Аймақтар • 13 Тамыз, 2020

Қызылорда облысында күзгі егін жинау науқанына дайындық барысы пысықталды

407 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова күзгі егін жинау жұмыстарына дайындық мәселесі бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сейілбек Нұрымбетовты қабылдады. Қабылдауда сала басшысы қазіргі уақытта облыстағы күзгі егін жинау жұмыстарының барысы мен атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Бұл туралы Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қызылорда облысында күзгі егін жинау науқанына дайындық барысы пысықталды

Кездесу барысында Сейілбек Нұрымбетов биылғы жылы облыс бойынша нақты егілген егіс көлемі мен жағдайы, әртараптандыру бағытында атқарылған жұмыстар мен ерте егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау бойынша жұмыстарға тоқталып, егін жинауға қатысатын ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы мен жанар-жағар маймен қамтамасыз етілуі туралы айтып өтті.

Егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында өңірде алғаш рет перспективалы дақылдар қант құмайы 70 гектарға, соя 240 гектарға, жүгері дақылы 1 667 гектарға дейін жеткізіліп, ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы богарлы жерлерге 80 гектар күздік бидай дақылы егілді. Сонымен бірге, 60 гектар жерге азық-түлік маңызы бар жеміс- жидектер мен жүзімдіктер егілді.

Егіншілік саласын мемлекеттік қолдауға биылғы жылы барлығы 4,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Ал, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 2,3 млрд. теңге субсидия төленіп отыр.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сала басшысына егін жинау жұмыстарына қатысатын техникалардың толыққанды болуын және күрішке алғашқы орақ салуды тамыз айының 25-нен бастауды және егін жинау науқанын 15 қазанға дейін толық аяқтауды тапсырды.

Қабылдау соңында Сейілбек Нұрымбетов Сыр дихандарының болжамына сәйкес, биылғы жылы егілген ақ күріштің әр гектарынан 50-55 центнерден өнім алу жоспарланып отырғандығын баяндады.