Бізге дәл қазір қоғамдағы алыпқашпа әңгімелерден туған кері эмоциялық сілкіністерден арылу қажет. Ғылыми тілмен астарласақ, катарсис, яғни іштей тазаруымыз шарт. Ми далада мина басып кетердей әр адымын аңдап басқан солдаттай адамзат. Сөзге ілесіп екіленген, айтаққа еріп долыған, қатыбас хабарлардың әсерінен дүрліккен дүние атаулы психологиялық соққы алуда. Жаман індет өз алдына, жаман жаңалықтардан. Тоқ малды қамшы астына алып айдап қусаң, алқынып, үркіп-шошып, аласұратыны бар. Тіпті артынан жайсыз күйге түсіп, жінігіп ауырады. Қала берді арпалысып, булығып қара терге түседі сосын. Сол секілді желіде желдей ұйытқыған жаман хабарлар сау адамның өзін бойынан жаны шығардай шошытып, жүрегі жарылардай күйге түсіруде. Дені сау, жаны бүтін жаратылыс иесінің зәресі ұшқан қазір. Басында көзіне де ілмеп еді, ал қазір қорқыныштан құтыла алмауда.
Медицина «пневмония» деп айдар таққан ауруды ауылдағы жұрт байырғы баба дәстүріне салып «жаманға» балайды. Коронавирус дей қалсаң, «атама атыөшкірді» деп алдыңды орайды келіп. Күлесің де қоясың. Баяғыда қазақ қойына қырғидай тие ме деп қасқырды атымен атамай, «малға ит-құс шапты» деп арыдан сөйлейтін еді. Осы бір ырысты ырымға жорта қарасаңыз, үлкен өнегенің ұшығы көрінетіндей. Үлкендердің «жамандық шақырмай отыр» деген тәлімді тіркесі көп нәрседен хабар беретіндей ме, қалай өзі? Бұғанасы қатқан бұл ғұрыптың астарында алып мән бар. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін мөп-мөлдір пәлсапаны тілге тиек етсек дейміз. Алыста жүрген індетті менмұндалап шақыратын ағайынның аузына қақпақ бола алмаспыз, тек бір тыйып қоюға тіксіне ұмтылып отырмыз. Рас, үрейі үдеген қаймананың қайсысына басу айтасың, жақынынан айырылған халықтың қайсыбіріне көңіл айтасың. Айтқанның өзінде де мұндай жағдайда жүрек жіби қоя ма? Қарақазан өкпесін қайда төгерін білмей отырған қарашаға қазір керегі жақсы ойлауды меңгеру секілді.
Әйгілі Ибн Синаның әдепті сөздерінің біріне көз жүгіртейікші. Ғұламаның мың жыл бұрын айтқаны әлі де санаңа сәуле құяды. Данышпан дәрігер сырқаты меңдеген науқасқа: «Біз үшеуміз: сіз және мен, сіздің сырқатыңыз. Кімнің жағына шықсаңыз, сол жеңеді» дейді. Алдына қайта-қайта келген әлсіз адамға рухын көтермесе, ажалдың апанына түсетінін меңзейді ақылман. Емі жоқ індетке иіле қалсаңыз, өне бойыңызды билеп алар пәрменге ие. Дәрігер пейілі дәнекер. Сондықтан жаумен жалғыз күресуден басқа амал жоқ. Маңайымыз толған мазасыздық. Дүрліккен дүние бүгін-ертең тыншымайтыны даусыз. Үміт қай жерде де бар. Бұл ізсіз індет ізім-қайым жоғалу үшін алдымен сенімге сүйеніп, сосын ережеге бағыну міндет.
Ереже дегеннен шығады, «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей мемлекет сызып берген карантиндегі ережеге бағыну ертеңгі өміріңіздің кепілі іспетті. Мейлі, ол жоспарыңыздың күл-талқанын шығарса да. Сол арқылы өзіңізді ғана емес, өзгенің де өмірін сақтап қаласыз. Қалай дейсіз ғой? Үкімет бекіткен қағиданы өзек ете отырып, кешегі болған оқиғаға тұз сепсек. «Сіз неге түшкіресіз? Әлгі «жаманнан» емес пе, әрірек отырыңызшы» дейді бетперделі жолаушы сасқалақтап. Мұрнына құжынаған шіркейдің бірі кіріп кетіп, беталды түшкіретіндей өрісте жүрген жоқпыз ғой. Мұныкі дұрыс дейміз, біз арыда отырып ауыз жыбырлатып. Сырқат екенін іші сезсе де сыр бергісі келмеген кісі: «жазда аллергиям қозатын еді», деп өз өтірігіне өзі иланғандай, алаңсыз отыра берді. Міне, біздің қоғамдағы күй осы. Біреуге қам уайым, біреуге жан уайым дегендей. Осындай да жазушы Тұрсынжан Шапай не деуші еді? «Өтірік пен Түшкіріктің құрамындағы «ірік» деген сөзге назар аудардыңыз ба? «Ірік!» – «тоқтат!» деген ескертпе. «Әйтпесе, жаман болады» деп сақтандыру. Өкінішке қарай, қазіргі жұрт екеуін де іркуге құлықсыз... Екеуі де мірдің оғындай – адамның ең әлсіз жеріне тура барып, дөп тиеді» дейді қаламгер. Көңілге қонатын көрікті пайым. Енді бұған көпшілікті иландыру қажет.
Кейде ойлайсыз, осы қазақты құртатын «онда тұрған не бар?» деген лепірме лепес-ау. Бізде қазір қаперсіздік басым. Құдды әлемді нағашыларымыз билеп тұрғандай, жалған намыстың жетегіне еріп дандайсимыз. Желіде отырып жақынымызды шошытамыз. Халық індеттен емес, қаптаған қаралы хабардан қажығандай. Қазақтың тартпасы бос, шылбыры шұбалаңқы. Күпінсе найзағай ойнайды, кеуде қақса кереге сықырлайды. Бұқараның салғырттығын сынап, биліктің «бес» қатесін түзегеннен «пайда» қайсы? Үйдегі ошағыңыз – Отанның бір қантамыры. Ошағы бүтін ұлттың оты сөнбейді. «Сіз неге түшкіресіз?». Осыған ойландыңыз ба?