Қостанай облысындағы Қалам-Қарасу ауылының әкімі әйел ұрып, оның ісі сотта қаралды. Бұл туралы Nur.kz хабарлады.
Жанна Ерекина ауыл әкімдігі ғимараты алдында құлап жатқан билбордты суретке түсіреді. Дәл осы сәтте ауыл әкімі Қанатбай Тұрмағамбетов Жаннаны кабинетіне шақырып алып, «әлгі құлаған билбордты газетке бергің келді ме?» деп сұрақтың астына алған екен. Одан кейінгі оқиға әкімшілік істе былай жазылған: «Ауыл әкімі әйелді тұншықтырып, кеуде тұсынан бірнеше рет ұрып, түкіріп жіберген». Ал сарапшылар жасаған қорытындыда әйелдің миы шайқалғаны, әртүрлі дене жарақатын алғаны жазылыпты.
Жәбірленуші Ж. Ерекина куәгерлердің бастапқы пікірінен айнып қалғанын айтады. Оның үстіне Жангелдин аудандық соты ауыл әкіміне қатысты істі қысқартып жіберген.Арада көп ұзамай Ж. Ерекина облыстық сотқа шағым түсірді. Істі қараған судья ауыл әкімін кінәлі деп тауып, айыппұл салды.
Бақытбек Кенешұлы.