Қоғам • 13 Тамыз, 2020

Ақмолалық диқандар алқапқа шықты

277 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жұмыр жердің жартысын жайлаған жаман тұмау көктемде өршіп-ақ тұрды. Жер сүмесімен игілігін үйіретін диқан қауымның көңілі күпті еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 31 наурыздағы мәлімдемесінен кейін диқан қауымның көкірегінде үміт оты тұтанып, бел буып, шаруа қамына кіріскен болатын.

Ақмолалық диқандар алқапқа шықты

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай көктемгі егіс науқаны үшін қосымша 100 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның үстіне Үкіметке жанар майдың на­рықтық бағасын 15 процентке арзандатып, 165 теңгеге дейін тө­мендету міндеті жүктелді. Бұл ауыл шаруашылығының шағын құрылымдары үшін өте көп көмек болатын.

Осы қамқорлықтың арқасында облыс­та 4905,9 мың гектар алқап­қа жаз­дық дақылдар тұқымы се­бі­ліп, күні бұ­рын межеленген жос­пар толығымен атқа­рылып шық­ты. Негізгі азық-түлік да­қылы – жаз­дық бидай 3698 мың гектар ал­қапты құрайды. Іріктелген арпа тұқы­мы – 651,6 мың гектарға, сұлы – 60 мың гек­тар алқапқа себілді. Сондай-ақ тары, қарақұмық, но­қат, бұршақ, майбұршақ және жасамық дақылдары да егілді. Бір айта кетерлігі, облыс диқандары егін­ші­лік­ті әртараптандыруды берік дәстүрге ай­налдырып, 4447,1 мың гектар алқапта бұршақ да­қылдарын өсіріп отыр. Бұл – был­­тырғы көлемнен біршама артық көр­сеткіш. Оның үстіне егін­ші­лер 239,1 мың гектар майлы да­қылдардан, 442,6 мың гек­тар мал азығын өскіндерден, 16 мың гек­тар картоп пен 3500 гектар көк­өніс ал­қаптарынан өнім жинауға кірісіп кетті.

Биылғы жаз диқан қауымы үшін қырын қабақ танытты. Жаз бойы Ақмола өңірінде бұрын-соңды болмаған аптап ыстық тұрып алды. Кейбір аудандарда ыл­ғал да аз түсті. Негізінде бұл өңір тәуекелді сипаттағы аймақ екендігін әркім біледі. Дәтке қуаты күзгі жер жыртудан бас­тап, оны қапысыз өңдеудің тех­нологиялық жиынтығы сақталуы­ның арқасында ырыздықтан үміт бар. Үстіміздегі жылы ылғал­ сақтау, топырақтың құнарын жоғалтып алмау шаралары бі­рінші кезекте тұрды. Әйтеуір, осы талпыныстың игі әсері тигендігін де екпін түсіріп айта кеткен жөн. Кәнігі диқандардың айтуына қа­рағанда, биыл егістікті кеш аяқ­та­ған диқандар бармағын тістеп отырғанға ұқсайды. Кешігудің өзіндік себебі бар, шағын шаруа­шылықтарда қауқар аз. Сол себеп­ті науқандық жұмыстарды уақы­тылы атқара алмай отыр. Әлі күнге дейін көктемгі егіс жұмысын ерте бітіргендерге еккізіп, күзде екінші біреулерді жалдап, орғызып аламыз деп үміттенетіндер де бар. Оның үстіне машина-трактор паркін жаңалауда да олқылықтар аз емес. Біз бұл туралы ел газеті – «Еге­менде» жазған болатынбыз. Бірақ әлі де сол көріністің оңалмай тұрғандығы анық.

Жалпы, мониторингтік тал­дау бойынша дәл қазіргі уақыт­та 2791,2 мың гектар дәнді­ және бұршақ дақылдары алқап­тары­ның 62,8 проценті жақсы деп бағалануда. Ал 1533 мың гектар алқаптың жағдайы қана­ғатта­нар­лық деңгейде ғана. Майлы дақыл­дардың 61,3 про­цен­ті жақсы болса, қалғаны қана­ғат­танарлық. Сөз реті келгенде, Атбасар және Жақ­сы аудандарында бұрын-соңды болмаған оқиға орын алды. Жаз ай­ларында ақбөкен табындары 16 мың гек­тарға жуық егістік алқа­бын таптап кетті. Бұл да айтар­лықтай шығын.

