Әдебиет • 14 Тамыз, 2020

Бәрімізге бір самғау қажет еді...

381 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бауыржан Үсенов есімі өлең дүниесінде көркемдік пен тазалық, серілік пен бекзаттық мысалымен қалды. Сексенінші жылдары әдебиетке келген тегеурінді буынның топ басынан көрініп, алқа ішінде айшықты боп, достық пен жастық гүлзарында сұлу әнімен, сыршыл жырымен сүйкімі артқан ақын тірі болғанда осы күндері алпыстың асқарына да шығар еді. Небәрі отыз бір жыл ғұмыр кешіп, қысқа ғұмырында көңіл қырқасын гүлге орап, ой құбыласында оттай жанып жыры да қалыпты. Тамызда туған ақынның тамылжытып салған әні, толғантып жазған жыры тұстастарының да, кейінгі жас буынның да ортасынан елеулі бір күйде естіліп жатады. Ақынның алпыс жылдығы алдында топтама өлеңдерін ұсынуды жөн көрдік.

Редакциядан

 

Бәрімізге бір самғау қажет еді...

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ

Самғау

Менің ұшқым келеді биік-биік,

Бұлттарменен тигізсем иыққа иық

Содан кейін түйіліп төмен қарай,

Жыр нөсерін жіберсем құйып, құйып.

 

Су-су болып жүгірсе жайраң қағып,

Қара өлеңді сағынған қайран халық.

Таңдай қағып, сан соғып, шапалақтап,

Думан қалып жайына, сайран қалып.

 

Шамаң жетсе ұшқанға не жетеді,

Бәрімізге бір самғау қажет еді.

Ұшам десең, қылтиған қанатыңа,

Сөзі өтеді біреудің, көзі өтеді.

 

Шамам жетсе ұшар ем айдан әрі.

Мүмкіндік бар шолуға айналаны.

Ең жақсысы ол жақта естілмейді,

Ұша алмайтын «жандардың»

байбаламы.

 

Өлең-мені биікке жалғап өт сен,

Өз обалым өзіме шаңға бөксем.

Армансыз-ақ өтер ем, әз халықтың,

Аспанынан бір рет самғап өтсем…

 

Жапырақ жайлы бір өлең

Кеше ғана биікте ең,

Бүгін жатсың табанда.

Жапырақ-ау, жағдайың тимеді

оңай маған да!

 

Құлағанды биіктен

Кім сыйлайды бұл күнде?

Қансыраған жүректей жерде

жатып бүлкілде.

О, бүлкілде, бүлкілде,

Шірігенше бір тынба.

Ағаш сені не қылсын,

қабығы бар сыртында.

 

Бұтақ сені неғылсын,

тамырлар бар нәр берер,

Қыстай қатып,

Көктемгі жылылықпен әлденер.

 

Жапырақ-ау, жапырақ,

Сары аурудай сарғайған,

Ғұмыр дейтін –

мәңгілік таусылмайтын қан майдан.

 

Құладым деп қамықпа,

Өлдім ғой деп түңілме,

Терегіңнен серейген дің де

қалмас түбінде.

 

Алты ай бойғы армансыз

Ғұмырыңа тәубе де,

Сені таптап жүргендер

түсе берсін әуреге…

 

Музаға сыр

Бозбала – өзі хан, өзі бай,

Бақыттан жайнаған көзі де.

Енесін іздеген қозыдай,

Емініп ұмтылды өзіңе.

 

Жаза алмай шекесін көмді тер,

Жия алмай ойларын шашылған.

Мейірім іздеп жүр сергітер,

Самал боп сипашы басымнан.

 

Құлын ем босаған желіден,

Құлдырап жүгірген қыратта.

Айырылмас дос болған сенімен

Сезімтал жанымды жылатпа.

 

Өзің ем мұңымды шағатын.

Қуансам өзіңе ұшқан ем.

Бекімей жатса да қанатым,

Қырандар көретін түс көрем.

 

Жастықтың қайғысыз күндерін,

Деген ем жазамын тасқа өріп.

Әйтсе де, көзімде тұр менің

Бір өлең мөп-мөлдір жас болып.

 

Сезімді оятқан гүл едің,

Күбірлеп айтатын сан дастан,

Сен маған көрінбей шынымен,

Өстің бе шыңдарға қар басқан?

 

О, муза, демі өрт, қыз ерін,

Мәжнүн қып өмірден өтпе сен.

Мен сенің гүліңді үземін,

Тек өзім үзіліп кетпесем.

 

Бүйрек туралы жыр

Бір өксік алқымыма кеп тұрады,

Шулайды көңілімнің көк құрағы.

Бұйығып бүйірімде бүлкілдеген

Бүйрегім түбі мені жеп тынады.

Бұл жағдай айқын болды атқан таңдай,

Жүрсем де тірлік кешіп саптан қалмай.

Қараймын болашаққа күдікпенен,

Алдымда күтіп жатқан қақпан бардай.

Демі өрт, жүзі жарқын, ұраны әсем,

Жиырма бес, жолықтың ба жыраға сен?

«Кеп қалса», қиналғанша, көнер едім,

Кетеді-ау тағдырыма бірақ есем.

 

Қасқырдың үйіріндей қоршап қайғы,

Құралай үміт менен алшақтайды.

Қазы жеп, қымыз ішер қыр қазағы

Қалайша сүт көжемен жан сақтайды?

 

Бүйректен бөлінген у басқа шауып,

Шаба алмай, қан қақсайды қасқа шабыт.

Мезгілсіз тасырқады өлеңім де

Кезінде сынайтұғын тасқа салып.

 

Жарасар жастық шақта бәрі дедік,

Бірқатар дос-дұшпанға мәлім едік.

Жүйкемді көп жұқартты емшілер де,

Қырығы қырық түрлі дәрі беріп.

 

Төгуші ем той-думанда таңдайдан ән,

Білтесі бітетұғын шамдай жанам.

Елемей өткізіп ап жылым дертті,

Шыбықша қурағаның қандай жаман?!

 

Әйтеуір, бір келеді қаза деген.

Кетеді, соны ойласам, маза менен.

Әйтсе де, мойынсұнбай,

Қаламсабым

Қолымнан түскенінше жаза берем.

 

Бас та өлең, бауыр да өлең, бүйрек те өлең,

Ақынды ажалың да күйретпеген.

Кеудемде жүрек-бұлбұл шыр-шыр етіп,

Көшімді Күншығысқа сүйреп келем.