтуға және вакцина мен жаңа медициналық препараттарды әзірлеу мен ғылыми-практикалық көмек көрсетуге әзірлігі үшін ризашылығын білдірді.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары осы формат шеңберінде өзара сауда-экономикалық іс-қимылды қалпына келтіруге бағытталған практикалық күш-жігерді біріктіру туралы шешім қабылдады. Бұл аспектіде Жапонияның экономикалық және технологиялық әлеуеті қызығушылық тудырады, оны жалпы Орталық Азия экономикасын жаңғыртуда және бірлескен жобаларды іске асыру арқылы қолдануға болады. Кеңеске қатысушылар сыртқы саясат ведомстволары басшыларының келесі 8-ші кездесуі барысында Жапон бизнесінің қатысуымен сауда, инвестициялар және агроөнеркәсіптік кешен саласында нақты ұсынымдар әзірлеуге келісті.

Айта кетейік, «Орталық Азия + Жапо­ния» диалогы Жапонияның бастамасымен шақырылған. Алғашқы кездесу 2004 жылы Нұр-Сұлтанда өткен. Формат шеңберіндегі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – сая­си диалог, өңірішілік ынтымақтастықты дамыту, бизнесті көтермелеу, зияткерлік диалог, мәдени байланыстар. Диалог аясында сыртқы істер министрлерінің кезекті 8-ші кеңесін Токиода 2021 жылы өткізу жоспарланып отыр.