Жоғарыда егінге күтім жасау және сүдігер жерлерді өңдеуге ба­рынша көңіл бөлінгендігін айт­қан болатынбыз. Енді осы сөзі­мізді тірілте кетейік. Мәселен, 3,8 миллион гектарды химиялық өң­деу жоспарланса, бұл жұмыс 102,3 процентке орындалды. Қос­жарнақтыларға қарсы 2,5 миллион гектар, арамшөптерге қарсы 1,3 миллион гектар алқап химиялық тәсілмен өңделді. Зиянкестермен күреске бюджетке 49,9 миллион теңге қаржы бөлінді. Сол қар­жы­ның арқасында шегірткеге қарсы шаралар толық жүзеге асырылды. Республикалық бюджет есебінен 10,4 мың гектар алқап италиялық прусқа қарсы дәрілермен залалсыздандырылды.

Қазіргі таңда облыс шаруашы­лық­тары сүдігер жерлерді өң­деуде қажырлылық танытуда. Үсті­міздегі жылдың 4 тамызына дейінгі дерек бойынша 758,7 мың гектар алқап агротехникалық шаралармен толық қамтылған. Бұл былтырғы көлемнен 37,1 мың гектарға артық. Сонымен қатар 777,6 гектар алқап екінші ізбен, ал, 754,4 мың гектар алқап үшінші ізбен өңделіп, бұл орайдағы жос­пар асыра орындалды. Үсті­міз­дегі жылы жергілікті тауар өнді­рушілер 61,3 мың тонна ми­нералды тыңайтқыш сатып алуға келісім-шарт жасалған. Тыңайт­қыштың 52,3 мың тоннасы 1300 гектар алқапқа сіңірілді. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда.

Мемлекет тарапынан мық­тап­ қамқорлық көрсетіліп отыр­ған­ын екпін түсіріп айту­ға әбден болады. Мәселен, ағым­дағы жылы тыңайтқышты суб­си­диялауға – 4,1 мың миллиард теңге, тұқымға 659,2 миллион тең­ге бөлініп, толық игерілді. Жер­ сүмесімен күнелтетін диқан қауы­мы үшін орасан зор көмек екен­дігі әбден түсінікті. Әйтсе де қар­жы тапшылығы 149,1 миллион теңге көлемінде сақталып отыр­ғанын да сыналап айта кетуіміз керек. Пестицидтерді субсидиялау бағдарламасы талап деңгейінде. Бұл мақсатқа 8,8 миллиард теңге бөлініп, ай сайынғы бекітілген кесте бойынша жеткізілуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы осы шаруаға қатысты 3780 өтінімді мақұлдап отыр.

Там-тұмдап болса да жаңа техника алынып жатыр. Биылғы жылдың егін орағына 8100 астық комбайны қатысады. Мұның 3660-ы жоғары өнімді заманауи тех­ника, ал қалғандары жамап-жас­қап, әйтеуір кәдеге жаратып жат­қан дүние. Дегенмен басқарма бас­шылары техника жүз процент дайын деп сендіріп отыр. Об­лыс­та соңғы үш жылда 929 ком­байн, бір мыңнан астам трактор, 269 дана егіс кешені сатылып алын­ды. Егер көктемгі және күзгі нау­қан қас-қағым сәтте өте шыға­тын­дығын ескерсек, ма­шина-трак­тор паркін әлі де жа­ңарта түсуі­міз керек. Сонда ғана көк­темгі егісті кешіктірмей, орақ нау­қанын Арқаның қара жауынына іліктірмей, тап-тұйнақтай етіп аяқтай алар едік.

Күзгі дала жұмыстарына 74,7 мың тонна дизель отыны, 4,4 мың тонна дизель майы және 6,8 мың тонна бензин қажет. Об­лыс­қа 73 мың тонна дизель отыны­ның кепілдендірілген көлемі бө­лінді. Павлодар және Шымкент мұ­най өнімдері зауыттарынан тамыз, қыркүйек, қазан айларына бе­кі­тіл­ген кесте бойынша жеткізіліп отырылады.

Зор еңбекпен жиналған алтын астықты сақтау да айрықша ма­­ңызды. Үстіміздегі жылы ас­тық­ты қабылдауға арнайы лицен­зия­­ланған 66 кәсіпорын жұмыл­дырылмақ. Жалпы сақтау сыйым­дылығы 4,1 миллион тоннаны құ­райды. Бұл тарапта облыс респуб­ли­калық көрсеткіштің алдыңғы са­­пында тұр. Тәулігіне 100 тон­на­дан астам астық кептіруге мүм­кіндігі жететін 240 кептіргіш да­йындалған. Ендігісі осы қуатты тиімді пайдалану.

 

Ақмола облысы