10 Сәуір, 2010

СЫРТҚЫ САЯСАТ САРАБДАЛДЫҒЫ

812 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақ елі тәуелсіздігін жариялап, Қазақстан Рес­пуб­ликасы мәртебесін алғанына бас-аяғы жиырма жыл­ға жуық уақыт өтіпті. Тарих өлшемімен қарасақ, бұл өте қысқа мерзім, солай бола тұра мемлекетіміздің әлем­дік саясаттағы игі бастамалары мен жаңашыл ба­тыл қадамдары қазақ даласы мен халқын дүние жүзіне танытқаны айдан анық. Әрине, осыншама шектеулі мерзімде және екі ғасыр тоғысындағы аса шиеленісті халықаралық жағдайда Қазақстан табыстарының баянды болуы бірінші кезекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал ішкі-сыртқы саясатына, түрлі бағыттарда батыл жүргізген реформаларына байланысты екені тағы анық. Ал осы тұжырымды пысықтау үшін егемен еліміз­дің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған көп қырлы саясаттың бастапқы кезеңіндегі халық­аралық қатынастар аясында атқарылған ұйымдасты­рушылық, саяси-бұқаралық шараларға ой салып көрелік. Халықаралық жүйедегі егемен саясатымыздың тарихы өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастау алады. Аталмыш кезең халықаралық қатынастарда аса күрделі болып, ол посткеңестік елдердің біршамасын қантөгісті қайғылы оқиғаларға ұшыратты. Жер шарындағы шамамен 80 жылдай бір-біріне қарама-қайшы тұрған әлеуметтік-саяси, әскери жүйе күйреді, бұл үдеріс соғыс қимылдарын жандандырды, КСРО мен оның саясатының құрығында болған “социалистік бағыт­тағы” елдер жүйесінің ыдырауы да Еуразия аймағын­дағы елдерге саяси-мемлекеттік жаңалықтар әкелді. Мұның барлығын тізіп баяндауымыздың негізгі түйіні – сол жылдары Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының іргетасы қаланды. Осындай қиын да күрделі, егемендіктің беташар шағында қазақстан­дықтардың болашағы үшін билік буыны, әсіресе, оның жетекшісі терең ойшылдық, парасаттылық пен шығармашылық таныта алды. Әлемнің қандай елі үшін де халықаралық қатынас­тары мен мемлекеттік сыртқы саясаты аса жауапты және күрделі сала болып табылады. Бұл тұрғыда мына мәселені ескерген жөн, яғни 1991 жылға дейін КСРО-ның сыртқы саясатының негізі тек Кремль билеушілерінің құзырында болды. 1991 жылдың желтоқсанында сайланған Президент келесі күні шетелдік және отандық БАҚ өкілдеріне арнап алғашқы баспасөз мәслихатын өткізіп, халық­аралық қатынастар ұстанымындағы бағдарламасын жария етті және ерекше екі мәселеге назар аударды: біріншісі, экономикалық реформаны батыл және же­дел қарқынмен жүргізу (жаңаша кадр саясаты, өндіріс саласындағы еңбек және технологиялық тәртіпті сақ­тау, қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою); екіншісі, дүниежүзілік мемлекетаралық қатынастардағы Қазақ­станның орны мен рөлін нығайту. Конференция бары­сында көтерілген сауалдарға жауап бере келе, Пре­зи­дент Қазақстанның сыртқы саясаты Еуропа мен Азия арасындағы көпір болуға бағытталатынын нықтап айтты. Ал тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатындағы тұңғыш шара 1991 жылдың 3 желтоқсанында өтті. Елбасы сол күні егемен еліміз тарихында тұңғыш рет өзінің резиденциясында Магдален Хофф басқарған Еуропар­ламент делегациясын қабылдады. Делегация басшысы Қазақстанның халықаралық қатынастардағы терең ойластырылған ұстанымын Еуропа елдері зор ынтамен қабылдағанын және еуропалықтар тез арада респуб­ликамен қатынастар орнатуға дайын екенін білдірді. Сыртқы саясат стратегиясын қалыптастырудың алғашқы шараларында еліміздің БҰҰ-мен және оның буындарымен байланысын орнатуға елеулі көңіл бө­лінді. Мысалы, 1991 жылдың 5 желтоқсанында Прези­дент ЮНЕСКО делегациясын қабылдап, бұл ұйым ұйғарымы негізінде Қазақстанда әлем баспасөз өкілде­рінің халықаралық семинарын өткізу туралы ұсынысы қолдау тапты. Егемендік алған посткеңестік мемле­кет­тер үшін өзекті мәселелерді талқылау нәтижесінде бола­шақта Қазақстан мен Орталық Азиядағы респуб­лика­лардың дүниежүзілік ақпарат жүйесіне енуі де жан-жақты талқыланып, өзара тиімді шешімдерге қол жеткізілді. Жаңа тұрпаттағы мемлекеттің сыртқы саясатының алғашқы қадамдары бұрынғы КСРО құрамындағы елдермен қарым-қатынасты сақтап, оған жаңаша дем беруге ұмтылысын көрсетті. Мемлекетіміздің бұл саладағы жаңашыл белсенділігі мен нақты шешімдеріне шетелдердің мемлекет басшылары ұдайы оң бағасын беріп келеді. Осы орайда Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­ты­ғының (ТМД) құрылуы мен жүйеленуі егемен тари­хы­мызда елеулі орынға ие, ал осы істі қолға алып, жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаетың рөлі зор болды. Бүгінгі тарих биігінен қарасақ, ТМД-ның Кеңестер Одағы құрамында болған республикалар халықтары үшін қай жағынан да тиімді екенін өмір ақиқаты дәлелдеп келеді. Алайда, Достастық қалыптастырудың әуелгі қадам­дарынан бастап посткеңестік мемлекеттер тарапынан осы ұйымға көзқарас әркелкі болғаны, ал Балтық бойы республикаларының ТМД қатарына енуден бірден-ақ бас тартқаны мәлім. Ал кейбір мемлекет басшылары ТМД-ны бұрынғы КСРО республикаларының мәдениетті түрде ажырасуы деп бағалап, байланыстарын уақытша үзбей, бүкілодақтық мүлікті ортақ келісіммен бөліп алуға ыңғайлы мүмкіндік екенін ашық аңғартты. Қазақстан Достастық құрамындағы мемлекеттермен қатынастарын бастапқы кезден әлем тәжірибесінде жинақталған шарттар аясында орнату мақсатын берік ұстанып, оны тиімді қолдана алды. Мұнда да ұлт көш­бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген сыртқы сая­са­тының ұтырлы тұстары өз жемісін берді деуіміз керек. Халықаралық саясат бір сәттік іс еместігіне әлемнің талай тарландарының көзі жеткен, тіпті жіберілген қателіктерінен “шынтағын тістеуге” мұршасы келмеген жағдайлар да кездескен. Тарих пен уақыт олардың әрқайсысына сүбелі бағасын берген. Ал Қазақстан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің әр даму сатысына сай іс-қимыл танытуының арқасында көптеген халықаралық форумдардың бастамашысы ғана емес, әлемдік деңгейдегі қарым-қатынастардың дем берушісі де болып үлгерді. Түйіп айтқанда, еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуының сан тарау жолдарын тиімділік арнасына бұрып келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлының сыртқы саясаттағы сан тарау ізденістерін де ұлтының қамын жеудегі баламасыз үлгі деп білемін. Нұртаза АБДОЛЛАЕВ, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.